Өскемен қаласында «AMANAT» партиясы жанындағы азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі Miras республикалық кеңесінің көшпелі отырысы өтті.
Мәдениет –  ұлттың рухани тірегі
169
оқылды

Жиынның негізгі мақсаты – өңірдегі мәдени саясатты дамыту, мәдени туризмді ілгерілету және аймақтық бастамаларды қолдау мәселелерін жан-жақты талқылау. Сонымен қатар партияның сайлауалды бағдарламасында көзделген мәдениет нысандарын салу және жөндеу жұмыстарын жүзеге асыру барысы қаралды.

Көшпелі отырысқа Парламент Мәжі­лісінің депутаты, Miras республикалық кеңесінің төрағасы Аманжол Әлтай, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов, «AMANAT» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Жанат Мекеева, партияның Орта­лық аппараты Саяси жұмыс департа­менті­нің директоры Еркебұлан Жаулыбаев, сондай-ақ өңірлік кеңес мүшелері, мәдениет, білім және туризм саласының өкілдері қатысты.

Жиын барысында қатысушылар өңірлік кеңес жұмысының нәтижесін саралап, мәдениет саласындағы өзекті мәселелерді талқылады. Сондай-ақ олар мәдени инфра­құрылымды жаңғыртуға, мәдени мұра ны­сандарын сақтау мен дамытуға және ту­ризм әлеуетін арттыруға ерекше назар аударды.

Miras республикалық кеңесінің төрағасы Аманжол Әлтай өз сөзінде, мәдениет ұлттың рухани тірегі екенін атап өтті. Оның айтуынша, өңірлердегі мәдениет нысандарын дамыту мен жаңғырту елдің тұтас дамуына тікелей әсер етеді.

«Бүгінде мәдениет саласына жүйелі қолдау көрсету – уақыт талабы. Әсіресе, өңірлердегі мәдениет ошақтарының жағдайын жақсарту, оларды заман талабына сай жаңғырту – басты міндеттеріміздің бірі. Мәдени туризмді дамыту арқылы ру­хани құндылықтарды дәріптеп қана қоймай, өңір экономикасына да жаңа серпін бере аламыз», – деді ол.

Сонымен қатар депутат партияның сайлауалды бағдарламасы аясында жүзе­ге асырылып жатқан жобалардың маңызы­­на тоқталып, олардың тиімді әрі сапалы орындалуы партияның бақылауында еке­нін жеткізді.

Өз кезегінде Шығыс Қазақстан облы­сының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Miras республикалық кеңесі – мемлекет, қоғам және сарапшылар қауымдастығы өкілдерін біріктіріп, мәдениет, рухани даму және қоғамдық келісімді нығайту салаларындағы міндеттерді шешуге бағытталған беделді диалог алаңы екенін атап өтті.

«Шығыс Қазақстанда мәдени инфра­құрылым жүйелі түрде дамып, дарынды жастардың әлеуетін ашуға барлық жағдай жасалып отыр. Облыстағы театрлар, му­зейлер, кітапханалар мен мәдениет үйлері халыққа сапалы қызмет көрсетіп, ұлттық құндылық­тарды кеңінен насихаттауда», – деді ол.

Сондай-ақ облыс әкімінің айтуынша, өңірде мәдени мекемелердің материалдық-техникалық базасы нығайып, заманауи форматтағы мәдени іс-шаралар көбейіп, тұрғындардың мәдени өмірге белсенді қатысуына кең мүмкіндік берілуде.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар бірқатар нақты ұсыныс пен бастаманы ортаға салып, оларды алдағы уақытта жүйелі түрде жүзеге асыру қажет екенін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар өңірдің мәдени әлеуетін арттыруға және тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға ықпал ететіні айтылды.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