Құмар ойынның қауіпті тұзағы

Лудоманиямен күрес бағытында біраз іс тындырылды. Тікелей Президенттің тапсырмасымен заңнама қайта қаралып, жауапкершілік жүгі ауырлады.

Бұған дейін Ұлттық құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға қатысты шектеулерді күшейтуді тапсырған-тын. Енді адамдар eGov mobile қосымшасында құмар ойындар мен бәс тігуге қатысуға өзіне өзі шектеу қоя алады. Бірақ тамыры тереңге кеткен, сананы меңдеген қоғамдық кеселмен күресті әлі де жетілдіре түсу – заман талабы.

Лудомания – бүгінгі қоғамды ішінен ірітетін, рухани тірегін шірітетін дерт. Осыдан екі жыл бұрын сарапшылар елдегі құмар ойынға тәуелді азаматтардың санын 350 мыңнан асады деп көрсетсе, бүгінде олардың қарасы жарты миллионнан асып жығылатыны жиі айтыла бастады. Айнал­дырған 20 миллион ғана халқы бар мемлекет үшін бұл – алаңдатарлық, тіпті үрей туғыз­арлық көрсеткіш. Мемлекет басшысы мән бергеннен кейін бұл мәселе мемлекеттік деңгейде, жүйелі түрде қарастырыла бастады. Құмар ойынның ақыры – отбасы шаңырағының күйреуі, қылмыстың белең алуы, азаматтардың қарыз құрдымына құлауы. Бұл – тек жеке адамның қасіреті емес, ұлттық қауіпсіздікке тікелей нұқсан келтіретін, ел болашағына балта шабатын, демографиялық һәм моральдық дағдарысқа бастайтын қауіпті құбылыс.

Бір басын шапса, орнына бірнешеуі өсіп шыға келетін аңыздағы аждаһаны елестететін бұл кесапатпен күресте құзырлы органдардың қол жеткізген ірі нәтижелерінің бірі 2024 жылмен байланысты. Сол жылдың 13 қаңтарында ІІМ мен ҰҚК «ірі онлайн-казино желісінің жолын кескенін» ақпарат құралдарына ресми жариялады. Әңгіме ел аумағына кеңінен таралған Loto Club атауы­мен белгілі ойын мекемелері мен терминал­дарының ауқымды желісі туралы болатын.

«Соңғы жылдары елде лудомания, құмар ойындарға патологиялық тәуелділік белең алды. Азартқа берілудің соңы әлеуметтік-материалдық құндылықтардың төмендеуіне, тіпті қылмыс жасауға түрткі болуы мүмкін. Ресми деректерге сәйкес, Қазақстанда құмар ойындарына салынған 350 мыңдай адам бар. Әрқайсысының орташа қарызы шамамен 10 млн теңгені құрайды. Ақша тігіп, тоқтай алмаудың сал­дары ерлі-зайыптылардың ажырасуына, құмар ойынға құныққандардың өзіне қол салуына әкеп соғады. Сондықтан бұл мәселе бүгінде өзекті және мемлекет назарында. Осыған орай 13 қаңтарда Бас прокуратураның үйлестіруімен ІІМ және ҰҚК лотерея клубтарының атымен жұмыс істейтін заңсыз онлайн-казинолардың ірі желісін жойды», – деп жазылған ІІМ-нің 2024 жылғы қаңтардағы хабарламасында.  

Ең ауқымды бірлескен арнайы опера­цияны жүргізуге Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 3 мың­нан астам қызметкері жұмылдырылды.

«Жедел әзірлеме орбитасында крими­налитет өкілдері де болды: олар ойын ме­ке­мелеріне қылмыстық ықпал еткен, қамқорлығына алған, сондай-ақ лото клуб қызметкерлері мен клиенттеріне қатысты қылмыстар жасаған. Заңсыз ойын қызметінен басқа, VIP-клиенттерге интимдік қызметтер ұсынылған. Жеңгетайлық және есірткі заттарын пайдалану фактілері тіркелді. Арнайы операция барысында полицияға 400-ден астам адам жеткізілді. Негізгі қылмыстық схеманы ұйымдастырған 8 адам, оның ішінде алыс және жақын шетел азаматтары ұсталды», – деді ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

Республика бойынша лото-клубтарға 570 тінту жүргізілді. 23 атыс қаруы, 247 млн теңге, 55 млн рубль, 125 мың доллар, компьютерлік техника, мобильді құрыл­ғылар, басқа да заттай дәлелдемелер тәр­кіленді. Жалпы саны 326 лото-клуб қызметі тоқтатылды. Өйткені олар клиенттеріне Қазақстан Республикасының заңымен тыйым салынған шетелдік онлайн-казино қызметтерін де көрсетіп келген. Тиісті серверлер анықталып, бұғатталды. 

