Қант диабеті көбіне кеш анықталады. Егер емханаларда көзді автоматты тексеру, қан талдауын цифрлық бағалау сияқты жүйелер енгізілсе, ауруды ерте анықтау жеңілдейді.
Жасанды интеллект қант диабетін ерте анықтай ала ма?
Фото: istockphoto.com
153
оқылды

Қант диабеті бүгінде қоғамның ең өзекті мәселесіне  айналды. Бұрын бұл ауру көбіне үлкен адамдарда кездесетін болса, қазір жастар арасында да жиілеп барады. Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сүйенсек, елімізде 2025 жылға қарай диабетпен ауыратын адамдар саны 535 мыңнан асқан. Дәрігерге қаралмай жүргендерді қоса есептегенде, бұл көрсеткіш одан да көп болуы мүмкін, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Кейінгі жылдары медицинада жасанды интеллект деген ұғым жиі айтылып жүр. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – компьютердің үлкен деректерді талдап, заңдылықтарды таба алуы. Ғалымдар осы мүмкіндікті диабетті ерте анықтауға пайдаланып жатыр. Nature Medicine журналында жарияланған зерттеулердің бірінде адамдардың қан құрамындағы өзгерістер, тамақтану әдеті, қозғалысы сияқты деректер біріктіріліп, арнайы бағдарлама жасалған. Сол бағдарлама қант деңгейі қалыпты болған адамның болашақта диабетке бейімділігі бар-жоғын көрсете алған. Яғни, ауру басталмай тұрып қауіп туралы ескерту мүмкіндігі пайда болды.

Жасанды интеллектінің тағы бір қызық бағыты – көзді тексеру арқылы диабетті анықтау. Көздің тор қабығында болатын өте ұсақ өзгерістер жай көзге байқалмауы мүмкін, ал компьютерлік жүйе оны тез таниды. Қазіргі зерттеулерде мұндай жүйелердің дәлдігі 90 %-дан жоғары екені айтылып жүр. Бұл әсіресе дәрігер жетіспейтін аймақтар үшін тиімді болуы мүмкін. Ғалымдар зерттеулерді оодан әрі жетілдіріп, қан алмай-ақ диабет қаупін анықтаудың жолдарын іздеп жатыр. Мысалы, ақылды сағат пен фитнес-білезік арқылы деректерді жинап, арнайы бағдарламаға енгізсе, адамдағы зат алмасу өзгерістерін байқап, қауіп туралы алдын ала хабар бере алады.

Дегенмен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жасанды интеллектіге сақтықпен қарау керектігін ескертеді. Себебі кез келген бағдарлама дұрыс дерекпен үйретілмесе, қате нәтиже береді. Сондықтан ЖИ дәрігердің орнын баспайды, тек көмекші құрал болады. Соңғы шешімді тек кәсіби маман қабылдайды. Қазақстан үшін бұл технологияның маңызы зор. Қант диабеті көбіне кеш анықталады. Егер емханаларда көзді автоматты тексеру, қан талдауын цифрлық бағалау сияқты жүйелер енгізілсе, ауруды ерте анықтау жеңілдейді. Бұл асқынудың алдын алып, емдеу шығынын да азайтар еді. 

Айкөркем САҒАТ, 

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 

Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің 4-курс студенті