Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым (ДМҰ) жариялаған соңғы баяндамаға сәйкес, Жер шарының климаты бүгінде бақылау тарихындағы ең тұрақсыз әрі қауіпті кезеңдердің біріне жеткен. Ұйым деректеріне сүйенсек, 2015-2025 жылдар аралығы адамзат тарихындағы ең ыстық кезеңдердің бірі ретінде тіркелген. Мәселен, өткен жылы әлемдік орташа температура индустрияға дейінгі дәуірмен салыстырғанда, шамамен 1,43°C-қа жоғары болған. Ғалымдардың айтуынша, мұхиттар жаһандық жылынуды бәсеңдетуде маңызды рөл атқарады. Кейінгі жиырма жылда олар артық жылудың 90 пайыздан астамын сіңіріп, жердің шамадан тыс қызуын тежеп келді. Алайда 2025 жылы мұхиттағы жылу деңгейі рекордтық көрсеткішке жетіп, жылыну қарқыны бұрынғыдан екі есеге жуық артқан. Соның салдарынан мұздықтар жылдам еріп, теңіз деңгейі 1993 жылдан бері шамамен 11 сантиметрге көтерілген. Мамандардың пікірінше, бұл үрдіс тіпті парниктік газдар азайған күннің өзінде жүздеген жылға созылуы мүмкін. Жер шарының мұндай экологиялық ахуалы еліміз үшін де өзекті мәселе саналады. Ресми ақпаратқа сәйкес, климаттың жаһандық өзгеру әсерінен кейінгі онжылдықта Қазақстанда ауа температурасы орташа есеппен 1-2°C-қа жоғарылаған. Бұл, әсіресе, ауыл шаруашылығына және су ресурстарына кері әсер етуде. Сондықтан дархан даламыз бен асқар тауларымызды, өзен-көліміз бен ну орманымызды сақтап қалу әрбір азаматқа жүктелетін үлкен жауапкершілік десек болады.
Жаһандық үрдіспен үндес қадам
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қазіргі күні баршамыз үшін ортақ міндетке айналған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жаһандық үрдістермен үндес маңызды қадам екені сөзсіз. Республика аумағын түгел қамтып, табиғатқа жанашырлықтан бастап, экологиялық мәдениет пен сана қалыптастыруда аталған ұлттық жобаның маңызды рөлі бар. Бұл – тек бірреттік шара емес, Табиғат-Ананы қорғауға арналған ұзақмерзімді үрдіс. 2024 жылдың қазан айында Президент тапсырмасын орындау мақсатында 2024-2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамытудың» тұжырымдамасын бекіту туралы Үкімет қаулысы қабылданды. Бұл құжат қоғамда экологиялық құндылықтар қалыптастыру саласындағы мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағытын айқындайды. Сонымен қатар азаматтардың табиғатты қорғау және табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану жөніндегі міндеттері енді Конституциямен қорғалады және ол тұрақты даму қағидаттарына сай келеді. Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Экономикалық саясатты талдау бөлімінің бас сарапшысы Әсел Әбеннің пікірінше, жаңа Конституцияда экологиялық жауапкершіліктің бекітілуі экономикалық тұрақтылығын нығайтады. Сонымен қатар аталған бастама Қазақстанның халықаралық міндеттемелерімен, соның ішінде Paris Agreement аясындағы климаттық келісімдермен үйлеседі. Бұл 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі ұлттық мақсаттарға да сәйкес келеді.
Демек, биыл «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы жаңа деңгейде жалғасады. Себебі Президент тарапынан бұл бастама бірреттік науқан емес, елдің даму философиясына айналмақ. «Астана Тазалық» ЖШС бас директордың орынбасары Альберт Есалиевтің айтуынша, «Таза Қазақстан» қағидаты жаңа қоғамдық құндылықтардың, соның ішінде Конституциялық деңгейдегі идеологиялық өзектің біріне айналуға тиіс деген түсінікті қалыптастырады. Яғни, сөз тек аумақты тазалау туралы емес – бұл заңға құрмет, тәртіп, жауапкершілік және қоғам мәдениетін қалыптастыру туралы.
