Іс-шара Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында ұйымдастырылды.
Астанада 13 елдің студенті цифрлық дәуірдегі сын-қатердің шешімін іздеді
Фото: gov.kz
151
оқылды

13 мемлекеттен 90-нан астам студент International Legathon MaxUP 2026 II халықаралық заң саласындағы кейс-чемпионатына қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Болашақ құқығы» тақырыбындағы байқау Әзербайжан, Германия, Грузия, Канада, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Малайзия, Өзбекстан, Ресей, Румыния, Үндістан және Шри-Ланка жоғары оқу орындарының 23 командасын біріктірді. Жарыс барысында студенттер жаңа технологиялардың заң жүйесіне, құқық қағидаттарына, этика мен адам құқықтарына әсерін зерттеді.

 Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова өз сөзінде:

«MNU – жасанды интеллектіні заңдастырудың нормативтік құқықтық шеңбері туралы мәселені көтерген алғашқы университет. Ең қызығы, байқауға түрлі елдерден осы мәселелерді шешетін командалар көп жиналды. Қазақстанда жасанды интеллект туралы заң қабылданғаны белгілі. Осындай іс-шаралар есебінен біз қазіргі заңнамаға тағы бір рет қарап, заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді пысықтауға немесе жетілдіруге болатын жаңа нормаларды ала аламыз», – деді.

 Lex Fantastica  дебат форматындағы байқаудың бірінші кезеңі «Астана» халықаралық қаржы орталығының сотында ұйымдастырылды. Пікірсайыс барысында студенттер метағаламшарлардың меншік иелерінің жауапкершілігі мен оны нақты бір мемлекеттердің баламасы ретінде қарастыру, виртуалды активтерді реттеу және виртуалды болмыстың меншігін қорғау, сондай-ақ жасанды интеллект судьядан бас тарту мен виртуалды шындықта болу уақытын шектеудің заңдылығы туралы дәлелдер келтірді. Жарыстың ақтық кезеңі мен Гранд-финал MNU-да өтті.

Финалға қатысушылар автономды көлікті пайдалану, синтетикалық контент және экономикадағы жасанды интеллектіні реттейтін нормаларды әзірлеу бойынша өз идеяларын ұсынды. Төрешіліктің бейтараптығын сақтау үшін қатысушылар сөз сөйлеу барысында өз елі мен университетін танытқан жоқ.

Іс-шара ұйымдастырушылары университет профессорлары республиканың норма шығармашылық процесінде пайдалану үшін реттеушілік саясат құжаттары ретінде қатысушылардан жиналған барлық ұсыныстарды рәсімдейтінін атап өтті. Сайыс қорытындысы бойынша, орыс лигасында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (Қазақстан), Maqsut Narikbayev University (Қазақстан) және В.Ф.Яковлев атындағы Орал мемлекеттік заң университетінің (Ресей) командалары көш бастады, ал ағылшын лигасында үздік нәтижелерді Малайя университетінің (Малайзия), Румын-американ университетінің (Румыния) және Макгилл университетінің (Канада) студенттері көрсетті. Конкурстың жеңімпазы Малайзияның тұңғыш және ең беделді жоғары оқу орны – Малайя университетінің командасы атанды.

«Мұндай байқаулар әлем жастары үшін өте маңызды. Ұсынылған заң саласындағы кейс өте қызық болды. Бастапқыда бізде оның қаншалықты шынайы екеніне сенім болған жоқ, бірақ спикерлердің сөздерін тыңдай отырып, құқықтық жүйеге жасанды интеллект технологияларын енгізу кезінде бізге шынымен де жаңа реттеу тетіктері қажет болатыны туралы ойлана бастадық. Қазір құқықтық жүйелер көп жағдайда артта қалып отыр және жас ұрпаққа болашақ үшін инновациялық шешімдерді ұсынуға тура келеді», – деді Макгилл университетінің (Канада) студенті Эндрю Цзясин Чен.

Айта кетейік, International Legathon MaxUP алғаш рет 2025 жылы өткен болатын.