«AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында Абай облысы, Семей қаласының Шығыс кентінде №53 жалпы орта білім беретін 300 орындық мектеп пайдалануға берілді. Білім ошағы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы шеңберінде салынды.
«Келешек мектептері»: білімге салынған инвестиция
157
оқылды

Мектептің ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли, Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов, Сенат депутаттары Қайрат Тастекеев, Айнұр Арғынбекова, Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Ринат Зайыт және Мақсат Толықбай, сондай-ақ Қазақстанның Еңбек Ері, ұлағатты ұстаз Алма Шүкіжанова қатысты. 

Шығыс кентіндегі оқушылар енді еңселі де заманауи ғимаратта білім алады. Бұл – «Келешек мектептері» жобасы шеңберінде бой көтерген Семей қаласындағы үшінші, ал Абай облысы бойынша бесінші мектеп. Жаңа білім ордасының ашылуы – өңірдегі білім беру инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесі.

Жаңа білім ордасы заманауи талаптарға сай салынған. Жалпы аумағы 2,56 гектарды құрайды және 300 оқушыға арналған. Мектепте 30 оқу кабинеті, 2 информатика сыныбы, робототехника кабинеті, химия, физика және биология пәндік зертханалары бар. Сонымен қатар токарлық және металл өңдеу шеберханасы, аспаздық және тігін бөлмелері қарастырылған.

Мектеп 17 интерактивті панельмен жабдықталған, 84 орындық акт залы, 78 орындық асхана, оқу залы мен кітапхана жұмыс істейді. Оқушылар үшін STEM-зертханалар, хореография залы, 673 шаршы метрлік спорт залы және ойын алаңдары бар. Мектеп аумағында футбол, волейбол, хоккей алаңдары мен 400 метрлік жүгіру жолы қарастырылған.

Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға да барлық жағдай жасалған. Ғимаратта лифт пен тактильді жолдар орнатылған, бұл инклюзивті білім беруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Іс-шара барысында аймақ басшысы ұстаздар, оқушылар және ата-аналарды маңызды оқиғамен құттықтады.

«Бүгін – облысымыздың әлеуметтік саласы үшін маңызды күн. Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсыр­масымен қолға алынған «Келешек мектеп­тері» ұлттық жобасы аясында Шығыс кен­тіндегі жаңа білім ошағын ел игілігіне табыстап отырмыз. Жоба шеңберінде облысымызда жалпы сыйымдылығы 3 мың орындық 5 заманауи мектептің құрылысы толық аяқталды. Бұл нысанның техникалық жарақталуы типтік мектептерден 4 есе жоғары, ал ғимарат ауданы 20 пайызға кең етіп жоспарланған. Осы мектепті іске қосу арқылы біз Шығыс кентіндегі мемлекеттік мектепке қатысты өзекті мәселені толық шештік. Енді оқушылардың басқа аудандарға қатынауының қажеті жоқ. Біз өңірдегі балалардың сапалы білім алуы мен ұстаз­дардың тиісті жағдайда жұмыс істеуі үшін жүйелі қолдау көрсетуді жалғастыра береміз. Жаңа білім ордасы құтты болсын!», – деді Абай облысының әкімі Берік Уәли.

Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов өңірдің білім саласына ұзақ жылдар бойы еңбек сіңірген ардагер ұстаздар Марияма Битебаева мен Бақыт Қажыбаеваға «Еңбек ардагері» медалін табыс етті. Облыс әкімі құрметті қонақтармен бірге мектептің сыныптарын аралап, оқушылармен, мұғалімдермен пікірлесті.

«Бұл білім ордасының Шығыс кентінің дәл осы аймағында ашылуы балаларымыз үшін де, біз үшін де зор қуаныш. Себебі, балаларымыз білім алуы үшін алысқа қатынап, қиындық көріп, үйірмелерге толыққанды қатыса алмай жүрген еді. Енді Шығыс кентінің оң жағалауында тұратын оқушылардың көптен күткен армандары орындалды. Заманауи жабдықталған бұл мектеп – ел болашағына жасалған маңызды инвестиция», – деді Шығыс кентінің тұрғыны Шалқар Хамилаев.

Өз кезегінде, «AMANAT» партиясы Абай облыстық филиалының Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Съезбек Ахметов мектеп құрылысы партияның жіті бақылауында болғанын атап өтті.

«Бүгін «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасына енген мектеп құрылысы толық аяқталып, пайдалануға беріліп отыр. Бұл – ең алдымен, тұрғын­­­­­дардың көптен күткен қуанышы. Балалар мен ата-аналардың арманы орындалып, білім алуға қолайлы жағдай жасалды деп толық сеніммен айта аламын. Осы уақытқа дейін мектеп құрылысы партияның жіті бақылауында болды, барлық кезеңде сапа мен мерзім мәселесіне ерекше назар ауда­рылды. Біздің басты мақсатымыз – өскелең ұрпаққа заманауи, қауіпсіз әрі жайлы білім беру ортасын қалыптастыру. Білім беру нысандарының сапасын арттыру, ауыл мен қала арасындағы білім беру деңгейін теңестіру бағытындағы жұмыс алдағы уа­қытта да жалғасын табады. Ұл-қыздары­мыздың жарқын болашағы үшін мұндай жобалардың маңызы зор деп есептей­мін», – деді «AMANAT» партиясы Абай об­лыстық филиалының Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Съезбек Ахметов.

Қазір облыста мектеп тапшылығын шешу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жарма ауданының Суықбұлақ ауылында бастауыш мектеп салынып жатыр. Оны жаңа оқу жылында пайдалануға беру жос­парланған. Сонымен қатар Семей қала­сындағы №4 және №30 мектептерге қосымша ғимараттар салынуда. Абай ауданы Кеңгірбай би ауылындағы Қарашоқы шатқалында балалар лагерінің құрылысы аяқталуға жақын.

Алдағы жылдары Семей қаласының Қарағайлы шағын ауданында 400 орындық «Білім-инновация» лицейін, 1400 орындық мектепті, сондай-ақ Ақсуат және Екпін ауыл­дарында 300 орындық екі мектеп салу жоспарланып отыр. Бұл жобалар өңірдегі білім беру сапасын арттырып, балалар үшін қолайлы әрі заманауи орта қалыптастыруға бағытталды.

Тілек ҚАБЫЛ