Бірнеше жылдан бері Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы кең көлемде тойланып келеді.
Батыс Қазақстан облысында Ұлттық спорт күні «Бабалар ізімен» лигасы ашылды
125
оқылды

Батыс Қазақстан облысында Наурызнама күнтізбесі аясында Ұлттық спорт күніне арналған мерекелік іс-шара өтіп, «Бабалар ізімен» ұлттық спорт лигасының салтанатты ашылуы ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бірнеше жылдан бері Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы кең көлемде тойланып келеді. Осы ретте 20 наурыз – Ұлттық спорт күні ретінде аталып өтіп, оның аясында «Бабалар ізімен» облыстық лигасының ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қатысты.

Түсте басталған мерекелік бағдарлама ұлттық дәстүрлер мен заманауи технологияларды ұштастырған мазмұнда өтті. Алаң бірнеше тақырыптық аймаққа бөлініп, тұрғындар мен қонақтарға ұлттық мәдениет пен спорттың түрлі бағыттары ұсынылды.

Бағдарлама аясында «NatRoboCom» ұлттық роботтар жарысы ұйымдастырылып, роботтар арқан тарту мен асық ату сияқты ойындарда бақ сынады. Сондай-ақ «робоқызқуу» және «робоақсүйек» ойындарының көрсетілімдері өтті.

Іс-шара барысында гір көтеру, дәстүрлі садақ ату, тоғызқұмалақ, асық ату, «Толағай» сайысы және қазақ күресі бойынша жарыстар өтті.

Сонымен қатар ұлттық қолөнер көрмесі ұйымдастырылып, киіз бұйымдары, зергерлік өнер мен ағаш ою туындылары таныстырылды. Қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынылды.

Ал кешке «Бабалар ізімен» ұлттық спорт лигасының салтанатты ашылуы өтіп, арнайы бейнероликтер көрсетіліп, ұлттық би қойылымдары ұсынылды.

Бағдарлама аясында лигаға қатысатын командалар арасында жеребе тарту рәсімі Qadam AI платформасы арқылы өтті.

Мерекелік кеште әншілер Қазыбек Әдікей мен Елбол Қуанбек өнер көрсетті.

Ұйымдастырушылар бұл жобаның ұлттық спортты дамытуға және жастар арасында ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталғанын атап өтті.