Ақмола облысының Бурабай аудандық соты екі қылмыстық істі қарап, 18 жастағы екі жігітті психотроптық заттарды өткізу мақсатында заңсыз сақтау және тасымалдау фактілері бойынша кінәлі деп таныды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Сотта анықталғандай, 2025 жылдың қазан және қараша айларында жастар әлеуметтік желілер арқылы байланысқан кураторлардың нұсқауымен аудан аумағына келген. Оларға заңсыз әрекеттерді орындау тапсырылып, ақшалай сыйақы уәде етілген.
Сот үкімімен әрқайсысына орташа қауіпсіздік мекемесінде 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Бурабай ауданының прокуратурасы заңсыз есірткі және психотроптық заттардың айналымына қатысу қатаң қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.
Интернет арқылы ұсынылатын «жылдам табыс» туралы жарнамалар көбіне қылмыстық әрекеттермен байланысты болып, ауыр салдарға алып келуі мүмкін.