Наурыз – жаңару идеологиясы. Ал қазір қоғамда сол философияны сән арқылы «сөйлетіп» жүрген-дер бар. Артық мата қалдықтарын өнерге айналдырып, оған «екінші өмір» сыйлаған алматылық сәнгер Толғанай Сембаева бүгінде ұлттық құндылықты жаңаша мазмұнда жаңғыртып келеді.
Қалдықтан құндылық өндірген сәнгер
194
оқылды

Көне құрақ – қазақтың тұр­мысынан тамыр алған, әр бөл­ше­гінде тарих пен тағылым тұнған өнер. Бүгінде сол дәстүр жаңа тыныс алып, заманауи сән индустриясымен үндесіп жатыр.  Сән әлемі демекші, кейінгі жылдары бұл салада экологиялық тұтыну мәдениеті қайта күн тәр­тібіне шыққан. Мұны Толғанай ханымның түстері бір-бірімен үйлесім тапқан дизайнерлік  өнімдерінен байқауға болады. Сәнгер 2020 жылы пандемия кезеңінен бері ескі мата қалдық­тарын кәдеге жарату арқылы тұрмыстық бұйымдар әзірлеумен айналысады. Қазір сәнгер кәсі­бін екі бағытта дөң­гелетіп отыр. Алғашқысы әрі негізгісі – эко­құрақ болса, екін­ші бағыты құ­рақ өнімдеріне қа­тысы бол­ғаны­мен, мұнда жоғары сапалы америкалық мақта пайда­ла­нылады. 

– Алғашында құрақ көрпені өз қажет­тілі­гіме арнап тігумен шектел­дім. Уақыт өте келе оны тек дәстүрлі бұ­йым ретінде емес, за­ма­науи тұр­мыс­қа бейім­деу­дің жол­дарын із­дей баста­дым. Мен үшін құрақ­ты күнде­лікті қолдануға ыңғай­лы өнімге айнал­дыру маң­ызды болды. Ма­териал ретінде америкалық мақ­таны таңдадым. Ол жиі жу­ғанға төзімді әрі берік келеді. Құрақтың дәстүрлі үлгілерін сақтай отырып, әжелеріміз қол­данған ою-өрнек түрлерін негізге алдым. Нәтижесінде жұқа, сы­рып тігілген, кір жуғыш маши­нада жууға болатын әрі заманауи интерьерге үйлесетін бұйымдар пайда болды. Осылайша, құрақ жаңа сипат алып, ұлттық болмыс пен қазіргі эстетиканы ұштас­тырған өнімге айналды, – деді сәнгер.

Алғашында хобби ретінде бастау алған іс кейіннен Тол­ғанай ханымның тұрақты табыс көзіне айналған. Қазір Алматыда сәнгердің арнайы тігін шебер­ханасы бар. Толғанай Сембаева сәнгер ретінде құрақ топта­маларын әзірлеп қана қоймай, дәл осы шеберханада бірнеше қыз­меткерін жұмыспен қамта­масыз етіп отырған кәсіпкер. Бір ерекшелігі, сәнгердің бір туын­дысы екіншісіне ұқсамайды. Себебі шеберханада орналасқан құрақ өнімдерінің әрқайсысы философиялық мәнге ие. Тіптен кейбір құрақтың жасалу тех­но­логиясы Толғанай ханымның тағдыр жолымен сабақтасып жатыр.  

– Қазақта «ысырап болады» деген ұғым бекер айтылмаған. Кезінде әжелеріміз үйдегі затын ешқашан орынсыз тастамаған, керісінше ескі киімдерді қайта өң­деп, олардан жаңа бұйым тіккен. Бұрын киім адам­ның энер­гия­сын сақтайды деген сенім бол­ған. Мысалы, киімнің жағасы мен жеңінің ұштар­ын міндетті түрде кесіп алып, оны өртеп немесе көміп таста­ған. Ал қалған бөлігін құрақ көрпе, жастық, көрпе-жабдық немесе киім тігуге пайдаланған. Осы арқылы ата-бабаларымыз үнемшілдікті ғана емес, рухани қорғаныш идеясын да қатар ұстанған. Бұл – қоршаған ортаға залалын тигізбейтін теңдессіз қайта өңдеу тәсілі. Осы әдіс табиғатпен үйлесімді өмір сүрудің, қалдықты кәдеге жарата білудің тамаша үлгісі деп ой­лай­мын, – деді Толғанай Сембаева. 

