Депутаттардың бастамасымен әзірленген заң жобасы ғылыми-техникалық қызметті одан әрі жетілдіруге бағытталған. Оның нормаларын түзетулерді әзірлеушілердің бірі, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов таныстырды.
Алдымен мәжілісмендер ғылыми жобаларды жүзеге асыру мерзімдерін бекітетін түзетулерді қарастырды, олар келісімшарт жасалған күннен бастап іс-шаралар күнтізбелік жоспары бойынша толық кезеңге қолданылады.
– Енді біз ұсынған нормаларға сәйкес, ғылыми жобаны бастау мерзімі автоматты түрде қаңтар айынан емес, нақты сол келісімшарт жасалған күннен бастап белгіленуге тиіс. Сәйкесінше, ғалымдар енді бөлінген қаражаттың 70-80 пайызын емес, толығымен 100 пайызын алып, жоспарланған уақытты да 100 пайыз пайдаланып, сапалы зерттеу жүргізуіне мүмкіндік туады, – деді депутат.
Ұлттық ғылым академиясының квазимемлекеттік сектор субъектісі ретіндегі мәртебесі заң жүзінде бекітіледі. Бұл оның мүлкін қалыптастыру және басқару тәртібін заңнамамен реттеуге, басқару механизмдерін жүйелеуге, қаржыландыру көздерін анықтауға жол ашады.
Депутаттар ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің құқықтық мәртебесін көтеру мақсатымен олардың өз қызметін жоспарлауға, зерттеу нәтижелерін еркін жариялауға және академиялық еркіндігін пайдалануға құқық беретін нақты нормаларды енгізді.
Сонымен қатар заң жобасы «ұжымдық пайдалану зертханасы» ұғымын және барлық ғалымның осындай зертханаларда жұмыс істеуін қамтамасыз ететін арнайы механизмді енгізеді. Бұған қоса пәндік олимпиадалар бойынша ұлттық құрамадағы дарынды балалар мемлекеттік университеттердің зертханаларын тегін пайдалану құқығына ие болады.
Асхат Аймағамбетов заң жобасында азаматтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі де шешілетінін атап өтті. Депутаттар тіркеу, сараптама жүргізу, шекті бағаны анықтау және ұлттық дәрілік формулярға енгізу қызметтерін біріктіретін біртұтас композиттік қызмет енгізуді ұсынып отыр. Осы арқылы тіркеу мерзімін 210 күннен 100 күнге дейін қысқартуға болады. Ал халықаралық қатаң тіркеуден өткен жаңа препараттар үшін IMA сияқты ұйымдар бекіткен жеңілдетілген тіркеу тәртібі қарастырылған.
Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігіне тіркеуді өздігінен бастау құқығы беріліп, өмірлік маңызы бар дәрі-дәрмектерді фармацевтикалық компаниялардың ұсыныстарын күтпестен тіркеуге мүмкіндік беріледі. Елімізде өндірілетін дәрілердің құрамын сапалық тұрғыда бақылау күшейеді.
Талқылау барысында депутаттар баяндамашы мен жауапты мемлекеттік органдардың өкілдеріне ғылыми жобаларды іске асыру жоспары, экономикалық негізділік критерийлері және ғылыми зерттеулер бюджетінің ашықтығы туралы сұрақтар қойды. Сауалдардың біразы ғылыми зертханалардың саны, ғалымдардың заманауи жабдықпен қамтамасыз етілуі, мүгедектерге арналған зертханалық базаның қолжетімділігі сынды жалпы инфрақұрылымға қатысты болды.
Дәрімен қамтамасыз ету саласына ерекше назар аударылды. Депутаттар тіркеу процедураларын жеңілдету азаматтардың өмірлік маңызы бар дәрілерге қолжетімділігін, шын мәнінде, қаншалықты арттыратынын, ол фармацевтикалық нарық сапасына қаншалықты ықпал ететінін нақтылады. Сондай-ақ сараптаманы созып жіберген лауазымды тұлғаларға қатысты жауапкершілікті күшейту, дәрілерді формулярға енгізу бойынша әрекетсіздікке қарсы шараларды қатаңдату ұсынылды.
Талқылау қорытындысында депутаттар ғылым мәселелеріне қатысты түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Олар әрі қарай депутат Асхат Аймағамбетов жетекшілік ететін жұмыс тобының отырыстарында талқыланады.
Сонымен қатар Мәжіліс 2025 жылғы 28 ақпанда Астанада жасалған, заңсыз тұрған тұлғаларды қайта қабылдау және транзиттеу бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Аустрия Республикасының Федералдық Үкіметі арасындағы Келісімді ратификациялап, Сенатқа жолдады. Құжат екінші тараптың аумағында болу ережелерін бұзған немесе қиын жағдайда қалған азаматтарды (мысалы, құжаттарын жоғалтқан) елге қайтаруды қарастырады.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің айтуынша, бұл келісімді ратификациялау визалық режимді жеңілдетуге мүмкіндік береді. Өз кезегінде, құжаты жоқ немесе Аустрия аумағында заңсыз тұрған қазақстандық азаматтарды ешқандай санкциясыз (елден шығару немесе айыппұл салу сияқты) қайтаруға жол ашылады. Сонымен қатар тиісті елдің уәкілетті органдары азаматты туған еліне қайтару үшін керекті құжаттарды рәсімдеуге көмектеседі.
Қосымша баяндама жасаған жұмыс тобының жетекшісі Наталья Дементьева аталған келісімде тараптардың заңсыз мигранттар мен бір мемлекет аумағында болу немесе тұру талаптарына сәйкес келмейтін тұлғаларды қайтару ережелері және мерзімдері бекітілетінін хабарлады. Қабылдау, беру және транзит барысында тек екі ел азаматтарына ғана емес, үшінші ел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға да қатысты бірлескен әрекет тәртібі белгіленді.
Қазіргі уақытта Қазақстан реадмиссия мәселелері бойынша 21 мемлекетпен, оның ішінде Бельгия, Германия, Нидерланды, Ресей және Швейцария елдерімен белсенді ынтымақтастық орнатқан.
Жалпы отырыста салалық комитеттер: Әскери қызметкерлердің құқықтық мәртебесін, қорғаныс және әскери қызмет мәселелерін жетілдіру, Педагог мәртебесі мен білім саласын дамытуға байланысты түзетулер, Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне қосымша өзгерістер енгізу, Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Халықаралық қайта құру және даму банкі, Халықаралық қаржы корпорациясы және Инвестициялар кепілдігінің көпжақты агенттігі арасындағы серіктестік туралы келісімді ратификациялау арқылы тұрақты даму мен елдің өсуін қолдау туралы жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдады.
Жалпы отырыс соңында депутаттар өзекті әлеуметтік және экономикалық мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға 8 депутаттық сауал жолдады. Сонымен қатар жаңа Конституция жобасының кейбір баптарына қатысты мәлімдемелер жасалды. Олар Мәжілістің ресми сайтында және Telegram арнасында жарияланды.