Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста Мәжіліс депутаттары бірқатар халықаралық құжатты, соның ішінде Дүниежүзілік банк тобы ұйымдарымен ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады.
Мәжіліс Дүниежүзілік банкпен арадағы келісімді ратификациялады
107
оқылды

Мәжіліс Бір тараптан Қазақстан Республикасы­ның Үкіметі және екінші тараптан Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі, Халықаралық Қаржы Корпорациясы мен Инвестициялар Кепілдігінің Көпжақты Агенттігі арасындағы Қазақстан Республикасының орнықты дамуына және өркендеуіне жәрдемдесу мақсатымен ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі әріптестік туралы негіздемелік келісімді ратификациялап, оны Сенатқа жолдады. 

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, осы құжатта мемлекеттік кепілдікпен берілетін қарыздар мен гранттық жобаларды іске асыру барысында ұлттық заңнамадан өзгеше нормаларды қолдану көзделген. Атап айтқанда, Дүниежүзілік банк тобының тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы, экологиялық, әлеуметтік, еңбек, гендерлік стандарттар мен ақпаратты көрсету нормаларын пайдалану ұсынылып отыр. 

Бұл Келісім жобаларды қаржыландыру құралдарын кеңейтіп, оларды іске асыру рәсімдерін оңтайландыруға, сондай-ақ мемлекеттік шығыстарды басым жобаларға қайта бөлу есебінен бюджетке түсетін жүктемені азайтуға жол ашады. 

– Келісім күшіне енгеннен кейін бірқатар инфрақұрылым жобаларын қаржыландыру жұмысы басталады. Олардың қатарында «Жезқазған –Қарағанды» және «Бейнеу – Сексеуіл» автожолдарын жаңарту және салу, Қазақстанның теміржол қатынасы мен көлік байланысын трансформациялау жобасын іске асыру, Қамбар-ата ГЭС-1 құрылысы және басқа да жобалар бар, – деді Серік Жұманғарин. 

Қосымша баяндама жасаған Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Ерлан Стамбековтің айтуынша, Дүниежүзілік банкпен арадағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру ұзақмерзімді перспективада Қазақстанда жаңа жұмыс орындарын ашуға, инновацияларды ынталандыруға, жеке сектор мен шағын және орта бизнесті дамытуға, озық халықаралық тәжірибелерді енгізуге және инвестициялық ахуалды жақсартуға ықпал етеді. 

Талқылау барысында депутаттар жауапты мемлекеттік органдар өкілдеріне Дүниежүзілік банкпен өзара іс-әрекет қағидаларын қайта қараудың себептері, басқа халықаралық қаржы институттарымен ынтымақтастықта осыған ұқсас тәжірибелердің бар-жоғы туралы сауалдар қойды. Сонымен қатар экономиканы дамыту үшін нақты қандай жобалар жүзеге асырылатынын, қаржы қандай басым салаларға бөлінетінін  және олардың әлеуметтік-экономикалық тиімділігі қандай болатынын нақтыланды. 

Жалпы отырыста сондай-ақ 1993 жылғы 22 қаңтардағы және 2002 жылғы 7 қазандағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бо­йынша құқықтық көмек пен құқықтық қаты­настар туралы Минск және Кишинев конвенция­ларына өзгерістер енгізу жөніндегі екі хаттама ратификацияланды. Оларды депутаттарға Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев таныстырды. 

Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі,  Динара Наумова атап өткендей, түзетулерге сәйкес кәмелетке толмаған балаларға алимент өндіру туралы сот бұйрықтары екі конвенцияға қатысушы мемлекеттердің аумағында танылуға және мәжбүрлеп орындалуға жататын сот актілерінің тізбесіне енгізіледі. Осылайша, басқа ТМД елдерінде тұратын борышкерлерге қатысты сот актілерінің нақты орындалуын қамтамасыз ететін алименттерді трансшекаралық өндіріп алу тетігі құрылады. 

Сонымен қатар Мәжіліс комитеттері Жеке детективтік қызмет туралы, 2010 жылғы 10 желтоқсандағы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің адамдарды мемлекетаралық іздестіру туралы шартына өзгерістер енгізу жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдады. 

Жалпы отырыс соңында депутаттар өзекті әлеуметтік және экономикалық тақырыптар бойынша мемлекеттік органдарға 14 депутаттық сауал жолдады. Олар Мәжілістің ресми сайтында және Telegram арнасында жарияланды.