Алға ауылында тұратын Ұлы Отан соғысы ардагері Солтанбай Жарықбасов туған күнінде Еңбекшіқазақ ауданы қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің әскери қызметшілері мен жергілікті әкімдік өкілдерімен кездесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Қорғаныс министрінің атынан құттықтау хат пен естелік сыйлықтар тапсырған Еңбекшіқазақ ауданы қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы, майор Болат Смайылов майдангерге зор денсаулық және ұзақ ғұмыр тіледі.
– Ардагерді жеке құттықтау біз үшін үлкен мәртебе. Мұндай кездесулер өте маңызды. Көзі тірі тарихтан тағылым алып, ұрпақтар сабақтастығын сезіндік, – деп атап өтті ол.
Солтанбай Жарықбасов 1925 жылы 17 ақпанда Еңбекшіқазақ ауданы Алға ауылында дүниеге келген. 1943 жылы қызыл әскер қатарына шақырылды. Ташкентте мергендер даярлайтын курсты бітіріп, пулемет бөлімінің командирі ретінде Байкал майданының 25-ші Қызыл ту механикаландырылған бригадасына жіберілді.
Ғасыр жасаған қарияның естеліктерін тыңдасақ, әкесі де, екі ағасы да соғысқан. Солтанбай Жарықбасов 1950 жылы ғана елге оралды. Педагогикалық білім алып, туған жерінде мұғалім болып жұмыс істейді де, кейін мектепті басқарды.

Жұбайымен 60 жылдан аса бірге ғұмыр кешіп, 8 бала тәрбиелеп өсірді. Қария 78 немере-шөбере және төрт шөпшек сүйді.
Отан алдындағы қызметі үшін Солтанбай Жарықбасов I дәрежелі Отан соғысы және «Құрмет» ордендерімен, «Жапонияны жеңгені үшін» және «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. Ардагер Еңбекшіқазақ ауданы мен Бәйтерек ауылдық округінің Құрметті азаматы.
Қонақтарды жылы қарсы алған майдангер көрсетілген ықылас-ілтипатқа ризашылығын білдіріп, құттықтап келгендерге қол жайып, ақ батасын берді.