Мюзикл әлеміндегі жарық режиссурасы

Қазіргі театр өнерінің даму үдерісінде мюзикл жанры ерекше орын алады. Ол синтетикалық өнер түрі ретінде музыка, драматургия, хореография және сахналық безендіру элементтерін біртұтас көркем жүйеге біріктіреді.

Осы күрделі құрылымда жарық режиссурасы тек қосалқы техникалық құрал емес, қойылымның идеялық-көркемдік мазмұнын ашатын маңызды компонентке айналады. Біз білетін әлемдік деңгейдегі «The Phantom of the Opera», «Les Misérables»,«The Lion King» сияқты мюзиклдер үлкен жетістікке жетіп, миллиондаған көрерменнің ықыласына бөленді. Бұл туындылар мюзикл жанрының қаншалықты ауқымды әрі әсерлі екенін дәлелдейді.

Сондай-ақ, олардың табысқа жетуіне сахнадағы жарық, декорация, әрбір деталь және актердың шынайы ойыны себеп болды. Мюзикл жанры ХХ ғасырда музыкалық театрдың дербес түрі ретінде қалыптасты. Оның басты ерекшелігі – музыка мен драмалық әрекеттің тең дәрежеде дамуы. Зерттеуші С. Эверетт мюзиклді «музыкалық драматургия» мен сахналық көріністің бірлігіне негізделген театрлық форма» деп анықтайды. Мюзиклдегі жарық режиссурасының негізгі қызметтерінің бірі – драматургиялық құрылымды айқындау. Әр көріністің басталуы, дамуы және кульминациялық сәттері жарық арқылы көркемдік тұрғыдан белгіленеді.

Театр жарығы теориясын зерттеген А. П. Ершов болса, «жарық сахнадағы уақыт пен кеңістіктің көрінбейтін шекарасын айқындайды» деген. Бұл пікір мюзиклге де толықтай қатысты. Мысалы, жарықтың күрт өзгеруі драмалық шиеленісті күшейтсе, баяу бәсеңдеуі кейіпкердің ішкі психологиялық күйін көрсетуге мүмкіндік береді. Осы бірлікті қамтамасыз ететін құралдардың бірі – жарық режиссурасы. Жарық сахнадағы әрекеттің ритмін айқындап, музыкалық фразалармен үндеседі. Сонымен қатар ол көрерменнің назарын қажетті нүктеге бағыттап, сахналық композицияны тұтастырады.

Көрерменнің назарын бағыттап, эмоцияны күшейтетін және кейіпкерлерді бөліп көрсететін, сондай-ақ, шоу эффект жасау үшін мюзиклде жарық беру өте маңызды. Яғни, мюзиклдегі жарық режиссурасы арқылы қойылымдағы эмоцияны, атмосферасын, көрермен назарын басқарады. Себебі, жарық залда отырған әрбір көрерменге қай бағытқа қарау керек екеніне бағыттайды.

Мюзиклдегі жарық режиссурасы қалай жұмыс істейді десек, қойылымның көркемдік тұтастығын қамтамасыз ететін маңызды семиотикалық және композициялық компонент ретінде қарастырады. Мысалы, бір ғана прожектор басты кейіпкерге қарау керек болса, онда сахна қараңғы болады. Көңіл-күйді көрсету үшін түстерге мән беру керек. Уақыт пен орынға назар аудартуда күн, түн, таң, көше сияқты элементтер беріледі. Биге көңіл бөлу үшін шоу эффект жасаған дұрыс. Барлық аталған элементтер драмалық, музыкалық, вокалдық және хореографиялық құрамдастардың интеграциясы негізінде қалыптасады. Жалпы алғанда жарық режиссурасы сценография, визуалды коммуникация, перформативтік өнер және сахналық технология салаларымен тығыз байланыста дамиды.

Театр сценографиясы мен жарық режиссурасына қатысты Адольф Аппианың айтқаны бар. Швейцария елінің танымал театр теоретигі сахнадағы объектілер мен актерлерді жарық арқылы өмірге келтіре алатынын жеткізген. Себебі жарық көрерменнің эмоциясын күшейтіп, спектакльдің ритмін, музыкалық және драмалық ырғағын толықтырады. Қазақ театр әлемінде де талантты режиссерлер аз болған жоқ. Мәселен, Жұмат Шанин, Асқар Тоқпанов, Әзірбайжан  Мәмбетов, Жақып Омаров сынды ұлы тұлғалар режиссерлік мектептің қалыптасуына зор еңбек сіңірді. Олардың театр өнеріндегі ізденімпаздығы, режиссерлік көзқарасы және сахналық кеңістікті игеруі тым ерекше болатын.

