Жақында «Жарқын Болашақ» бағдарламасының елордада білім алып жатқан студенттерімен мотивациялық кездесулер өтті. «ҚазМұнайГаз» компаниясының адами ресурстар жөніндегі бизнес серіктесі Гүлшара Наушақызы мен Bilim Foundation қорының президенті Ерлан Аманжолұлы жиынға арнайы қатысып, бағдарлама студенттерімен пікір алмасып, оқу орындарының тыныс-тіршілігімен танысты.
«Жарқын Болашақ» – Маңғыстау облысының жастарын қолдауға арналған білім беру бағдарламасы. Бағдарлама мамандандырылған мектептерде және үздік колледждерде оқуға мүмкіндік береді. Студенттерге тегін оқу, жатақханаға орналасу, жоғарылатылған шәкіртақы, тамақтану және жол шығындары, кәсіби және жеке даму мүмкіндіктеріне орай бар қолдау жасалған әрі білім алушылар жеке ментор мен психологтардың көмегін ала алады. Біз, алдымен, Астанадағы Техникалық колледжде білім алып жатқан студенттермен кездесуге бардық. Мұнда өндірістік-практикалық оқу кабинеттерін аралап, техникалық мамандықтар жайында ақпарат алдық.
– Қазір екінші курста оқимын. Машина жасау технологиясы мамандығы бойынша білім алып жатырмыз, оның ішінде кеңбейінді станокшы біліктігін алып шығамын. Бірінші семестрде теориялық білім алдық, екінші семестрден бастап практикалық сабақтарға көшіп жатырмыз. Практикаға колледж базасында мүмкіндіктің бәрі бар, өндіріс орындарына да барамыз. Алда білімімді жетілдіріп, осы салада қызмет еткім келеді, – дейді бағдарлама студенті Аманбай Қазыбек.
Айта кетерлігі, бағдарлама аясында студенттер сұранысқа сай 100-ге жуық мамандықтың бірін таңдап, білім ала алады. Қазір 1 100 маңғыстаулық жас елдің 9 өңірінде IT технология, туризм және медициналық, техникалық, педагогикалық мамандықтарды игеріп жатыр. Гүлшара Наушақызының айтуынша, бағдарламаны аяқтаған түлектерге жұмысқа орналасуға да қолдау табылады.
– Жаңаөзен, Жетібай, Қарақия сынды мұнайлы өлкенің жастары білім алып, тәжірибе жинағысы келеді, алайда оқу орындарының дені мұнай саласын оқытуға бейімделген. Сол себепті де «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы бұл өңірде басқа да сұранысқа ие мамандықтардың қажетін ескеріп, «Жарқын Болашақ» бағдарламасын қолдауға ұсыныс берді. Бағдарлама іске қосылғаннан бастап 1 500-ге жуық жасты оқытып шығардық. 400 түлегіміз жұмыс істеп жатыр, ал қалғаны жоғары оқу орындарына түсіп, білімін жетілдіріп жүр, – дейді Г.Наушақызы.
Ал Техникалық колледж директоры Абай Барманқұлұлы Қытай елімен келісімге отырып, электромобильдерді жөндеу мамандығын оқу бағдарламасына енгізіп жатқанын, колледж ұжымының ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару саласына да назар аударып отырғанын жасырмады. «Жарқын Болашақ» талай жастың болашағын жарқын етеріне, алда бағдарлама аясы кеңейе түсеріне сеніміміз мол.
Айсұлу СЪЕЗХАН