«AMANAT» партиясының Ақмола облыстық филиалы жанындағы Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі Miras кеңесінің 2025 жылғы 11 маусымда көшпелі отырысы өтті.
300-ден астам кітап тарту етті
149
оқылды

Оның аясында кеңес мүшелері Бурабай ауданының Зелёный Бор ауылындағы күрделі жөндеуден өткен Мәдениет үйінде орналасқан ауылдық кітапханаға барды.

Іс-шара барысында кеңес мүшелері кітапхана қорымен танысып, қазақ тіліндегі көркем әдебиеттердің аз екеніне назар аударды. Осыған байланысты олар өздерінің жеке кітап қорынан кітап сыйлауға ниет білдірді.

Нәтижесінде, Miras кеңесі төр­ағасының орынбасары Құралай Ыды­рысова ауылдық кітапханаға 300-ден астам кітап табыстады.

«Кітап – ұлттың рухани қазынасы. Ауыл кітапханаларының қоры байып, әсіресе қазақ тіліндегі әдебиеттер көбейсе, бұл жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға үлкен ықпал етеді. Сондықтан осындай игі бастамаларды әрдайым қолдауға да­йынбыз», – деді Құралай Ыдырысова.

Сонымен қатар «Кітап-AMANAT» жобасының амбассадоры Серік Жет­пісқалиев өз шығармашылығы­нан бірнеше кітапты сыйға тартып, Зеле­ный Бор ауылындағы кітапхананың қызметкері Айгүл Абдрахмановаға тапсырды.

«Кітап – білім мен тәрбиенің бастауы. Әсіресе, ауыл кітапханаларының қорын толықтыру – қоғам үшін маңызды іс. Бұл бастама тұрғындардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, рухани дамуына өз үлесін қосады», – деді Серік Жетпісқалиев.

Елнар ЕЛТАЙ