«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында бір ғана өңірдің лото-клубтарының ай сай­ынғы жиынтық табысы орта есеппен 300 млн теңгені құрайтыны анықталды, елдің барлық өңірінде шамамен 6 млрд тең­гені құраған. Ақшаның 70%-дайы шетелге шығарылған. Ұйымдастыру­шылардың біреуінің ғана банктік шотына ай сайын шамамен 900 млн теңге түсіп тұрған. Тергеу ІІМ Тергеу департаменті Қылмыстық кодекстің бірнеше баптары бойынша жүргізіліп жатыр. Басқа мәліметтер жариялауға жатпайды», – деп мәлімдеді сонда ІІМ. 

Алайда оқиғаның соңы қоғам күткендей болмады. Ақпарат құралдары жазғандай, 2024 жылдың қыркүйегінде Ішкі істер министрлігі жарты жылдан астам уақытқа созылған тергеу барысында компания жұ­мысынан ешқандай заңсыздық таппа­ғанын мәлімдеді. Қылмыстық құрамның болмауына байланысты қылмыстық іс жабылды. 

Құмархана «антикафе» терісін жамылған ба?

Әрине, құмар ойындарға тағдырын байлағандардың қатары сиреген жоқ. Керісінше, уақыт өткен сайын қоғамдық індеттің ауқымы кеңейіп, тамыры тереңдей түскендей әсер қалдырады. Екі жыл бұрын жүргізілген соңғы әлеуметтік сауалнама деректеріне сүйенсек, қазақстандықтардың 3,8%-ы жүйелі түрде лотерея ойнаса, 3,9%-ы букмекерлік кеңселерде бәс тігеді екен. Бұл шамамен 800 мыңдай адам. 

Бұған қоса, былтыр «Еуразия бірінші арнасы» арнайы зерттеу жүргізіп, көптің көкейіндегі күмәнді сейілтпей, қайта үдете түскен деректерді жария етті: бұрынғы лото-клубтардың ғимараттарында «анти­кафе» атауымен жаңа нысандар ашылып, сол орындарда адамдардың қайтадан құмар ойындарға ақша тігіп жүргені анық­талған. 

Зерттеу барысында мұндай орындардың бір бөлігі «Лофт Парк» деп аталатын компанияға тиесілі екені белгілі болды. Ұйымның ресми сайтында оның «Қазақ­стандағы №1 антикафе желісі» екені, келу­шілерге қалаған ойын-сауық түрлерін ұсынатыны жазылған. Сонымен қатар «байланыс қызметіне ақы төлеу, электр­онды әмияндарды толықтыру, қолма-қол ақша алу» сынды қызметтерді көр­сететіні ашық айтылған. Сырт қарағанда, бұл – кәдімгі демалыс орны. Алайда ішкі маз­мұнына үңілген жанға оның астары күмән тудырады.

«2024 жылғы жаңа түзетулер лото-клубтардың жұмысына тосқауыл қойды. Әйткенмен, біз анықтағанымыздай, дәл сол ғимараттарда енді басқа атаумен жаңа мекемелер ашылып, адамдар құмар ойын­дарына ақша жұмсауды жалғастырып жатыр. Бүгінде Қазақстанның көптеген қаласында «антикафе» аталатын қоғамдық орындарды табуға болады. Арасында «Лофт Парк» желісі бір төбе. Тек Астананың өзін­де жиырма шақты филиалы бар, олар негізінен тұрғын үйлерде және бұрынғы лото-клубтарда орналасқан», – деді журналист Ілияс Рамазанов.

Басқарушы компания өкілдерімен байланыс орнату мүмкін болмаған соң, І.Рамазанов «Лофт Парктердің» біріне қарапайым клиент ретінде бас сұғады. Оның сипаттауынша, бұл антикафеде кәдімгі казиноға тән айла-тәсілдер қолда­нылған: іші көмескі жарық, уақыт ұғымынан айыратын тұйық кеңістік – таң ба, кеш пе, ажырату қиын. Залда терезе атаулы жоқ. Лото-клубтардан айырмашылығы – ойын түрлері өзгерген. Олардың саны бесеу ғана: барлығы лотереяға көбірек ұқсас.

Журналистердің сұрағына жауап берген «Сәтті Жұлдыз» өкілдері «лофтпарктер» қазақстандықтарда лудоманияның дамуына әсер етпейді деп санайтынын мәлімдеді. Сонымен бірге аталған антикафелердің ұлттық лотерея операторына тікелей қатысы жоғын атап өтті. Ал Қазақстанда құмар ойындары саласын реттеуге жауапты Туризм және спорт министрлігі бұл құбылыстан хабардар болып шықты. 

«Қазір республика бойынша «Лофт Парк» деп аталатын 200-ден көп мекеме жұмыс істейді. Олар компьютерлер арқылы электрондық тираждық лотереяларға қа­тысуы үшін клиенттеріне «Сәтті Жұлдыз» операторының сайтына кіруіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ оларда электрондық лездік лотереяға қатысу үшін лотерея операторының интернет-ресурсына қолже­тім­ділікті ұсынатын «Тиын» атты төлем ұйымы­ның терминалдары бар. Бұл тер­миналдардың нақты саны бізге белгісіз», – деп хабарлады министрлік. 

