Жетісу облысының Жансүгіров ауылында отбасылық жанжал ушықты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты arasha.kz сайтына сілтеме жасап.
62 жастағы ер адам екі ұлының өзін жүйелі түрде ұрып-соғатынын мәлімдеді.
Бұл жағдай қарттың басынан өткен жайттарды баяндаған видеосы жарияланғаннан кейін белгілі болды. Оның айтуынша, ұлдары бірнеше рет күш қолданған, сондай-ақ ақша талап етіп, құжаттарын тартып алған.
Жергілікті тұрғындар да бұл қақтығыстардың бірнеше ай бойы жалғасқанын растады. Оқиғалардың бірінде ер адамның ағасы араша түспек болып, жанжал кезінде пышақ жарақатын алғаны айтылды.
Полиция 12 ақпанда қылмыстық іс қозғады. Тергеу барысында зорлық-зомбылыққа 31 және 34 жастағы екі ұлының қатысы бары анықталды.
«Сот үкімімен олар кінәлі деп танылып, әрқайсысына қамауға алу түріндегі жаза тағайындалды», – деп хабарлады Жетісу облыстық полиция департаменті.
Сондай-ақ сот үш ай мерзімге оларға әкесіне жақындауға тыйым салды. Қазіргі уақытта ер адамдар қамауда, босап шыққаннан кейін профилактикалық есепке алынады.