Жаңа Конституция: Отбасы мен бала мүддесі – басты назарда

Бүгінде Қазақстан қоғамы 15 наурызда өтетін жалпыұлттық референдумға әзірленіп, жаңа Конституция жобасымен жан-жақты танысып жатыр.

Жаңадан қабылданатын Ата Заңның мазмұны мен құндылықтары саналы азаматтарды бейжай қалдырмайтыны анық. Себебі бұл – мемлекетімізді жаңа кезеңге бастайтын аса маңызды құжат. Жаңа Конституция жобасында қоғам үшін ерекше маңызға ие бірқатар мәселе нақты көрінісін тауып, олардың құқықтық сипаты айқындала түсті. Біз мұндай жаңашылдықтарға сауалға жауап беру үлгісінде үңіліп көрдік.

Алдымен неке мәселесіне назар ауда­рғымыз келеді. Конституция жобасында оған «Неке – ерікті және теңқұқықты одақ» деп баға берілген. Осы орайда жаңа Конституциядағы некеге қатысты норма­ның 3 маңызды тұсына тоқтала кетейін. Біріншіден, неке – ер мен әйелдің одағы. Яғни, өзге одақ неке ретінде тан­ыл­майды деген сөз. Біз жаһандану дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Ел азаматтары шет мемлекеттерге емін-еркін бара алады. Өзге елдердегі адамдардың өмірімен танысады. Ақпараттық кеңістік арқылы да түрлі мемлекеттің мәдениеті мен үрдісін көріп отырмыз. Кей мемлекет­тер­дегі біржынысты қатынас одағы біздің қоғамымызға жат, сондықтан біз оларды неке ретінде танымаймыз.

Екіншіден, неке – ер мен әйелдің ерікті, әрі тең одағы. Яғни, осы екі тарап­тың ерікті және теңқұқықты негізінде ғана отбасы құрылады деген сөз. Бұл норма мәжбүрлі неке, қысым көрсету, кемсіту сияқты әрекеттерге жол беріл­мейтінін айқындайды. Сонымен қатар отбасы мүшелерінің құқығы мен жауап­кершілігі де тең деген сөз. Бұл қағидат отбасы институтын әлсіретпей, заманауи құқықтық стандарттарға сай нығайтады.

Үшіншіден, неке – мемлекет заңға сәйкес тіркеген одақ. Яғни, ерлі-зайып­тылардың құқығы мен міндеті тек уәкілетті органдарда ресми тіркелген сәттен бастап пайда болады және Конституция мен қолданыстағы заңнама аясында қорғалады. Ол – отбасы мүшелерінің, жұбайлардың және болашақ балалардың әлеуметтік әрі мүліктік құқығын қамтамасыз етудің негізгі кепілі.

Конституция жобасында неке инсти­тутына қатысты қамтылған нормалардың өзегі – осы. Одан бөлек, Ата Заң жобасында қоғамды алаңдатқан бірқатар мәселе қамтылды. Атап айтқанда, құжатта әйел затын кемсіту, олардың құқығын таптау, қыз алып қашу, қудалау (сталкинг) жасау тәрізді жағымсыз үрдістерге жол бермейтін құқықтық іргетас бар.

Әдетте, Ата Заңда жалпы құқықтық қағидаттар белгіленеді. Ол Конституция­ның 2-бөліміндегі баптарда толық қамтылған. Онда адамның ар-намысына, бостандығы мен жеке өміріне қол сұғыл­майтыны бекітіледі. Ал салалық заңнамада «қыз алып қашу», қудалау сияқты әрекет­терге қатысты жауапкершілік көзделіп отыр. Жаңа Конституция мұндай құқық­бұзушылықтарға мүлде төзбеушілік қағидатын нығайтып, заңдардың мүлткісіз орындалуына негіз болады.

Әлбетте, біз көтеріп отырған тақы­рыптар өз бастауын көптің көкейінде жүрген сұрақтардан алады. Сондықтан кей сауалдарды нақты атай отырып, жауап іздеген жөн. Мәселен, азаматтар арасында «Жаңа Конституцияда әйелдер мен балалар құқығы жеткілікті деңгейде қорғалған ба?» дейтін сауал туындауы мүмкін. Бұған жауап ретінде, ең алдымен қол­даныстағы заңнамада әйелдер мен балалардың құқығын қорғауға бағытталған нақты нормалар бар екенін атап өту қажет. 

