Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде «Конституциялық жаңғыру: құқықтық мемлекетке қадам» тақырыбында кездесу өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz референдум сайтына сілтеме жасап.
Конституциялық реформаны талқылауға құқықтану кафедрасының меңгерушісі, философия докторы (PhD), доцент Айнұр Нурутдинова, Қазақстан халқы Ассамблеясы және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты Үмбетхан Сәрсембин қатысты.

– Жаңа Конституция жобасында адам капиталына басымдық берілген. Мұнда әділеттілік, заң мен тәртіп, табиғатқа ұқыпты қарау сияқты қағидаттар бекітілген. Әр азаматтың ел алдындағы жауапкершілігі Ата Заңды кұрметтеуден басталады. Яғни, құқықтық мәдениетті арттыру арқылы үлкен нәтижеге қол жеткізе аламыз. Ғылым мен білімді дамыту еліміздің инновациялық әлеуетін арттырып қана қоймай, инвестицияны ұлғайтуға сеп болары сөзсіз.
Сондай-ақ Ата Заң жобасында тәуелсіздік, ұлттық мүдде, ұлттық құндылықтар, әрбір азаматтың өмір сүру құқын қамтамасыз ету, білім мен ғылым, талантты жастарды қолдау сияқты дүниелерге баса назар аударылған. Бұған дейін де ғылымға, мәдениетке ерекше көңіл бөлінді. Мемлекет тарапынан қолдау да көп. Бірақ қоғам ішінде бұдан да басқа өзекті мәселелер баршылық. Барлығы осы адами капиталға келіп тіреледі. Сондықтан осы аталған құндылыққа мемлекет тарапынан көңіл бөлініп, барлық салада кісілік, еңбек бағаланса, адамдардың өзіне және қоғамына деген сенімі нығая түспек, – деді философия ғылымдарының кандидаты Үмбетхан Сәрсембин.

Іс-шарада философия докторы (PhD), доцент Айнұр Нурутдинова жаңа Конституция жобасының басты ерекшеліктеріне тоқталып, оның тұжырымдамалық негіздерін ашып айтып берді.
Кездесу барысында заң саласының мамандары, жас оқытушылар мен мамандар сарапшыларға сұрақтарын қойып, алда өтетін референдумда белсенділік танытатынын жеткізді.