Қазақстан Респуб­ликасы­ның Премьер-министрі Олжас Бек­тенов Geoscience & Exploration of Central Asia (GECA 2026) халықаралық гео­логиялық форумына қатысты.
Геологиялық барлау жұмыстары күшейтіледі
178
оқылды

GECA 2026 форумы халықара­лық ұйымдар, дипломатиялық корпус, сондай-ақ ұлттық және шетелдік компаниялар өкілдерін біріктірді.

Геологиялық форумның пле­нар­лық отырысында сөз сөйлеген Премьер-министр Олжас Бек­тенов сала мамандарын келе жатқан кәсіби мерекесімен құт­тық­тап, ел экономикасы мен өнеркәсібінің тұрақты дамуы үшін геологиялық барлаудың стратегия­лық маңызын атап өтті.

«Биыл – шын мәнінде, Қазақ­стан үшін тарихи жыл. Экономика мен қоғамның барлық саласын одан әрі жаңғырту ісіне тың серпін берген жаңа Конституция қабыл­данды. Жалпыхалықтық референ­думда еліміздің аза­­­­мат­тары нағыз отаншылдықтың үлгісін көрсетіп, Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ауқымды бастамала­рына жаппай қолдауын білдірді. Қазірден бастап мемлекеттік басқарудың ашық­тығын артты­руға, қолайлы инвес­тициялық ахуал қалыптастыруға және адам капиталын дамытуға бағытталған Ата заңның норма­ларын жүзеге асыруға біз айрықша көңіл бөліп отырмыз. Аталған өзгерістер экономиканы дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады, соның ішін­де геологиялық барлау саласы отандық өнеркәсіптің стра­те­гиялық негізіне айналды», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақ­стан­да саланың инвестициялық тар­тым­дылығын арттыруға, инфра­құрылымды жаң­ғыртуға және заманауи техно­ло­­гияларды қол­дану аясын ке­ңейтуге бағытталған геология және жер қой­науын пайдалану саласындағы жүйелі реформалар жүзеге асырылуда.

Мұндағы маңызды қадам қыз­меттерге ашық қолжетімділікті қамтамасыз ететін жер қойнауын пайдаланудың Бірыңғай порталын іске қосу болып отыр. Мәселен, «Бірінші келді – бірінші алды» деген әлемдік озық тәжірибенің негізінде жер қойнауын пайдалану құқығын беру үдерістері айтар­лықтай жеңілдетілді. Бұл соңғы үш жылда геологиялық барлауға ша­ма­мен 280 млрд теңге жеке инвес­тиция тартуға мүмкіндік берді. 

Қорлар бойынша есептіліктің халықаралық стандарттары енгі­зілді. Алдағы уақытта геологиялық зерттеулерге орнықты көзқарас қалыптастыру үшін 1:50 000 мас­штабындағы геофизикалық карта­ларды жасақтау қолға алынды.

Қазақстан елеулі минералды-шикізаттық әлеуетке ие және оны инвесторлар пайдалы қазбаларды барлау, өндіру және қайта өңдеу бойынша басым аймақтардың бірі ретінде қарастырады. Елі­мізде шамамен 10 мың кен орны бар, шикізаттың негізгі түрлері бо­йынша қордың жалпы көлемі 2,3 мың тоннадан астам алтын, 4,3 млрд тонна мұнай, 3,8 трлн текше метр газ, 33,5 млрд тонна көмір және 26,7 млрд тонна темірді құ­райды. Ресурстық ба­заның едәуір бөлігін сирек жер металдары, оның ішінде 2025 жылы ашылған 800 мың тоннаға жуық церий, неодим, иттрий және басқа да элемент­тердің қо­ры бар «Құйрық­тыкөл» кен орны құрайды.

Форум барысында цифрлық технологиялар мен ЖИ енгізе отырып, геологиялық барлау, жер қойнауын пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және тәжірибе алмасуға назар аударылды. Қазақстан Рес­публикасының өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын На­ғас­паев, Өзбекстан Респуб­ликасы тау-кен өнеркәсібі және геология министрінің орынбасары Рустам Юсупов, Тәжікстан Республикасы Үкіметі жанындағы Геология бас басқармасының басшысы Ил­хомджон Оймухам­мадзода және тағы да басқалар өзара іс-қимылды кеңейту жөнін­де ұсыныстар ай­тып, пікір білдірді. 

М.ТӨЛЕУ