Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен бюро отырысында алдағы жалпы отырыстың күн тәртібінің жобасы нақтыланды.
Мәжіліс Психологиялық қызмет туралы заң жобасын қарайды
136
оқылды

Бірінші оқылымда Мәжіліс депутаттары бастамашы болған «Психологиялық қызмет туралы» заң жобасын қарау ұсынылады. Құжат осы саланы реттеуге және пси­хологиялық көмектің қолжетімділігін, сапасы мен қауіп­сіздігін қамтамасыз ететін құқықтық база қалып­тастыруға бағытталған. Атап айтқанда, психологтар мен психологиялық көмек алушылардың құқықтары мен міндеттерін бекіту көзделіп отыр. Соның ішінде құпиялылықты қамтамасыз ету, ақпараттандырылған келісім алу, сондай-ақ кәсіби және этикалық стандарт­тарды сақтау қамтылады. Бұдан бөлек, психологтардың бірыңғай мемлекеттік тізілімін енгізу ұсынылып, оған қосылу кәсіби қызметті жүзеге асыру үшін міндетті талап болады.

Жалпы отырыстың күн тәртібінің жобасына жұрт­шылықтың қауіпсіздігін арттыру, сондай-ақ жануарларға адамгершілікпен қарауды қалыптастыру мақсатымен Мәжіліс депутаттары бастамашы болған «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға түзетулер енгізу де ұсынылды. Заң жобасының нормаларында үй жан­уар­ларына қатысты белгіленген талаптарды иелерінің сақтауын бақылау тетіктерін күшейту, аза­маттардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шұғыл ден қою шараларын ұйымдастыру бөлігінде жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттыру, сондай-ақ басқа да бірқатар ереже қарастырылған.

Сонымен қатар депутаттар Қазақстан мен Түркия үкіметтері арасындағы екі елдің әуе кеңістігі арқылы әс­кери мүлік пен персоналды транзиттеу туралы келі­сім­­ді қарайды. 2024 жылғы 11 қыркүйекте Астанада қол қой­ыл­ған құжат әуе кеңістігін өзара пайдалану шарттарында әуе транзитінің тәртібін айқындауға бағытталған.

Екінші оқылымда Мәжіліс еңбек заңнамасын жетіл­діру мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді қарайды. Сондай-ақ депутаттар ветеринария мәселелері жөніндегі жаңа заң жобасын жұмысқа қабылдайды.

М.ТӨЛЕУ