Ақтөбе облысында учаскелік полицей қарт ананы балаларымен қауыштырды, — деп хабарлайды Aikyn.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Ақтөбе облысы Қарғалы ауданының Қосестек ауылында қызмет ететін учаскелік полиция инспекторы Айболат Бекнияздың адалдығы мен қайырымдылығын жергілікті халық жақсы біледі. Ауылдағы әрбір тұрғынды білетін полиция майорын ауылға көшіп келген сырқат қарияның жағдайы қатты алаңдатқан.
72 жастағы Людмила Скрипниктің ешбір жақыны, өзімен бірге ешбір құжаты болмаған. Құжаттарын қандай жағдайда жоғалтқанын да қария есіне түсіре алмаған.
Учаскелік полиция инспекторы Айболат Бекнияз қарт әйелдің құжаттарын рәсімдеуге көмектесу үшін жан-жаққа сұрау жібере бастаған. Алғашында ешбір нәтиже бермегенімен, кейін мұрағаттан 30 жылдан астам уақыт бұрынғы құжатты тапқан.
Құжатта Людмила Скрипниктің 3 баласы (1 ұл, 2 қыз) бар болғанын біліп, қатты қуанған полицей тынбай іздену арқылы олардың бірін іздеп тауып, хабарласқан.
— Телефон тұтқасын көтерген әйел адамнан “Людмила Скрипникті танисыз ба?” деп сұрағанымда ол қатты толқып кетті. Ол өзінің көп жыл бұрын жоғалтқан анасы екенін айтты. Мән-жайды түсіндіріп бердім. Ол қарияның 3 баласы да аман-сау, өз отбасыларымен Павлодар қаласында тұрып жатқанын, анасын көп жылдан бері іздеп жүргенін айтты. Қызы анасымен дереу сөйлестіруді өтінді, - дейді Айболат Бекнияз.
Қатты қуанған полицей қарияның үйіне барып, сырқат кейуананы жүрек тебірентерлік хабарға алдын ала дайындап, бейнебайланыс арқылы балаларымен сөйлестірген.
Перзенттері полицейден құжатсыз анасын қасына әкелуге көмектесуді сұраған. Балаларына жүрегі алып ұшса да, алыс жолға денсаулығының жарамайтынына алаңдаған учаскелік полиция инспекторы Айболат Бекнияз ауыл дәрігерімен бірге қарияны бір айдай емдеген. Сәуір айында полицей денсаулығы реттелген Людмила Скрипникті таксиге отырғызып, Павлодарға қарай жөнелткен.
Бүгінде балаларымен бір дастархан басында қауышып, немерелер ортасында мәре-сәре болған қария Айболатқа алғысын жаудырды.
— Менің қайғыма бейжай қарамай, көмек қолын созған жалғыз адам Айболат болды. Соңына дейін бірге болып, балаларымды тауып берген Айболатқа алғысым шексіз. Осындай мейірімді жандар көбейе берсе екен, — дейді қария.
Балалары да анасымен қауыштырған, кең жүректі учаскелік инспекторға қайта-қайта қоңырау шалып, қонақ болуға шақырып жатыр. Анықталғандай, осыдан отыз жыл бұрын Людмила Скрипниктің басына ауыр іс түсіп, балаларынан ажыраған. Үш баласы алыс туыстарының үйінде тәрбиеленген. Кейін сырқаттанған анасы басқа елде өмір сүріп, перзенттерін есіне түсіре алмағандықтан, іздеп таба алмаған.
— Жалғызбасты қарияның отбасы табылғанына өзім де қатты қуандым. Тағдыр талқысына түсіп, талай қиындық көрсе де сынбаған, бүгінде бір-бір отбасы болып отырған қайсар, мейірімді балаларын көріп қатты риза болдым, — дейді Қосестек ауылының учаскелік инспекторы Айболат Мұратұлы.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
