Бақшаңыздағы қызанақ пен қарбызға қызыл түс беретін пигменттің қа­терлі ісік қаупін төмендетуге көмектесетінін білесіз бе?
Обырдың алдын алуға арналған қоспа
220
оқылды

Екеуі де қара­пайым өнім болып көрінгенімен, оның құрамында адам ден­саулығы үшін аса маңызды табиғи компонент жатыр. Ликопин деп аталатын бұл пигмент бүгінде алматылық ғалымдардың зерттеу ны­санына айналған. «Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының» ғалымдары табиғи антиоксиданттар негізінде он­кологиялық аурулардың алдын алуға көмектесетін биологиялық қос­па әзірлеп жатыр. Мамандар бұл жобамен екі жылға жуық уақыттан бері айналысып келеді. 

Өнімнің басты ерекшелігі – оның табиғи құрамында. Белсенді қос­па­ның негізін каротиноидтар, дәрумендер мен органикалық қышқылдар секілді пай­далы элементтер құрайды. Одан бө­лек, табиғи антиоксиданттардың үлесі де жо­ғары. Осындай қасиеттеріне байла­ныс­ты ғалымдар оны жай ғана қоспа емес, ағ­заға пайдалы функционалды өнім ре­тін­де бағалап отыр. Институт ғалымдары біз­ге жобаның ғылыми жаңалығы мен өзек­тілігі туралы баяндап берді. 

– Қазір әзірленіп жатқан биологиялық бел­сенді қоспаның ғылыми жаңалығы бір­­неше бағытта көрінеді. Ғылыми жоба ая­­­сында отандық шикізат саналатын қы­занақ пен қарбыз негізінде ликопин алу тех­нологиясы ұсынылып, оны тұрақты фор­маға келтіру жолға қойылған. Лио­филь­ді және инфрақызыл кептіру әдістері ар­қылы биологиялық белсенді заттардың мак­сималды сақталуын қамтамасыз ете­тін технология әзірленді. Өнімнің агро­өнер­­кәсіпте де маңызы жоғары. Себебі ауыл шаруашылығында өндірілетін кө­кө­ніс және бақша өнімдерінің шамамен 40-50 пайызы әртүрлі себептермен өңдел­мей, далада немесе сақтау кезінде жоға­лады. Аталған технология мұндай шикі­зат­ты терең өңдеуге мүмкіндік береді, яғ­ни қалдықсыз өндіріс элементтерін енгізуге ықпал етеді. Нарықтағы басқа өнім­дермен салыстырсақ, бұл ББҚ табиғи отандық шикізаттан алынған, көп­ком­по­нент­ті антиоксиданттық кешенге ие, – деді техника ғылымдарының докторы, про­фессор, Ұлттық ғылым академия­сы­ның академигі Өрісбай Шоманов.

Ғалымдардың дәл лиофильді және инфрақызыл кептіру әдістеріне тоқталуы кез­дейсоқ емес. Әр технология өзіндік ар­­тықшылыққа ие. Мәселен, инфрақызыл кеп­тіру әдісі энергияны үнемдеуімен, жыл­­­дамдығымен және микробиологиялық тұрғыдан қауіпсіз өнім алуға мүмкіндік беруі­мен ерекшеленеді. Ең бастысы, өң­деу барысында өнімнің түсі, дәмі мен са­пасы айтарлықтай өзгермейді. Ал лио­фильді кептіру, керісінше, төмен темпера­тура­да жүргізіледі. Бұл термолабильді қо­сы­лыстарды, соның ішінде ликопинді сақ­тап қалуға көмектеседі. Осының нәти­же­сінде, өнімнің құрылымы бұзылмай, био­логиялық белсенділігі сақталады.

American Cancer Society жариялаған 2024 жылғы деректерге назар аударсақ, 2022 жылы әлемде шамамен 20 миллион жаңа қатерлі ісік жағдайы тіркелсе, 9,7 мил­лион адам осы дерттен көз жұмған. Сарап­шылардың болжамынша, қатерлі ісік­ке шалдығу көрсеткіші 2050 жылға қарай 35 миллионға жетуі мүмкін. 

