Мектептің басшысы алаяқтық жасағаны үшін 6 жылға түрмеге қамалды.
Атырау қаласында жекеменшік мектеп басшысы алаяқтық үшін сотталды
120
оқылды

Бір кездері жарнамасы жер жарған LETS School мектебі жабылып, басшысы 6 жылға сотталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Тергеу мәліметінше, жеке мектеп ата-аналардан шамамен 120 млн теңге жинап, кейін жұмысын тоқтатқан. Мектептің басшысы алаяқтық жасағаны үшін 6 жылға түрмеге қамалды.

Мектеп лицензиясыз ашылған. Бірақ, жарнамасы күшті болып, ата-аналардан оқу ақысы бір жылға алдын ала алынған. Балаларға сапалы білім, НЗМ, БИЛ сияқты элиталық мектептерге дайындық курстары, ҰБТ-дан жоғары балл жинауға уәде беріліп, тамақтану мен тасымал да қызмет түріне кіреді деп сендірген. 

Мектеп 2024 жылдың қыркүйегінде ашылып, 2025 жылдың ақпанында жабылып қалды. Қыстан бастап мұғалімдерге жалақы кешігіп, сабақтар болмай бастаған. Соның салдарынан ата-аналар балаларын басқа мектепке ауыстыруға мәжбүр болды.

Көп отбасы бір балаға шамамен 1 млн теңге төлеген. Кейбір ата-ана екі-үш бала үшін бірнеше миллион теңгені бірден берген. 100-ден астам ата-ана жәбірленуші болып танылды.

Қазіргі таңда ата-аналардың ақшасы әлі қайтарылған жоқ.

Баян Жанұзақова