Мемлекет олардың қауіпсіздігін, білім алуын, денсаулығын және әлеуметтік тұрғыда қорғалуын қамтамасыз етуге міндетті. Кейінгі жылдары тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, бала­лардың құқығын қорғау тетіктері күшей­тілді. Көп норма әкімшілік жауапкер­шіліктен қылмыстық жауапкершілікке ауыстырылды. Ұлттық статистика бюро­сының мәліметіне сәйкес, 15-49 жас ара­лығындағы әйелдердің 3,2%-ы жыныстық тұрғыда қорлық көрді. 2024 жылы 51 мыңнан астам әйелге қатысты зорлық-зомбылық жағдайы тіркелді. Дегенмен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық көрсеткіші айтарлықтай азайды. 2019 жылмен салыстырар болсақ, 2024 жылы мұндай деректер саны екі еседен астам азайды. Алайда дәл осы бағыттағы жұмысты күшейту – мемлекеттің басты міндетінің бірі.

Тағы бір сауал азаматтық некеге қатыс­ты туындайды. Қазақстан қоғамында «азаматтық неке» ұғымы қалыпты деңгейде қабылдана бастағанын мойындауға мәжбүрміз. Алайда азаматтық некенің құқықтық мәртебесі бар ма? Мәселе, міне осында. Сондықтан «Жаңа Консти­туция қабылданса, азаматтық некеге рұқсат беріле ме?» дейтін сұрақ кесе көлденең тұрады.

Жауап берер болсақ, қазірдің өзінде заң бойынша азаматтық хал актілерін тіркеу органдарында рәсімделген некенің ғана ресми заңды күші бар. Ал мемлекеттік тіркеуде тұрмаған соң, діни неке қию әрекеті де заңсыз. Адамдардың діни, ру­хани ұстанымдарын құрметтей отырып, заңсыз әрекетке жол бермеуіміз керек. Себебі әйелдің, баланың және ер адамның құқығы мен міндеттерін тек заңды неке ғана айқындайды. Ал азаматтық қатынас – жауапкершіліктен тыс әрекет. Оны неке деп атауға болмайды. Себебі Конституция отбасын мемлекеттің негізі деп таниды. Сондықтан неке заңмен қорғалуға тиіс.

Әдетте, «азаматтық неке» формасын ұстанатын адамдар өз әрекетін діни нан­ым-сенім шарттарымен ақтап алуға тырысып жатады. Рас, Конституцияда діни сенім бостандығына кепілдік берілген. 7-бапта «Дін мемлекеттен бөлек» деп нақ­ты жазылған. Алайда бұл нормада балалардың таңдау еркіндігін де ескеру қажет. Осы себепті «Мемлекет діннен бөлінген» нормасы балалардың таңдау еркіндігін қамтамасыз ете ме?» дейтін сұрақ та өзекті болып отыр. Ал енді жауап беріп көрелік. 

Конституцияға сәйкес, мемлекет зай­ыр­лы қағидаттарды ұстанады. Конс­титуцияда мемлекет діннің қоғамда алар орнын мойындайды. Сонымен бірге әр аза­маттың ар-ождан және діни сенім бос­­тан­дығына қатысты құқығын қамтама­сыз етеді. Зайырлы қағидаты, ең алдымен, ешбір дінге артықшылық бермеуді және азаматтарды діни сеніміне қарай кемсіт­пеуді көздейді. Балаларға қатысты айтар болса, мемлекет кәмелетке толмаған бүлдіршіндердің құқығын қорғау мәселе­сіне ерекше назар аударады. Балалардың құқықтық мәртебесі толық қалыптаспаған­дықтан, мемлекет олардың міндетті орта білім алуына, денсаулығын сақтауға және жан-жақты дамуына кепілдік береді. 

Жаңа Конституция жобасының 33-бабы, 5-тармағында «Рухани (діни) білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағындағы білім беру ұйымдарында білім мен тәрбие беру жүйесі зайырлы сипатқа ие» деп ашық әрі нақты жазылған. Бұл дегеніңіз – мем­ле­кет білім беру мекемелерінің зайырлы сипатын сақтау арқылы балалардың таң­дау еркін де қамтамасыз етеді деген сөз.

Қорыта келгенде, жаңа Конституция жоба­сының ең негізгі ерекшелігі – адам құқықтарына басымдық берілуінде. Адам құқығы мен бостандығы – Конститу­цияның маңызды басымдығы.

Шолпан КАРИНОВА,

«AMANAT» партиясының Хатшысы