Ведомствоның түсіндіруінше, тираждық лотереялардың жүлде қоры антикафелерде тәулік бойы ойнатылады. Яғни, ойынқұмар адам үшін уақыт шектеуі жоқ: түн ортасында да, таң сәріде де еркін кіріп, тәуекелге бел буа алады. Ең бастысы, қалтасында қаржысы болса жеткілікті.

Шектеусіз лотерея бақылаусыз

Туризм және спорт министрлігі қалыптасқан олқылықтың орнын толтыруға талпынып жатыр. 2026 жылдың қаңтарында ведомство «Кейбір заңнамалық актілерге құқық бұзушылық профилактикасы мәсе­лелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын әзірлеп, оны қоғамдық тал­қы­лауға шығарды. Айта кетерлігі, соның ал­дында ғана Парламент «Кейбір заңнама­лық актілерге құқық бұзушылық профилак­тикасы және ҚР заңнамасының жекелеген салаларын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңын қабылдап, ол 2025 жылғы 30 желтоқ­санда өмірге жолдама алды. Онда да лотерея саласына қатысты түзетулер бар. 

Алайда оның 913-бабы тек «лотерея­ларды, құмар ойындарды және бәс тігуді өт­кізу ерекшеліктерін» реттейді, сондай-ақ операторды «ұтты деп танылатын адам­дарға ұтысты төлеуге» міндеттейді. Ал қоғамды алаңдатқан лудомания дертіне нақты тосқын қоятын шектеу немесе тыйым салу сипатындағы пәрменді тетіктер бұл құжатта көрініс таппаған.

Сондықтан министрлік жаңа заң жобасында әрбір адамға – бір қолға сатылатын лездік лотерея санын шектеуге бел буып отыр. Бұл неге маңызды? Туризм және спорт министрлігінің Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті басқарма­сының сарапшысы Әзиз Қазтұрғановтың түсіндіруінше, қолданыстағы «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» заңында бір қатысушыға сатуға болатын электрондық лездік лотерея билеттерінің шекті санын реттейтін норма жоқ. Мұндай жағдай бірқатар жөнсіздікке жол ашты. 

«Ең алдымен, шектен тыс қатысудың алдын алатын тетігі жоқ. Соның салдарынан, бұл түрлі проблеманың өршуіне, азаматтар­дың әлеуметтік мінез-құлқының өзгеруіне, соның ішінде лудоманияның дамуына ықпал етуі мүмкін. Электрондық лездік ло­тереялар ұтыс ойынының жоғары жыл­дам­дығымен, бұқараға қолжетімділігімен және қатысудың импульсивтілігімен ерек­шеленеді. Бұл бір қатысушының қысқа мерзімде билеттердің барынша көп санын бақылаусыз сатып алуы қаупін тудырады», – деді сарапшы. 

Шынында да, лотерея сату нүктелерінде қорғаныштық скретч-қабатты өшіре сала, ұтпағанын біліп, келесісін сатып алуға ұмтылған адамдарды кездестіруге болады. Сатушылардың айтуынша, олар жалақы алғанда, тіпті қолына кез келген ақша түс­кенде, осы пунктке жүгіреді: «Бүгін мен­ің бақытты күнім, ұтатын күнім!» деген үмітпен бар қаржысын сарқып бітпейінше тоқтай алмайды. Бұл – тәуелділіктің жанға батар көрінісі.

Сондықтан ведомствоның тұжырым­дау­ынша, лотереяларды өткізу қағида­ларында «белгілі бір уақыт кезеңінде бір адамға сатылуы мүмкін лездік лотерея билеттерінің санына қойылатын шектеу-лимит» белгіленуге тиіс. Бұл үшін заң жүз­інде Туризм және спорт министрлігіне тиісті құзыр берілуі қажет.  

Құжат қабылданар болса, онда қолданыстағы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 445-1-бабы лотерея билеттерін, электрондық лотерея билеттерін тарату және өткізу, лотерея терминалдарын орнату бойынша талаптарды лотерея опера­торының бұзуы бөлігінде жаңа 4-1 және 5-1-тармақтарымен толығады. Бұл талаптарды бұзғаны үшін «Сәтті Жұлдыз» жекеменшік компаниясы немесе оның агенттері жауапқа тартылатын болады.

Заң жобасында мұндай жағдайда жеке тұлғаларға – 100 АЕК (2026 жылы – 432 500 теңге), шағын кәсіпкерлік субъектілері­не – 300 АЕК (1 297 500 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 500 АЕК (2 162 500 теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 1 000 АЕК (4 325 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салу ұсынылған. Бірақ айыппұлдың ақырғы сомасын бекіту тек Парламенттің құзырында. Мұның сыртында тәжірибе көрсеткендей, Президент «басымдықты» деп жарияламаған заң жобаларының қабылдану кезеңі орта есеппен 1,5 жылдан асып жатады. Осыны ескерсек, бұл баста­маны талқылау кезеңі біразға ұзап, түпкілікті шешім тарих қойнауына кетіп бара жатқан Мәжіліс пен Сенатта емес, жаңа Құрыл­тайдың алаңында ғана пысықталатынға ұқсайды.

Елдос СЕНБАЙ