Астанадағы Qazaqstan жеңіл атлетикалық спорт кешенінде Наурызнама онкүндігі аясында Ұлттық спорт күніне арналған отбасылық «Ұлы Дала ойындары» фестивалі ұйымдастырылды. Аталған эстафета үш кезеңнен тұрады. Әр командада әке, ана және 8-10 жас аралығындағы баласы бар отбасылар қатысты. Командаларды тіркеу онлайн жүзеге асырылды. Бұл сайыста қазақтың ұлттық ойындары ойнатылды. Жалпы, «садақ ату», «қошқар көтеру», «ләңгі тебу», «шалқұймақ», «бесасық», «арқан тарту» сияқты тағы да басқа ойындар бойынша сайыстар болды.
Эстафета құрылымы да ерекше. «I кезең» ұлттық спорт түрлері бойынша отбасылық эстафетасы болды. Әр команда мүшелері жеке эстафеталардан өтті. Әкелер эстафетасы бойынша «садақ ату», «қошқар көтеру», «нарқұдық – таңдалған салмақты көтеру», «ләңгі тебу», «сыйлық сандығы» – кілтті тауып, қаппен бірге мәреге жету.
Аналар эстафетасы да өзіндік айрықшалығы бар. Дәлірек, «шалқұймақ эстафетасы – басындағы тостағанмен қашықтықты өту», «лабиринт – темір шарикті лабиринт арқылы өткізу», «хан арқан – сақиналарды тіректерге дәл лақтыру», «бес асық – дәстүрлі асық ойыны», «үлкен қасық асық – асықтарды үлкен қасықпен жинау» болып бірнеше бөлікке бөлінді.
Ал балалар эстафетасы жасөспірімдердің ыңғайына, бейіміне қарай сәл оңтайланған. Нақтырақ айтқанда, «асық ату – шеңберден асықтарды ату», «арқан Board – арқан үстінде скейтбордпен жүру», «көкпар Kids – балаларға арналған көкпар ойыны», «асық табу – нөмір бойынша асықтарды жинау», «jump with қап – қаппен секіру жарысы».
Сондай-ақ «II кезең» – интерактивті жарыстар, AI технологияларын қолданатын заманауи сынақтар ретінде жалғасты. Ал «III кезең» – финалға жетіп, арқан тарту бойынша командалық сайыспен түйінделді.
Айта кетейік, Ұлттық спорт күніне орайластырылған фестивальды Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен елордалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырды. Фестивальдың ерекшелігі – оны «Жасанды интеллект жылы» аясында ұйымдастыру, бұл шараға жаңа технологиялық элементтерді енгізуге мүмкіндік берді. Қатысу тегін, ал барлық жеңімпаз бен жүлдегерлер бағалы сыйлықтарға ие болды.

Жарыстың мән-маңызы, оның «Наурызнама» және «Жасанды интеллект жылына» байланысы жайында Астана қалалық спорттық іс-шараларды өткізу дирекциясының басшысы Азамат Белгібаев ой бөлісті.
– Бұл отбасылық эстафетаны біз екінші жыл қатарынан өткізіп келеміз. Биылғы фестивальдың ерекшелігі – оның Жасанды интеллект жылы аясында өтуінде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялаған болатын. Осыған байланысты біз Наурыз мерекесін жаңа форматта өткізіп отырмыз. Фестивальға қатысушыларды жасанды интеллект элементтері енгізілген үш кезеңнен тұратын жарыс күтіп тұр. Әр команда үш адамнан – әке, ана және баладан құралды. Жалпы, қатысушылар саны шектеулі, барлығы 12 команда. Қатысушылар мен жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар беріледі. Шараны тамашалайтын көрермендерге кіру тегін. Қала тұрғындары мен қонақтарын іс-шараға белсенді қатысуға шақырамыз», – деді дирекция басшысы.
Сонымен қатар жарыс қатысушылары да өздерінің көңіл күйімен, жарыстағы айшықты сәті- мен бөлісіп, пікір білдірген болатын. Мұндай отбасылық сайысқа алғаш рет қатысып отырғандар да бар екен. Соның бірі – Саябек есімді отағасы. Ол жарыстың тартысты өткендігін мәлімдеді.
– Біз мұндай отбасылық жарысқа алғаш рет қатысып отырмыз. Өте тартысты өтті. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Қарсыластарымыз да оңай берілетін жандар емес екен. Өзіммен бірге 8 жасар Саялы есімді қызым екеуміз бар күш-жігерімізді салдық. Мұндай жарыстар алда тағы да болады деп сенеміз. Наурыз мейрамы құтты болсын! – деді жарысқа қатысушы.
Айта өтейік, бұл жарысты қазақтың ұлттық мерекесі – Наурыз мерекесі қарсаңында өткізу әдетке айналған. Биыл 2-ші рет қатарынан ұйымдастырылды.
Олжас МҰРАТБЕКҰЛЫ