Аршалы ауданында жеңіл автокөлік Есіл өзеніне түсіп кетіп, күшті ағыс оны шамамен 500 метрге дейін ағызып алып кеткен, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Оқиға барысында жүргізуші дер кезінде әрекет етіп, көліктің салонынан шығып үлгерген. Ол су ортасында қалған автокөліктің шатырына шығып, құтқарушыларды күтуге мәжбүр болған.
– Хабар түскен бойда Аршалы ауданының әмбебап бөлімшесінің құтқарушылары жедел түрде оқиға орнына жетті. Құтқару операциясы қайықтың көмегімен жүргізіліп, мамандар ағыс ортасында қалған азаматқа жетіп, оны жағаға аман-есен эвакуациялады, – дейді Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Ерсайын Қойшыбаев.
Абырой болғанда, ер адамға медициналық көмек қажет болмаған. Құтқарушылар көктемгі кезеңде өзен-көлдердегі су деңгейінің көтерілуі мен ағыстың күшеюіне байланысты қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы
