Ақмола облысы Қорғалжын ауданында еріген қар суының екпінімен Шөптікөл су қоймасындағы бөгеттің бұзылуына байланысты төтенше жағдай режимінде жұмыс жүргізілуде.
Ақмола облысында Шөптікөл су қоймасы жарылды
289
оқылды

Қазіргі уақытта оқиға орнында жедел штаб құрылып, жағдай толық бақылауға алынды, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. 

Облыс әкімдігінің мәліметінше, апат салдарын жою жұмыстарына 56 арнайы техника мен 230-дан астам адам жұмылдырылған. Олардың қатарында жергілікті тұрғындар, құтқарушылар және атқарушы органдардың өкілдері бар.

Қазіргі таңда оқиға орнына облыс әкімі Марат Ахметжанов пен Төтенше жағдайлар министрлігінің Төтенше жағдайлардың алдын алу комитетінің төрағасы Серік Жүнісбеков арнайы барып, жағдайды өз бақылауына алды. Ал жедел штабқа облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпан жетекшілік етеді.

Сала мамандарының айтуынша, ең басты қауіп – елді мекендерді су басу қаупі толықтай жойылған. Атап айтқанда, Сабынды ауылына төніп тұрған қатер сейіліп, барлық нысандар қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.

Қазіргі уақытта негізгі күш республикалық маңызы бар "Астана – Қорғалжын" автожолын қорғауға бағытталған. Құтқарушылар мен жергілікті билік өкілдері жол деңгейін көтеру арқылы еріген қар суларын далаға бұру жұмыстарын жүргізуге көшкен.

Осы уақытқа дейін қауырт жұмыстың арқасында бөгенді қалпына келтіру мақсатында 5 мың қап дайындалып, 50 мың тоннадан астам инертті материал жеткізілген. Сондай-ақ 800 метрлік топырақ бөгеті тұрғызылған.

Айта кетсек, Шөптікөл су қоймасының сыйымдылығы 4,71 млн текше метрді құрайды. Су айдынының жалпы аумағы 157 гектар болса, орташа тереңдігі шамамен 3 метрге жетеді. Бұл нысан тек автожолды қорғап қана қоймай, Шевченко мен Балқаш тоғандарын сумен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.

Еске сала кетейік, еріген қар суының салдарынан бөгет бұзылып, кейін су далаға жайылып, елді мекенге қарай бағыт алған. Сонымен қатар "Астана – Қорғалжын" тасжолының 75-шақырымын басып өткен. Қазіргі уақытта барлық күш апат салдарын жоюға және жағдайды толық тұрақтандыруға жұмылдырылған.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы