Табиғаттың осы бір ерекше мезгілі тек жыл мезгілінің ауысуы ғана емес, халықтың тұтастай рухани жаңғыруы мен ізгі істердің бастауы сияқты. Әсіресе, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен астасып жатқан ағаш отырғызу дәстүрі бүгінгі күні елдік маңызы бар ауқымды бастамаға айналғанын атап өткен жөн. «Бір тал кессең, он тал ек» деген аталы сөз – енді жай ғана нақыл емес, нақты іске айналған ұлттық ұстаным десек те, артық айтпаспыз.
Бүгінде Қазақстанда қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық тепе-теңдікті сақтау мемлекеттік саясаттың да аса маңызды бағытына айналды. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған орман қорын ұлғайту, елді мекендерді көгалдандыру жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл жұмыс Ақмола облысында да аса үлкен қарқынмен іске аса бастады.
Ақмола облысының орман қоры біраз жыл оталып азайып кеткенімен, мемлекет тарапынан жүргізілген арнайы бағдарламалардың көмегімен қалпына келуде. Бүгінде жалпы аумағы 1,1 млн гектарды құрайтын орман қорының 445,3 мың гектары жасыл желекпен көмкерілген. Бұл – облыс аумағының 3 пайызы. Алайда соңғы жылдары осы көрсеткішті арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, нақты нәтижелерге қол жеткізіліп келеді.
Әсіресе, облыс әкімдігіне қарасты 405,1 мың гектар орман қорының ішінде 235,1 мың гектар жердің қайтадан орман ресурсына айналуы – оң динамиканың айқын дәлелі. Кейінгі бес жылда өңірдің орманмен көмкерілген аумағы 11 мың гектарға ұлғайғаны анықталды. Бұл – жай статистика емес, табиғатты қалпына келтіру бағытындағы табанды еңбектің жемісі екені даусыз.
Мәселен, 2020 жылғы Жолдауда қойылған ел бойынша 2 миллиард ағаш отырғызу тапсырмасы Ақмола өңірінде де табысты жүзеге асқан. 2021-2025 жылдар аралығында облыс бойынша жалпы көлемі 74 миллион түп ағаш отырғызылып, 11 мың гектар жер жасыл желекке айналған. Әр жылдағы көрсеткіштер жоспардан асыра орындалғанын аңғартады. Мысалы, 2022 жылы жоспар 185 пайызға орындалса, 2025 жылы 119 пайызға жеткізілген. Бұл орман шаруашылығы мекемелерінің кәсіби деңгейі мен жауапкершілігінің жоғары екенін айғақтай түседі.
Құзырлы органдардың дерегіне сенсек, ағаш егу бағытында көзделген алдағы жоспарлар да аса ауқымды. Жалпы, жеті жылдық межеде 150 миллион ағаш отырғызу көзделсе, оның 86 миллионы 2026-2027 жылдарға тиесілі болмақ. Тек биылдың өзінде 20 миллион түп ағаш отырғызу міндеті қойылып отыр. Бұл – тек сан емес, болашақ ұрпаққа қалатын экологиялық мұра болатыны сөзсіз. Мұны облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы да атап өтті.
– Ағаш отырғызу ата-бабамыздан келе жатқан игі дәстүр, табиғатқа жанашырлықтың нақты көрінісі. Бұл тек бүгінгі күннің емес, келер ұрпақтың қамы үшін жасалатын сауапты іс. Әрбір егілген тал елдің ертеңіне қосылған үлес. Сондықтан бұл бастаманы тек науқан ретінде қолдап қоймай емес, өмір салтына айналдыруымыз керек, – дейді басқарма басшысы Джанет Микишев.
Орманшылардың айтуынша, орман өсірудің табысты болуы ең алдымен сапалы көшетке байланысты. Бүгінде облыста 11 орман көшетжайлары жұмыс істейді. Олардың жалпы аумағы 189,7 гектарды құрайды. Оның ішінде үш ірі базистік көшеттер мен және сегіз уақытша көшет орындары бар.
– Кейінгі жылдары ағаш көшеттеріне деген сұраныстың артуына байланысты жаңа технологияларды енгізу қажеттілігі туындады. Осыған орай Зеренді ауданында заманауи талаптарға сай жаңа көшетжай салынып жатқанын атап өткен жөн. Жобаның ерекшелігі – жабық тамыр жүйесімен көшет өсіру технологиясын енгізуге бағытталып отыр. Бұл көшеттердің өміршеңдігін арттырып, орманды қалпына келтіру тиімділігін күшейтпек, – дейді Кіші Түкті орман шаруашылығының басшысы Батырбек Байәділов.
Сонымен қатар жеке сектордың әлеуетін пайдалану да назардан тыс қалмаған. Аталған жұмысты жүзеге асыру мақсатында «Қазақстан Орманы» серіктестігімен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жұмыс жүргізу жоспарлануда. Бұл жоба іске асса, жылына ондаған миллион көшет өндіруге мүмкіндік тумақ.
Орманды сақтау мен көбейту – тек ағаш отырғызумен шектелмек емес. Бұл – кешенді, үздіксіз еңбекті талап ететін сала екені рас. Соның жарқын мысалы – Маралды және Кіші Түкті орман шаруашылықтары.
Мәселен, Маралды орман шаруашылығы ондаған жылдар бойы өңірдегі орман қорының ежелден келе жатқан байлығын сақтап, жыл өткен сайын көбейтіп келеді. 24 мың гектардан астам аумақты қамтитын бұл мекемеде көшет өсіру, орманды қалпына келтіру, жас екпелерді күтіп-баптау жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі. Тек 2025 жылдың өзінде ғана мұнда 1,7 миллионға жуық көшет өсіріліп, 170 гектар жерге отырғызылған.
Ал Кіші түкті орман шаруашылығы табиғатты қорғаудың кешенді үлгісін көрсетіп отыр. Мұнда өрттің алдын алу, зиянкестермен күрес, орманды заңсыз кесуден қорғау бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіледі. Жыл сайын мыңдаған гектар аумақ бақылауға алынып, профилактикалық шаралар ұйымдастырылады. Бұл – орманшылардың күнделікті көзге көрінбейтін, бірақ аса маңызды еңбегі екенін атап өткен жөн.
Орман алқаптарымен қатар, өңірде елді мекендерді көгалдандыру жұмыстары да қарқын алғанын айта кеткен ләзім. Соңғы бес жылда облыс қалалары мен ауылдарында 507 мыңнан астам ағаш отырғызылыпты. Бұл тұрғындардың экологиялық мәдениеті қалыптасып келе жатқанын айғақтайды.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы