Конкурс Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы тарапынан өткізіледі.
Қазақстанда киножобаларды мемлекеттік қаржыландыруға іріктеу басталды
117
оқылды

1 наурыздан бастап Қазақстанда мемлекеттік қаржылық қолдауға үміткер киножобаларды конкурстық іріктеудің бірінші кезеңіне құжат қабылдау басталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Осыған байланысты ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева:

Құрметті достар! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сапалы және рухани тәрбиелік мәні бар кино жасау туралы тапсырмасына сәйкес жүзеге асып жатқан жыл сайынғы киножобалар конкурсы бүгін басталды.

Іріктеудің басым тақырыптары Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының сайтында жарияланды. Биыл туған жер, отбасы, салауатты өмір салты, ұлттық құндылықтар, еңбек, заң, тәртіп, табиғат, ғарыш, туризм сияқты жан-жақты тақырыптар легі ұсынылып отыр.

Маңызды жаңалықтардың бірі – іріктеу жасанды интеллекттің көмегімен өткізіледі. Бұл ашықтық пен шешім қабылдаудағы ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етуге көмектеседі.

Ережеге сәйкес бірінші кезеңде тек сценарийлер мен сценарий жоспарлары қабылданады. Екінші кезеңде құжаттар топтамасының толық сәйкестігі тексеріледі. Ал ашық қорғау мен питчинг кезеңі онлайн көрсетілім арқылы өтеді. 

Конкурс нәтижесінде мемлекеттік қолдау тапқан жобалардың 70 пайызы жас режиссерлердің туындылары екені ерекше қуантады. Сапалы, сауатты фильмдер түсіргісі келетін авторларға сәттілік тілеймін!-деді.

Айта кеткен жөн, конкурс Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы тарапынан өткізіледі. Өтінімдер 6 наурызға дейін (Астана уақыты бойынша 23:59-ға дейін) қабылданады.

Басым тақырыптар тізімі Кино орталығының ресми сайтында жарияланған. Ол киноиндустрия өкілдері, сарапшылар және қоғам қатысқан ашық талқылау нәтижесінде қалыптастырылды. Тақырыптар ұлттық құндылықтар, тарихи мұра, отансүйгіштік, ұрпақтар сабақтастығы, қазіргі қоғамдағы әйелдердің рөлі, экология және қоршаған ортаны қорғау мәселелерін қамтиды.

Биыл конкурс үдерісіне қазақстандық Silence AI стартапымен бірлесіп, жасанды интеллект құралдары тестілік форматта енгізілуде. ЖИ тек өтінімдердің техникалық талаптарға сәйкестігін тексеру үшін қолданылады және шығармашылық мазмұнға баға бермейді. Көркемдік сараптаманы сала мамандары жүргізеді.

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының Басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали іріктеу ашықтық пен әділдік қағидаттарына негізделетінін атап өтті. Оның айтуынша, соңғы уақытта қолдау тапқан 57 жобаның 40-ы жас режиссерлер мен дебюттік жұмыстарға тиесілі. Прокатта 1 миллиард теңгеден астам табыс тапқан «Qaitadan» фильмі — соның дәлелі.

Конкурс ережелері мен құжат тапсыру талаптары Кино орталығының ресми сайтында жарияланған.