Business Insider жүргізген зерттеуге сүйенсек, киім өндірісі әлемдік көмірқышқыл газы шығарындыларының шамамен 10 пайызын құрайды. Салыс­тырмалы түрде бұл халықаралық әуе және теңіз тасымалдарының жиынтық көлемінен де жоғары деген сөз. Сондай-ақ әлемде жыл сайын өндірілген текстильдің 85 пайызы қоқыс полигондарына тасталады. Тіпті, киім жуу про­цесінің өзі әр жылы мұхиттарға 500 мың тонна микроталшық­тардың таралуына әкеледі. Бұл шамамен 50 млрд пластик бөтел­кенің көлеміне тең.

– Қазір экология мәселесі – әлемдегі ең өзекті проблема­лар­дың бірі. Адамдар көп мөлшерде зат тұтынып, кейін оны қоқысқа лақтырады. Киім мен маталар ұзақ уақыт бойы ыдырайды, ал кейбірі мүлдем жойылмайды. Сондықтан оларды көбіне өр­теуге тура келеді. Ал бұл өз кезе­гінде ауаны ластайды. Тігін шебер­ханалары мен цехтарда да пайдаланылмай қалған мата қал­дықтары көптеп кездеседі. Олар негізінен қоқысқа таста­лады. Біз көпшілікті осындай артық мата  қалдықтарын кәдеге жаратуға шақырамыз. Көпбалалы және ерекше балаларды тәрбиелеп отырған аналарды құрақ тігуге баулып, олармен бірге жас­тық, құрақ шапан, шоппер және т.б сияқты бұйымдар тігеміз. Осындай бастама­мыз арқы­лы эко­ло­гияны қорғауға және тігін қал­дықтарын тиімді пайдалануға өз үлесі­мізді қосып келеміз. Барша жана­шыр жанды осы игі іске қосылуға шақыра­мыз, – деді кәсіпкер.

Десе де, Толғанай ханым кейінгі уақытта адамдар ақыр­ындап болса да құрақ өнімдері­нің экологиялық мән-маңызын саналы түрде ұғына бастағанын айтады. Оның сөзінше, тұтыну­шылар сәнгердің өнімін эстети­кадан бұрын мазмұнға бай тұтас құндылық болғаны үшін сатып алатын болған.  

– Бүгінде көпшілік эколо­гиялық өнімнің маңызын түсініп, бағалай бастады. Көп жағдайда тұтынушылар бұйымды тек әдемілігі үшін емес, оның экологиялық, ұлттық және тарихи мәні үшін таңдайды. Кейбір сатып алушылар бізге анасының, әжесінің немесе әке­сі­нің киімдерін, орамалдарын әкеледі. Біз солардан құрақ панно жасап, оған ерекше ма­ғына мен естелік сыйлаймыз. Мұндай бұйымдар үйге эстети­ка­лық сұлулық беріп қана қой­май, отбасының жылуы мен өзін­дік тарихын сақтайды, – деді ол.

Кәсібін қолға алғанына көп бола қоймаса да, аз уақыттың ішінде сәнгердің авторлық топтамасы шетелдіктер тара­пынан жоғары бағаланып үл­герді. Толғанай ханымның өнім­деріне Қазақстаннан ғана емес, АҚШ, Канада, Швейцария, Өзбекстан мемлекеттерінен тап­сырыстар түсе бастаған. Әсіресе, сәнгер мұхиттың ар жағындағы америкалықтардың ерекше ынта танытып, ша­пандарды көптеп сатып алғанын мақтанышпен еске алады.

– Шетелдік аудитория қазақ­тың құрақ өнерін ерекше таңдан­ыспен қабылдайды. Олар құрақ өнімін нағыз құнды дүние, қол­өнер туындысы ретінде баға­лайды. Шетелдіктер қолмен жасалған еңбектің қадірін жақсы түсінеді. Олардың арасында қазақ мәдениетінің жанкүй­ер­лері мен тұрақты сатып алушы­ларымыз да бар. Осының арқа­сында Қазақстан туралы ақпарат әлемге кеңінен таралып, адамдар тарихымыз бен мәдениетімізбен жақынырақ таныса бастайды, – деді Т. Сембаева. 

Сәнгер құрақ – өткеннің сарқыншағы емес, болашақтың бір бөлігі деп біледі. Дәстүр сабақ­тастығы үзілмей, заманмен жаңарып отырса, ұлттық құнды­лықтың ғұмыры да өмір­шең бол­мақ. Толғанай Сембаева ке­ле­шекте ісін алға жылжытып, кәс­іпкерліктің өрісін кеңейтпек ниетте. 

Алтынай   БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы