Мұнай бағасынан бастап, тасымал мәселесі күрделене түскен жайы бар. Тасымал дегеннен шығады, соғыстың салқыны Каспий теңізіне де жетті. АҚШ және Израиль ұшақтары бірнеше рет Иранның Каспийдегі порттарына соққы жасады. Демек, парсылар еліне түрлі өнім, соның ішінде арпа-бидай жөнелтіп келген Қазақстан үшін бұл жағдай ойландыратын мәселеге айнала бастады деген сөз.
Ауыл шаруашылығы министрлігі деректеріне қарағанда, Қазақстанның Иранға экспорттаған бидайының көлемі соңғы бірнеше жылда біршама өсіпті. Айталық, 2023 жылы 86 мың тоннаны бидай жөнелтсек, 2024 жылы 1,1 млн тоннадан асыпты. 2025 жылы 1 млн тонна бидай Парсы еліне жеткізілген. 2026 жылдың қаңтар-наурыз айларында 31 мың тонна бидай экспортталыпты.
Күрежолдың машақаты
Ұлттық статистика бюросының деректеріне қарағанда, еліміз жылына орта есеппен 7-8 млн тонна көлемінде бидай экспорттайды. Қазақстан бидайын тұтынушылар тізімінің басында Өзбекстан тұр. Көрші мемлекет жылына 3-3,5 млн тонна көлемінде бидай алады. Екшіні орынға Тәжікстан жайғасып, шашамен жылына 1-1,5 млн тоннаға дейін бидайымызды сатып алады. Үшінші орынды Қытай иеленіп, бидайымызды импорттау көлемі 1 млн тоннадан асты. Ал төрттікті Иран түйіндейді. Кейінгі екі жылда Иранның Қазақстаннан импорттаған бидайының көлемі 1 млн тоннадан түскен емес. Ал биыл жағдай басқаша болатын сыңайлы.
Жылдың алғашқы тоқсаны аяқталды. Ал Қазақстанның Иранға экспорттаған бидайының көлемі көп емес. Аймақтағы әскери жанжал Қазақстанның бидай экспортын біршама уақыт тежеді. Еліміз ақпанның аяғы мен наурыз басында Иранға астық жөнелтуде екі аптаға жуық үзіліс жасауға мәжбүр болды. Кейін «Ақ Бидай терминалы» арқылы бидай жөнелттік. 2026 жылдың басынан бері терминал арқылы Иран нарығына 31 000 тонна қазақстандық астық жөнелтілді. Әдетте, бұл уақытта кемі 50-70 мың тонна көлемінде бидай экспортталуға тиіс-тұғын. Яғни, жылдағы мөлшерден екі еседей төмендегені байқалады. Жалпы, ай сайын 100 мың тонна тұрақты бидай жөнелту көзделген меже болатын. Бірақ діттеген мақсатқа, биыл жете алмай келеміз.
«Қазақстанның Астық одағы» талдау комитетінің басшысы Евгений Карабанов та, Иранға астық тасымалдаудың қиындағанын жасырмады.
– Біз Иранға астық сататын едік. 2024-2025 маркетингтік жылы Қазақстан арпасының Иранға экспорты 1 млн 228,4 мың тоннаны құрады. Бірақ әскери қимылдар барлық келісімшарттар үшін тікелей форс-мажорға айналды. Бүгінде жеткізілімнің бәрі тоқтады. Қалыптасқан ахуалға байланысты бұл бағыттағы экспорт көлемі тек төмендей беретін түрі бар, – деп ашығын айтқан еді ол.
Бір жыл бұрын, Иран елшісі мен Ауыл шаруашылық министрі кездесіп, біздің тарап, 2 млн тонна бидай, 1 млн тонна арпа, жалпы көлемі 3 млн тоннаға дейін астық өнімдерін жеткізуге қауқарлы екенімізді мәлімдеген болатын. Арпа, бидай, жалпы астық тасымалы бойынша, екіжақты уағдаластық та болған. Алайда Таяу Шығыстағы геосаяси ахуал, бұл уағдаластықты да толық орындауға мұрша бермей тұрғаны айқын сезіле бастады. Бұл ойды қаржы сарапшысы, экономист Бексұлтан Ысқақов та қоштайды.
– Иран мен Израиль, АҚШ арасындағы соғыс әзір тоқтамайтын түрі бар. Оқтын-оқтын бірін-бірі бомбалап жатыр. Бізге астық экспорты бойынша бұрынғы жолдар, уағдаластықтар өз кезегінде түгелдей орындала алмай жатыр. Себебі геосаяси ахуал күрделі. Сондай-ақ Талибан үкіметі «Талибан және Орталық Азия» деген жиын жасап экспорт, импорт мәселесін қарапты. Енді Ауғанстанға арпа, бидай, күрішті көбірек сатайын десең, өте қауіпті. Себебі Ауғанстан мен Пәкістан арасындағы қақтығыс та ушығып тұр. Сондықтан бұл соғыс жақын арада тоқтамаса, экономикалық тұрғыдан өз зардабын тигізбей қоймайды, – деп сараптайды экономист.
Жаңа нарық қажет
Астық, соның ішінде арпа мен бидай экспорты біз үшін өте үлкен стратегиялық, экономикалық міндет. Былтыр Үкімет 27,1 млн тонна астық жиналып, рекордтық деңгейге жеткенімізді мәлімдеген болатын. Ал сол астықтың жартысынан астамын осы уақытта экспорттап, қалғанын кәдеге жарататын едік. Енді сол меже мұң болып тұр.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ деректеріне сәйкес, 2025 жылғы қыркүйектен 2026 жылғы наурызға дейінгі кезеңде астық пен ұнның экспорты 8,9 млн тоннаны құрапты. Бұл былтырғы осы кезеңімен салыстырғанда 1 млн тоннаға артық екен.
АШМ-ның деректеріне зер салсақ, экспорттың негізгі бағыттары бойынша оң динамика байқалған. Атап айтқанда, Өзбекстанға жеткізілімдер 14%-ға өсіп, 6,6 млн тоннадан 7,5 млн тоннаға жетті. Қырғызстанға экспорт 1,8 есеге артып, 194 мың тоннадан 354 мың тоннаға дейін көбейді. Ауғанстанға жеткізілім көлемі 24%-ға өсіп, 1,1 млн тоннадан 1,3 млн тоннаға жетті. Түрікменстанға экспорт 1,5 есеге ұлғайып, 94 мың тоннадан 145 мың тоннаға дейін артты. Бірақ бұл тізімнің ішінде бұрыннан қалыптасқан Иран бағыты байқалмайды. Демек, жаңа бағыттар іздеу қажет дегенді аңғартады. Бұл ойды біздің сарапшылар да құптап отыр.
Белгілі саясаттанушы Дос Көшімнің пайымдауынша, Таяу Шығыстағы толассыз қақтығыстарда біздің ел тек астық экспортынан ұтылып қалуы бек мүмкін. Сондықтан ол жаңа нарық іздеу қажет деген пікірде.
– Біздегі басты мәселе – бидайда. Негізінен, Қазақстан Иранға едәуір бидай экспорттап келді. Енді астық тасымалы тоқтауы мүмкін. Соның салдарынан тағы да жаңа елдер іздеп, бидай, ұн өнімдерін сатуға тура келеді. Өйткені оқ пен оттың, санкцияның астында жатқандықтан, оларға тасымалдау қайта-қайта тежеле береді. Сондықтан Еуропа елдері, іргедегі Қытайға көбірек сатуға тырысу керек. Каспий теңізі арқылы Әзербайжанға өтіп, одан әрі сатылып жатса, геосаяси қиындық біреуінде туындай қалса, келесісіне астық, оның ішінде арпа-бидай сатуға мүмкіндік ашыла береді. Бұл сонда түрлі қиындықтардан алып шығатып, әлеуетімізді түгендеп тұратын дәліз болар еді. Ендігі жерде Таяу Шығыстағы қақтығысқа байланысты Иранмен сауда-саттық мәселелері күрделенеді, қиындайды, – дейді саясаттанушы.