Мюзиклде жарық сахнаның оқиғаларымен тығыз байланысты жұмыс істейді. Ол басталу, шиеленіс, басты сәт және аяқталу кезеңдерінде әртүрлі әсер береді. Сахнаға шыққан театр әртістері өз рөлін толықтай ойнап шығуы үшін жарық беру сәті әртүрлі бағытта болады. Бір уақытта бәсеңдеп көрсетілсе, бір уақытта жарық түстердің ауысуына байланысты жұмыс істейді. Мюзиклдегі жарық музыкамен бірге қозғалады: әннің ырғағы мен күшейіп-бәсеңдеуінен жарық та өзгеріп отырады. Демек мюзикл әлеміндегі жарық режиссурасы қойылымның ең маңызды бөліктерінің бірі саналады.

Жарық режиссурасында тағы бір маңызды мәселе - түске мән беру. Сахнаға әртүрлі түс беру арқылы сахнаның ішкі мағынасын ашуға болады. Бұл бағыттың би композициясына да әсері бар. Заманауи бағытқа сай, тағы бір айта кететін жайт – LED-технологияларды кеңінен қолдану, компьютерлік басқару және арнайы цифрлық басқару жүйесі. LED-технологияның ерекшелігі – энергия үнемдеп, түс сапасын арттыруға ықпал ететінді.

Жарық режиссурасы – көпфункционалды әрі технологиялық күрделі жүйе. Қойылымдағы визуалды драматургия әр көрерменге әсерлі көрінуі үшін қажет. Бұдан бөлек, музыкалық партитутара мен түстерге көңіл бөлу де жарық берудің сапасын көрсетеді. Сондықтан мюзиклдегі жарық қою – жай ғана техника емес, ол қойылымның маңызды бөлігі. Сол себепті оны ғылыми зерттеу нысаны ретінде қарастыруға болады. Жарық режиссурасы – мюзикл жанрында көркемдік тұтастықты қамтамасыз ететін негізгі элементтердің бірі. Ол драматургиялық құрылымды айқындап, музыкалық және хореографиялық әрекетті визуалды тұрғыдан толықтырады. Кәсіби тұрғыда ойластырылған жарық шешімдері мюзиклдің эстетикалық деңгейін арттырып, көрерменге терең эмоциялық әсер қалдырады.

Қазір мюзиклдер шетелде ғана емес, елімізде де жақсы дамып келеді. Елордада орналасқан «Astana Musical» мемлекеттік театрының «Мюзикл әлеміне саяхат» қойылымы қазір көрермендердің сұранысына айналды. Бұл қойылымда біз музыкалық композиция, хореогорафия, актерлік шеберлік, шоу элементтері мен сахналық бейнелерді жарық беру арқылы жандандырдық. Себебі, бұл қойылымыға бір емес, бірнеше рет келген көрермен болса, әр кез жаңа әсер алып қайтады. Әр келген сайын сахнадағы жарық, декорация мен актерлар ойынын басқа қырынан таниды. Бір қарағанда көзге жай ғана көрінетін детальдардың өзін көзі қырағы көрермен байқап қалады. Сондықтан мюзикл көрерменді қайта-қайта келуге қызықтырады. Биыл құрылғанына он жыл толып отырған аталмыш театрда бұдан бөлек, «Роза Бағланова», «Достар серті», «Алдар көсе» сынды көрермен көңілінен шығып жүрген мюзикл қойылымы бар.

Қорыта айтқанда, жарық режиссурасы – техникалық құрал ғана емес, мюзиклдің негізгі көркемдік компоненті. Ол музыкалық драматургияның, сахналық кеңістіктің және кейіпкерлердің психологиялық күйінің өзара байланысын көрерменге жеткізеді. Заманауи жарық технологиялары бұл үдерісті одан әрі жетілдіріп, сахналық әсерді күшейтеді.

Осылайша, мюзиклде жарық режиссурасы көркемдік‑драматургиялық шешімдердің маңызды құралы ретінде қызмет етеді, оның кәсіби деңгейде ұйымдастырылуы қойылымның көркемдік сапасын арттырады және көрерменге терең эмоционалдық әсер қалдырады. Тағы бір айта кететін жайт, жас актерлер бұл жанрға қызығушылық танытып, жаңа қойылымдар сахналануда. Болашақта мюзикл өнері одан әрі дамып, көрерменге жаңа әсер мен  мүмкіндіктер сыйлайды деп сенеміз. 

 

Айдар Ақыпбаев, «Astana Musical» мемлекеттік театрының әртісі