Жангелдин ауылының бұрын хабар-ошарсыз кеткен тұрғындары Наурыз бен Мирамгүлдің денесі Атырау қаласының маңындағы Геолог шағын ауданынан табылды. Аikyn.kz бұл туралы АҚ Жайық басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Наурыз бен Мирамгүлдің денесі күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев әйелімен бірге бұрын жалға алған үйдің ауласынан табылған.
Кеше Сұлтан мен оның әйелі Ақбаян Алматыға жеткізілді. Алматыда Сұлтан Сәрсемәлиев Наурыз бен Мирамгүлді өлтіргенін мойындап, денесін бұрын Геолог шағын ауданында жалға алған үйдің ауласына көмгенін айтқан.
Бұл ақпаратты алғаннан кейін Атыраудағы тергеушілер қайтадан аталған аумаққа барып, мәйіттерді тапты.
Еске салайық, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері шетелдік әріптестерімен бірлесіп жүргізген жедел шаралар нәтижесінде Индонезия Республикасының Ломбок аралындағы Сенару ауылында аса ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілінген Сұлтан Сәрсемәлиевті ұстады. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша айып тағылып отыр.
Күдіктімен бірге оның бұрын халықаралық іздеуде жүрген, хабар-ошарсыз кеткен деп танылған бұрынғы жұбайы да табылған. Қазіргі уақытта оған да күдікті мәртебесі берілді.
Тергеу деректеріне сәйкес, олар 2025 жылғы 14 желтоқсанда Куала-Лумпурдан ұшқан рейспен Бали арқылы Индонезия аумағына кірген.
Қазіргі уақытта аталған іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.