Бокстан әлем чемпионы Айбек Оралбай өз оқырмандарын ел болашағына қатысты бірге таңдау жасауға шақырды.
Айбек Оралбай: Таңдау жасау – ел болашағына жауапкершіліктің белгісі
126
оқылды

Қазір қоғамда қызу талқыланып жатқан маңызды мәселенің бірі – Конституциялық реформалар. Әлеуметтік желіде өз ой-пікірін білдірген отандастарымыздың ішінде спорт пен өнер жұлдыздары да аз емес. Солардың бірі – бокстан әлем чемпионы Айбек Оралбай өз оқырмандарын ел болашағына қатысты бірге таңдау жасауға шақырды, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Мен үшін жарыстағы ең басты жетістік – шаршы алаңға шығып, өз мүмкіндігімді жүз пайыз көрсету. Жеңістің кілті – жауапкершілікті өз мойнына ала білу, қиын сәтте тайсалмай соңына дейін күресу. Бұл жерде кім шыдамды, кім көбірек еңбектенеді, сол боксшының жеңіске жету мүмкіндігі жоғары. Жауапкершілік – тек спортта ғана емес, өмірде де, ел болашағында да маңызды ұғым. Ол жаңартылған Конституцияда кеңінен қамтылған. Баршаларыңызды 15 наурыз күні өтетін референдумға шақырамын. Таңдау жасау – нағыз жауапкершіліктің белгісі», деп жазды әлем чемпионы.

Белгілі актер Ғани Құлжанов халыққа арнаған сөзінде Конституциямызға енгізілетін өзгерістер уақыт талабынан туындап отырғанын айтты.

«Алдағы референдум – мемлекетіміздің даму бағытын айқындайтын тарихи мүмкіндік. Бүгінгі қоғамға әділдік пен ашықтық қажет. Ұсыныстардың ішінде Конституциялық соттың мәртебесін күшейту қарастырылған, азаматтардың тікелей өтініш беру құқығы кеңейтіледі, жергілікті басқару жүйесін жетілдіру де маңызды бағыттың бірі. Бұл реформалар «халық үніне құлақ асатын мемлекетті» нығайтады. Біз әрқашан ел болашағына жауаптымыз. Референдумға қатысып, өз дауысымызбен тарихи өзгерістерді қолдауға шақырамын!», деді өнер иесі.

Кино және театр актрисасы, еліміздің еңбек сіңірген қайраткері Данагүл Темірсұлтанова да әлеуметтік желіде оқырмандарын 15 наурызда өтетін республикалық референдумға келіп, дауыс беруге шақырса, Астанада өтіп жатқан грек-рим, еркін күрес және әйелдер күресінен U17 және U20 жас санатындағы ел чемпионатының ресми ашылу салтанатында жаңа Конституцияны қолдау акциясы ұйымдастырылды.