Институт ғалымдарының айтуын­ша, қа­терлі ісікке қарсы пре­парат­тар әдетте әртүрлі тәсілмен, көбіне улы заттардан алынады. Ал олар пре­па­рат­ты көкөністен алуды жөн деп тапқан. Зерт­теу аясында мамандар препа­рат­тар­дың бірнеше түрін әзірлеп жатыр. Оның ішін­де профилактикалық әрі емдік мақ­сатта қолданылатын өнімдер бар. Мұндай қос­паларды күнделікті пайдалануға бола­ды. Әсіресе, оның балалардың ағзасын он­кологиялық аурулардан алдын алуға пай­дасы мол. 

– Қазір Қазақстан халқының ра­цио­нында каротиноидтар сияқты био­ло­гия­лық белсенді заттардың тапшылығы бай­­қалады. Бұл олардың жеткілікті мөл­шерде табиғи көкөніс пен жеміс-жидек тұ­тынбауының салдары. Қосымша маңыз­ды аспект – тағамдық мәдениеттің өз­геруі. Қалалық ортада өмір сүретін ха­лық­тың бір бөлігі тез дайындалатын, ка­ло­риясы жоғары, бірақ биологиялық бел­сенділігі төмен өнімдерді тұтынуға бейім. Бұл антиоксиданттық қорғау жүйе­сінің әлсіреуіне әкелуі ықтимал. Ликопин адам организмімен синтезделмейтін­дік­тен, оны тек тағам арқылы алу қажет. Сон­­дықтан рационды байыту немесе ББҚ қолдану – тағамдық заттардың тапшы­лығын өтеудің тиімді жолы саналады, – деді техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Гүлжан Жұмалиева.

Мамандардың сөзінше, әзірленіп жат­қан өнім әзірге сынақ ке­зеңін­де. Сондық­тан оның нақты қан­ша­лық­ты тиімді еке­нін анықтау үшін қосым­ша зерттеулер жүр­гізілмек. Қазір ғалымдар өнімді дайын­дау технологиясын жетіл­діріп, оны тағам құрамына енгізу бағы­тын­да жұмыс істеп келеді.

– Өнімді профилактикалық құрал ре­тінде қарастырудың ғылыми негізі лико­пин­нің антиоксиданттық қасиеттерімен тығыз байланысты. Ол еркін радикалдарды бейтараптандырып, жасушалардың за­қым­дануын төмендетеді және онкология­лық процестердің даму қаупін азайтады. Өнім­нің құрамы адамның тәуліктік ли­ко­пин қажеттілігін қамтамасыз етуге бағыт­талған. Бұл оны тамақ рационын толық­ты­ратын функционалды тағамдық өнім ретінде қарастыруға мүмкіндік береді, – деді «Қазақ қайта өңдеу және тағам өнер­кәсібі» ҒЗИ ғылыми қызметкері Анель Байзақова. 

Осыған дейін белсенді қоспаның қауіпсіздігі мен сапасы физико-химиялық, микробиологиялық және орга­нолептикалық көрсеткіштер бойын­ша бағаланған, сондай-ақ халықаралық және ұлттық стандарттарға сәйкес талдау­дан өткен. 

– Биологиялық белсенді қоспалар дәрі­лік препараттарға қарағанда міндетті түрде кең ауқымды клиникалық зерттеу­лерді талап етпейді. Жоғарыда атап өт­кені­міздей, әзірленіп жатқан өнімнің ғы­лыми негізін күшейту мақсатында док­линикалық және клиникалық зерт­теулер жүргізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Алайда мұндай зерттеулер үлкен шығынды, ұзақ уақыт пен заманауи жоғары технологиялық жабдықты қажет ете­тінін атап өткен жөн. Бірақ соған қара­мастан, өнімнің қауіпсіздігін дәлелдеу үшін қажетті зерттеулер мен сынақтарды толық көлемде жүргіземіз, – деді про­фес­сор Ө.Шоманов.

Қазір ғалымдар қоспаға патент алуды көздеп отыр. Егер жоба сәтті жүзеге асса, ол елімізде профилактика мәдениетін қа­лыптастыруға ықпал ететін өнімдердің бірі болмақ. 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы