Жамбыл облысында жаңа Конституция жобасын ашық және жалпыхалықтық талқылауды қамтамасыз ету мақсатында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының өңірлік филиалының мүшелері «Жамбыл Су» мекемесінің жұмысшыларымен кездесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz референдум сайтына сілтеме жасап.
Әңгіме тұрақты жұмыс, қауіпсіздік және еңбек адамына деген құрметтің мән-маңызына арналды. Жиын барысында Ата Заңға өнідіріс пен экономикалық өсім үшін қолайлы, айқын әрі тұрақты нормалар енгізілгені айтылды.
Кездесуде өңірлік коалиция жетекшісі Дауыл Бейсенқұлов пен коалиция мүшелері Батырбек Құлекеев, Рашид Пірманов, Ержан Данай және Кенжеғали Шиілбек пен Ерік Аманжолов жаңа Конституция жобасына қатысты ой-пікірлерімен бөлісті.
Олардың айтуынша, бұл – ел дамуының жаңа кезеңіне бастайтын маңызды қадам. Осынау құжат саяси жүйені жаңғыртып, билік тармақтарының теңгерімді әрі тиімді жұмысын қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек азаматтардың мемлекет басқаруға қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтады.
Жиын барысында жалпыұлттық референдум аясындағы конституциялық реформаның маңызы жан-жақты талқыланды. Алғашқы сөзді алған коалиция мүшесі Батырбек Әбдірәсілұлы конституциялық реформалардың әлеуметтік салаға оң серпін беретініне тоқталса, Кенжеғали Шиілбек экология мәселесін тілге тиек етті. Ол өз сөзінде табиғатты қорғап, аялап, табиғи ресурстарға ұқыпты қарау – әрбір азаматтың міндетіне кіретінін жеткізді.
Кездесу соңында коалиция мүшелері қарапайым жұмысшылар ел болашағына қатысты маңызды бастамаларға қолдау көрсететініне сенім білдіріп, келесі айда өтетін саяси науқанда белсенділік танытуға шақырды.