– «Астана Тазалық» үшін бұл бағыт өте маңызды. Себебі біз күнделікті тазалықты қамтамасыз етумен қатар, осы мәдениетті қалыптастырудың алдыңғы шебінде жұмыс істеп келеміз. Сондықтан биыл негізгі акцент – тұрғындарды жүйелі түрде тарту, цифрлық бақылауды күшейту және тазалықты өмір салтына айналдыру. Негізінен, «Астана Тазалық» тек санитарлық тазалықпен ғана емес, қоғамның санасын тазалыққа үйрету, тазалыққа баулу қағидасын да қолға алды. Аумақтарды тазалау, қоқыс шығару, жолдарды күтіп ұстау секілді үздіксіз жұмыстармен қатар, «Астана Тазалық» ұжымы түрлі ақпараттық, мағыналық мәні бар видеоролик түсіріп, экоакциялар ұйымдастырады, – деді Альберт Есалиев.
Жұмылған еңбек рекорды
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғалы бері еліміздің түкпір-түкпірінде сенбіліктер ұйымдастырылып, көшелер мен аулалар, саябақтар мен қоғамдық орындар тазартылуда. Сонымен қатар аталған жоба жалпыұлттық сипатқа айнала отырып, мемлекеттік мекемелерді, білім беру ұйымдарын, кәсіпкерлер мен еріктілерді біріктіріп, ортақ іске жұмылдыруда. Ұлттық жоба аясында «Таза кәсіп – таза аймақ» – таза өндіріс құру, «Киелі мекен» – табиғи және қасиетті жерлерді қорғау, «Таза өлке» – аумақтарды көпшілікпен тазалау, «Мөлдір бұлақ» – бұлақтар мен су айдындарының тазалығын сақтау секілді түгел ел аумағын қамту бойынша ауқымды іс-шара жүзеге асырылып жатыр. Ресми ақпарат бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғаннан бері бүкіл республика бойынша 1,1 мың экологиялық акция өткізілді, оған 10,4 млн-нан астам адам, оның ішінде 586 мың ерікті қатысты.

Ал 2025 жылдың 9 айында ұйымдастырылған экологиялық акцияларға 5,4 млн астам адам қатысып, 966 мың гектарға жуық аумақтан 729 мың тоннадан астам қоқыс шығарылып, ел аумағы 2,4 млн түп ағашпен толыққан. Сондай-ақ былтыр аумақты тазалау жұмыстарына бір уақытта шыққан республика көлемінде адам саны бойынша алғаш рет ел рекорды орнатылып, жетістік еліміздің КИНЭС рекордтар кітабына енгізілді. Нақты айтар болсақ, 2025 жылы 11 қазанда республика бойынша экологиялық акциясына 610 мыңнан астам адам қатысып, жұмылған еңбек нәтижесінде 90 мың гектарға жуық территория тазартылған және аумақ ерекшелігіне қарай таңдалған – алма, қара мойыл, тал және ирга секілді жеміс ағаштарымен қатар, 180 мың жасыл желек отырғызылған. Экологиялық акция қыс мезгілінде де дәстүрлі түрде жалғасын тауып, аумақтарды қардан, мұздан тазартуға бағытталады. Бұл тұрғыда Астана қаласының жолдары мен көшелерін қардан тазалау жұмыстары ауқымды масштабқа шығады. Жалпы, 2025 жылы елордада 800-ден астам экологиялық іс-шара өткізілсе, оған 627 мыңнан астам қала тұрғыны қатысқан. Нәтижесінде, шамамен 120 мың тонна қоқыс шығарылып, аула аумақтары, парк және скверлер, тарихи-мәдени нысандар тазаланды. Қаланың негізгі санитарлық тазалық бағыттары бойынша 100%-дық қамту қамтамасыз етілді. Мәселен, Альберт Есалиевтің есебінше, «Астана Тазалық» ЖШС қысқы кезеңде қаладан 2,2 млн текше метрден астам қар шығарылған. Қаланы ақ қар, көк мұздан тазалау жұмыстарына және күнделікті жұмысқа 600-ден астам техника, 700-ден астам жұмысшы жұмылдырылған. Ақпан мен наурыздың басындағы қарлы жауын кезінде жұмысшыларға біраз салмақ түсіп, қазірдің өзінде шамамен 200-ге жуық қызметкер түнгі ауысымда жұмыс істейді.
