Делегацияны Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бастап барды. Кездесуге Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, Конституциялық комиссия өкілдері және басқалары қатысты.
Петропавл электротехникалық зауытының ұжымы конституциялық реформаны қолдады
157
оқылды

«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелері «Петропавл электротехникалық зауытының» еңбек ұжымымен жаңартылған Ата заң жобасын талқылады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Делегацияны Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бастап барды. Кездесуге Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, Конституциялық комиссия өкілдері және басқалары қатысты.

Жиында жаңа Конституция жобасы мен алдағы референдумға қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қатысушылар айқын ережелер үстемдік етіп, азаматтардың құқықтары қорғалатын, қоғам мен билік арасындағы сенім нығаятын тұрақты және әділетті мемлекет құрудағы Ата Заңның рөлін талқылады.

Аида Балаева заманауи өндіріс үшін цифрландырудың, экологиялық жауапкершіліктің және адами капиталды дамытудың маңызына тоқталып, аталған басымдықтар жаңа Конституция жобасында көрініс тапқанын жеткізді.

«Бұл адам үшін де, өндіріс үшін де маңызды. Себебі деректер қауіпсіздігі, үдерістердің тұрақтылығы мен сенім күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Қазіргі заманғы зауыт үшін цифрландыру мен автоматтандыру – тек тиімділік емес, сонымен бірге жауапкершілік: технологиялық үдерістерді қорғау, басқарушылық, сенімділік пен сапаның кепілі.  Табиғатқа жанашырлық, еңбек қауіпсіздігі мен өндірістік стандарттарды сақтау да айрықша мәнге ие. Қазіргі экономика технологиялық дамуды және экологиялық жауапкершілікті талап етеді. Конституцияда бекітілетін құндылықтар ортақ бағдарды айқындайды. Қарқынды даму заманында да адам құрмет көрсетуі, заң мен тәртіпке адал болу және болашақ алдындағы жауапкершілікті сезінуі қажет. Сонымен қатар адами капиталды – білімді, ғылымды, инновацияларды дамыту басымдығы ерекше атап өтілген. Электротехникалық сала үшін бұл қағидаттардың мәні зор. Заманауи өндіріс құзыреттілікке, инженерлік ойлауға және сапа мәдениетіне сүйенеді», – деді Аида Балаева.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясы жетекшісінің орынбасары Ерлан Саиров жаңа Конституцияның негізгі ерекшеліктерінің бірі – оның мемлекеттік тілде, яғни қазақ тілінде жазылғанын, сондай-ақ дәстүрлі мәдениетті сақтау мен ұлттық құндылықтарды қорғау туралы нақты нормаларды қамтитынын сөз етті.

«Қазақта «Елу жылда ел жаңа» деген мақал бар. Алайда бізде небәрі 35 жылдың ішінде түбегейлі өзгерістер орын алды – бүгінде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект дәуірінде өмір сүріп отырмыз. Сондықтан жаңа Конституцияға XXI ғасырдың заманауи үрдістері мен бағыттары енгізілді. Сонымен қатар мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелері толық сақталады», – деді депутат.

«Зенченко и К» директоры Геннадий Зенченко өз сөзінде жүргізіліп жатқан реформаларға еңбек ұжымдарының белсенді қатысуының маңызына тоқталып, елдегі өзгерістер азаматтардың сұраныстарына тікелей байланысты екенін айтты.

«Сіздер – заманауи кәсіпорында еңбек етіп жатырсыздар. Бүгінде өндірісті дамытып отырған – жастар. Басқару жүйесінде, тәсілдерде, сайлау барысында көріп отырған өзгерістер – жай ғана ұран емес. Президент мемлекет халықтың үнін естуі тиіс екенін айтты. Азаматтардың өтініштері сараланған кезде заңнамада қайта қарауды қажет ететін мәселелер бар екені айқындалды. Бұл әсіресе өңірлерде, соның ішінде Солтүстік Қазақстан облысында кадр тапшылығы мәселесі айқын сезіледі. Сондықтан референдумдағы бастамалар осындай өзекті мәселелермен тікелей байланысты», – деді ол.

Кездесу соңында зауыт қызметкерлері өз сұрақтарын қойып, ұсыныстарын білдірді. Сондай-ақ референдум әрбір азаматқа ел болашағына өз үлесін қосуға мүмкіндік беретін маңызды қадам екені атап өтілді. Әр азаматтың өз ұстанымын білдіруі қоғамдық жауапкершілікті арттырып, мемлекетіміздің дамуына оң әсерін тигізері анық.