АШМ-нің мәліметінше, былтыр жаңа өнім астығын жеткізу көлемі 8,5 миллион тоннаға жетті, яғни 2024 жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен 14 пайызға жоғарылапты. Дегенмен Иран, құзырлы орган мәліметінің жалпы тізімінен түсе қоймапты. Мәселен, астық Вьетнамға, Біріккен Араб Әмірліктеріне, Солтүстік Африка елдеріне экспортталып, Иранға, Әзербайжанға және Грузияға жеткізілімдер қайта жанданатын көрінеді. Еуропа нарықтарына негізінен Durum және Hi-Pro сұрыпты жоғары сапалы бидай экспортталмақ. Былтыр Қытайға мал азықтық ұн жеткізу көлемі 2,9 миллион тоннаны құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 2,4 есе артыпты. Алдыңғы жылы Қазақстан бидай экспорты бойынша әлемде 10-орын, ал арпа экспорты бойынша 9-орын иеленіпті. Бұл межеден түспеу үшін өнім экспорттайтын бағыттардың да диверсификациясы керек. Экономист Бексұлтан Тұрсынбекұлы, астық экспортында нарықты бір ғана бағытқа тіреп қою – стратегиялық қателік деп байыптайды.
– Қазақстанның арпа-бидай экспортына қатысты қазіргі жағдайды тек уақытша қиындық деп қарауға болмайды. Бұл – геосаяси тәуекелдердің нақты көрінісі. Бүгінде Иран, Ауғанстан, Пәкістан бағыттарындағы тұрақсыздық экспорт логистикасына да, жалпы сауда ағынына да тікелей әсер етіп отыр. Осындай жағдайда бір немесе бірнеше нарыққа тәуелді болу – үлкен стратегиялық қателік. Сондықтан қазіргі ахуал бізден жедел әрі жүйелі шешімдерді талап етеді. Ең алдымен, астық экспортында нарықтарды әртараптандыру мәселесіне басымдық беру қажет. Қазақстан үшін дәстүрлі әрі географиялық тұрғыдан қолайлы Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдері тұрақты бағыт болып қала береді. Алайда бұл нарықтардың сыйымдылығы шектеулі екенін ескеру керек. Орта және ұзақмерзімді перспективада негізгі назарды ауқымды әрі төлем қабілеті жоғары нарықтарға аудару қажет. Мәселен, Қытай бағыты – үлкен мүмкіндік. Бірақ бұл нарыққа шығу үшін өнім сапасы, фитосанитарлық талаптар және келісімшарттық тәртіп халықаралық стандарттарға толық сай болуға тиіс. Сонымен қатар Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Египет секілді Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдері де астық импорты бойынша ірі әрі перспективалы нарықтар саналады. Бұл ретте Әзербайжан, Грузия және Түркия арқылы өтетін көлік-логистикалық бағыттардың маңызы арта түседі. Яғни, мәселе тек нарық табуда емес, сол нарыққа тиімді әрі тұрақты жеткізу тізбегін қалыптастыруда. Қазіргі жағдай – тек сынақ емес, жаңа мүмкіндіктер кезеңі. Егер Қазақстан экспорт географиясын кеңейтіп, логистиканы дамытып және өнім сапасын халықаралық талаптарға сәйкестендірсе, онда біз астықты тек шикізат ретінде емес, стратегиялық экспорттық өнім ретінде тиімді өткізе аламыз, – дейді эконмист.
Тоқетері, бұрын Иранға, Таяу Шығыс, Парсы шығанағы елдеріне астық экспортын ұлғайтуға күш салып келдік. Енді ол жақтарда, геосаяси ахуал күрделеніп, біздің арпа-бидай экспорты қиындады. Ал экономист, саяси сарапшылар, соғыс тоқтайтынынан дәмелену әбестік, одан да жаңа бағыт іздеп, өніміміздің сапасын халықаралық стандарттарға сай ету қажет деп біледі. Біздің атқамінерлер де жаңа нарық іздеп, Әзербайжан, Қытай, Еуропа нарығына қарай күш салатынын байқатты. Ендеше «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай», қамбада астықты шірітпей, оң жамбасымызға келетін нарық тапқан жөн сияқты.
Олжас ЖОЛДЫБАЙ