Әсіресе, жоба аясында ерікті жастардың белсенділігі ерекше көзге түседі. JASYL EL жастар еңбек жасақтары республикалық штабының басшысы Нұрасыл Бекматовтың мәліметінше, 2025 жылы JASYL EL арқылы 35,9 мың жас маусымдық жұмыспен қамтылған. Ал жалпыұлттық жоба жүзеге асырыла бастаған уақыт аралығында жастар еңбек жасақтары 2,5 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырып, 50 мыңға жуық ағаш отырғызған және 46 мың тоннадан астам қоқыс шығарған. Сондай-ақ Нұрасыл Бекматов, Kazinform агенттігіне берген сұхбатында, «Таза Қазақстан» жобасының тиімді жүзеге асуы ашықтық пен жүйелі бақылауға тікелей байланысты екенін атап өтеді.
– Бұл бағытта орталық және жергілікті атқарушы органдармен қатар, қоғамдық ұйымдар мен жастар қозғалыстары да белсенді қатысып келеді. Әрбір іс-шара бойынша нақты есеп жүргізіліп, оның нәтижесі қоғамға ашық түрде ұсынылады. Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұрақты ақпарат беріліп отырады. Бұл қоғамның сенімін арттырып, азаматтарды жобаға белсенді қатысуға ынталандырады, – деді ол.
Цифрлы технология: қайта өңдеудің игілігі
Кейінгі жылдары елімізде қайта өңделетін қалдықтардың үлесі біртіндеп артып келеді. Бірқатар өңірде қоқысты сұрыптау жүйесі енгізіліп, жаңа қайта өңдеу кәсіпорындары іске қосылуда. Бұл да «Таза Қазақстан» ұлттық жобасының игілігі екені анық. Қалдықтар мен қоқыстарды жинау және қайта өңдеу, сұрыптау саласында жаңа технологиялар іске қосылды. Бұл – қоқыс полигондарына тасталатын қалдықтарды едәуір азайтып, елдің экологиясы мен экономикасына айтарлықтай оң ықпалын тигізбек.
Ресми деректер бойынша, елімізде жыл сайын 4,5 млн тоннадан астам коммуналдық қалдық шығады. Оларды қайта өңдеу деңгейі 2024 жылы 25,8%-ға жеткен. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің есебінше, қалдықтарды тазалау үшін 67 жоба жүзеге асырылып, 346 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Қоғамдық қалдықтарды сұрыптау барысында ел аумағына 100-ден астам фандоматтар қойылған. Ал қоқыстарды сұрыптау үшін Астана, Алматы, Өскемен және Ақтөбе қалаларындағы 129 мектепке мыңнан аса экобокс орнатылды. Экобокстарға адамдар түрлі қоқысты бөліп сала алады. Қазір «Таза Қазақстан» экожоба аясында заманауи технологияларды экологиялық сын-қатерлерге жедел қолдану жүйесі де жетіліп келеді. Елімізде 2024 жылдан бастап @TazaQazBot телеграм-боты жұмыс істейді, оның көмегімен азаматтар өз елді мекендерінде экология және абаттандыру саласындағы мәселелер туралы хабарлай алады. Мамандардың сөзінше, пайдаланушыларға ыңғайлы болу үшін бот өтініштерді 21 санат бойынша бөледі, сондай-ақ сұрауларды автоматты түрде тиісті қызметтерге жібереді. Бұл мәселелерді жою үдерісін жеделдетуге және биліктің халықпен өзара іс-қимылының ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.
Ең бастысы, экологиялық қозғалысқа кез келген адам қосыла алады. Сенбіліктерге қатысу, қоқыстарды сұрыптау, ағаш отырғызу, бұлақ көзін тазарту, балаларды экологиялық әдеттерге үйрету – мұның бәрі еліміздің таза, қауіпсіз және жасыл болашағына қосылған зор үлес.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ
