Қазақстанда ғылымға бөлінетін қаржы кейінгі жылдары айтарлықтай өсіп келеді. Бірақ кез келген қаржылан­дырудың басты өлшемі – нәтиже.
Ғылымға қаржы – қарыштау кілті
коллаж: Елдар ҚАБА
215
оқылды

Осыған дейін Президент­тің өзі бұл мәселеге ашық тоқталып, ғылым­ға бөлінетін қаражаттың қайтарымы төмен екенін айтты. Үш мыңнан астам ғылыми жобаның тек 29-ы ғана нарыққа шыққаны – ойланатын жайт. Мұндай сын ғы­лым саласына серпін беретін маңызды сигнал ре­тін­де қабылдануға тиіс. 

Бұл – кездейсоқ үрдіс емес, мемлекет деңгейінде ғылымға деген көзқарастың өзгеріп жатқанын көрсетеді. Бүгінде ғы­лыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыс­тар­ға (ҒЗТКЖ) жыл сайын жүздеген миллиард теңге бағыт­та­лып отыр. Ресми дерекке сүйенсек, соңғы көрсеткіш бойын­ша ғы­лымға бөлінген қаржы көлемі 300 млрд теңгеден асып кет­кен. Оның ішінде ішкі шығындар – 261,5 млрд теңге, ал сырт­қы шығындар – 42,7 млрд теңге.

Бұл сандардың өзі ғылымға деген қызы­ғушылықтың артқанын айғақтайды. Бірнеше жыл бұрын мұндай көлем туралы айту қиын еді. Яғни, Қазақстан ғылымды қолдаудың жаңа кезеңіне аяқ басты деуге негіз бар. 

Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Елбек Өтеповтің айтуынша, Қазақстанда ғылымды қаржыландыру расымен өсіп келеді, мемлекет қолдау құралдарын кез­ең-кезеңімен кеңейтіп отыр. «Кон­курстар саны көбейіп, бөлінетін қаржы көлемі де артып келеді. Бірақ соған қара­мастан, ҒЗТКЖ-ға жұмсалатын шығын­дардың ЖІӨ-дегі үлесі әлі де төмен дең­гейде қалып отыр», – дейді ол. 

Ғалым Дүниежүзілік банк деректеріне сүйене отырып, 2023 жылы бұл көрсеткіш небәрі 0,14% болғанын, ал кейінгі жылдары шамамен 0,16% деңгейінде сақталғанын айтады. «Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 2–3% шамасында. Яғни, біз әлі де едәуір артта келеміз», – дейді профессор.

Сонымен бірге ол ғылымды қолдау тек жалпы сандармен емес, нақты тетіктер арқылы жүзеге асып жатқанын атап өтті. «Қазақстанда гранттық және бағдарла­малық-нысаналы қаржыландыру жүйесі қалыптас­қан. Жыл сайын түрлі конкурстар жариялан­ып, ғылыми жобалар іріктеледі», – дейді Елбек Өтепов. Мәселен, жас ғалымдарға арналған «Жас ғалым» бағдарламасы бойынша бір жобаға жылына 30 млн теңгеге дейін қаржы беріледі. Басқа гранттар бойынша бұл сома 75 млн теңгеге дейін жетуі мүмкін. Ал жалпы гранттық жобаларда қаржыландыру көлемі көбіне 120-150 млн теңге аралы­ғында болады.

Ғалымның айтуынша, коммерциялан­дыруға бағытталған жобаларға қойылатын талап мүлде бөлек. «Мұнда нақты өнім шығару міндеті бар. Бір жобаға 350 млн теңгеге дейін қаржы беріледі, бірақ оған қоса міндетті түрде жеке серіктес тарапынан кемінде 20% қосымша қаржы тартылуға тиіс», – дейді ол. Ал бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру ірі ғылыми-техникалық міндеттерді шешуге бағыт­талған. «Бұл жерде қаржы көлемі бірнеше жүз миллионнан бірнеше миллиард тең­ге­ге дейін барады. Мұндай жобалар қазір мегагранттар деп аталады», – деп түсіндіреді профессор.

Елбек Өтепов ғылымдағы іріктеу мен бақылау жүйесіне де тоқталды. Оның сөзінше, қаржыландыру оңай берілмейді. «Барлық өтінімдер алдымен мемлекеттік ғылыми-техникалық сарап­тамадан өтеді, содан кейін ұлттық ғы­лы­ми кеңестерде қаралады. Қаржы тек ең негізделген жоба­ларға ғана беріле­ді»,  – дейді ол. Сонымен қатар жобалар тек басталғанда ғана емес, іске асу бары­сында да қатаң бақылауда болады. «Бұл дұрыс, өйткені бұл – салық төлеу­шілердің ақшасы. Сондықтан оның қалай жұмсалып жатқа­нын бақылау қажет», – дейді ғалым.

Профессор ғылымдағы нәтижені бағалау тәсілдерінің де әртүрлі екенін атап өтеді. «Гранттық қаржыландыруда негізгі нәтиже – ғылыми жарияланымдар. Бұл халықаралық талаптарға сәйкес келеді. Ал бағдарламалық-нысаналы жобаларда стратегиялық міндеттер шешіледі: зертхана ашу, кадр даярлау, жаңа бағыттарды дамыту», – дейді ол. 

Ал коммерцияландыру жобаларында басты талап – нарыққа шығатын нақты өнім. «Бұл жерде лицензиялау, құқықтарды беру сияқты нақты механизмдер жұмыс істейді», – деп түсіндіреді Өтепов.

Оның айтуынша, барлық талаптар келісімшарттарда нақты көрсетіледі. «Жоба­­лар бойынша тек сан емес, сапа да баға­ланады. Ғылыми мақалалардың өзі белгілі бір халықаралық көрсеткіштерге сәйкес болуы тиіс – квартиль, процентиль сияқты талаптар қойылады», – дейді про­фессор. Егер жоба бірнеше жылға есептелсе, әр жылға нақты нәтиже жоспарланып, соған сай есеп беріледі. Профессор пікірін­ше, басты міндет – осы жүйенің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етіп, ғылым нә­ти­жесін нақты өмірмен байланыстыра білу.

Дегенмен ғылымды тек коммерциямен өлшеу де дұрыс емес. Бұл туралы экономист Расул Рысмамбетов орынды пікір айтады. Оның сөзінше, негізгі мәселе – ғылымға деген нақты сұраныстың жоқтығы. «Сұраныс болмаса, ұсыныс та дамымайды. Ғалымдар да практикалық шешімдерге жақындауы керек», – дейді сарапшы.

Сондықтан ол институционалдық өз­гері­с­тер қажет екенін алға тартады. «Қа­зақстанға толыққанды Ғылым министрлігін қайта құру керек. Қазіргі модельде ғылым жоғары біліммен бірік­тірілген, ал бұл жүйеде басымдық көбіне білім беру жағына ауып кетеді», – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, дамыған елдерде ғылым бөлек стратегиялық бағыт ретінде қарастырылады. «АҚШ-та National Science Foundation, DARPA сияқты құры­лымдар бар. Оңтүстік Корея мен Израиль де ғылымды бөлек басқару жүйесі арқылы дамытып отыр. Бізге де шешімдерді ғы­лым­ға сүйеніп қабылдайтын модельге көшу керек», – дейді Р.Рысмамбетов.

Бүгінде ғылымға бөлінетін қаржының құрылымына қарасақ, оның жар­ты­сынан астамы еңбекақыға жұм­сала­тынын көреміз. Бұл – табиғи нәрсе. Өйт­кені ғылым – ең алдымен адам капи­талы. Ғалымдар мен зерттеушілердің еңбегі бағаланбаса, еш­қандай нәтиже болмайды. Соңғы жылдары ғылыммен айналысатын мамандар саны да өсіп келеді. Егер бұрын бұл көрсеткіш 16 мың шамасында болса, қазір 27 мыңға жуықтаған. Бұл – ғылымға жаңа буынның келіп жатқанын көрсететін жақсы белгі.

Сонымен қатар зерттеушілердің ішінде PhD докторларының үлесі айтарлықтай артқан. Бұл – қазақстандық ғылымның халықаралық стандарттарға бейімделіп жатқанын білдіреді. Яғни, сапалық өзгерістер де бар.

Алайда инфрақұрылым мәселесі әлі де өзекті. Ғылыми жабдықтарға бөлінетін қаржы жалпы көлеммен салыстырғанда аз. Бұл зертханалардың мүмкіндігін шек­тейді. Ал заманауи ғылым технологиясыз дамымайды. Сондықтан алдағы уақытта инвестицияның бір бөлігі дәл осы бағытқа көбірек бағытталуға тиіс.

Сарапшы Олжас Байділдинов ғылымның нақты нәтижеге жұмыс істеуі маңызды екен­ін атап өтеді. Оның пікірінше, ғылым күнделікті өмірде қол­данылатын қарапайым технологиялардан басталуы керек. Яғни, үлкен жобалармен қатар, нақты өнімдер шығару да назардан тыс қалмауға тиіс. Бұл – ғылымды халыққа жақындататын маңызды қадам.

Тағы бір маңызды мәселе – ғылым мен экономиканың байланысы. Қазір бұл байланыс әлсіздеу екені байқалады. Бірақ оң өзгерістер де жоқ емес. Мысалы, әлемде ғы­лымды экономикамен ұштас­тырудың тиімді үлгілері бар. Гонконг университеттері ғылыми зерттеулерді коммерцияландыру арқылы миллиардтаған табыс тауып отыр. Қытай болса, патенттерді жүйелі түрде нарыққа шығарып, ғылымды индустрияға айналдырды.

Қазақстан да осы бағытқа бет бұрып келеді. Мемлекет тарапынан инновацияны қолдауға арналған бағдарламалар іске қосылып жатыр. Университеттер мен бизнес арасындағы байланыс күшейе бастады. Бұл – әрине, уақытты талап ететін процесс.

Кәмила ДҮЙСЕН