Жоба Қазақстанның гидрометеорологиялық қауіпсіздігін нығайтуға, қауіпті табиғи құбылыстар туралы ерте ескерту жүйесін дамытуға, сондай-ақ «Қазгидромет» пен ҚазҰУ арасындағы ғылыми және оқу-әдістемелік ынтымақтастықты кеңейтуге үлес қосады.
ҚазҰУ Суперкомпьютер орталығында ауа райының сандық болжам моделі іске қосылды
Фото: gov.kz
135
оқылды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Суперкомпьютер орталығында республиканың Ұлттық гидрометеорологиялық РМК («Қазгидромет» РМК) Қазақстан аумағы үшін жоғары дәлдіктегі ауа райы сандық болжам моделін іске қосты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Ауа райы болжамы қазіргі заманғы Weather Research and Forecasting (WRF) моделі арқылы ҚазҰУ-дың Farabi Supercomputer Center орталығының ресурстарында есептеледі, Орталық Азиядағы бұл суперкомпьютер – ең қуатты суперкомпьютердің бірі. Қолданылатын WRF моделі жоғары кеңістіктік дәлдікті қамтамасыз етеді – әрбір есеп 2 шақырым бөлшекте көрсетіледі.

Жоба Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен жүзеге асып, суперкомпьютер іске қосылғаннан кейін РМК «Қазгидромет» пен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ арасында ынтымақтастық орнатылды.

ҚазҰУ-дың Farabi Supercomputer Center орталығының директоры Әмірхан Темірбаевтың пікірінше, жобаның нәтижесі бірнеше ай бойы күнделікті жұмыстың жемісі. Суперкомпьютер орталығы мамандары есептеу түйіндерін баптау, сервер конфигурациясын оңтайландыру, күнделікті есептеулерге ресурстар бөлу және модельді автоматты түрде іске қосу жұмыстарын жүргізді. Ал «Қазгидромет» мамандары WRF моделін бейімдеу және баптау, оның параметрлерін калибрлеу, болжам сапасын тексеру және шығу деректерін талдау жұмыстарын атқарды. WRF күн сайын Farabi Supercomputer Center орталығында автоматты түрде іске қосылып, Қазақстан аумағы бойынша жоғары дәлдіктегі болжамдар береді, бұл қауіпті ауа райы құбылыстарын алдын ала ескертуге мүмкіндік туғызады.

«Жаңа жүйе әсіресе Алматы мен елдің оңтүстік-шығысындағы таулы аудандарда қауіпті табиғи құбылыстар туралы ескерту деңгейін жақсартады және гидрометеорологиялық қауіпсіздікті күшейтеді. Атмосфераны дәл есептеу үшін миллиондаған есептеулер қажет, ал қарапайым сервер мұндай жұмысты атқара алмайды. Суперкомпьютер тек ғылыми жоба емес, ұлттық деңгейдегі инфрақұрылым. Университеттік есептеу қуаттарының нақты мемлекеттік міндеттерге жұмсалуы бізді ерекше қуантады. Бүгін бұл – ауа райы болжамы, ал ертең – су тасқыны, лай көшкіндері, климат, ауа сапасы және қалалардың сандық үлгілерін модельдеу», – деді Әмірхан Темірбаев.

Жуырда «Қазгидрометтің» ресми сайтында «Сандық ауа райы болжамы» бөлімі ашылады. Онда пайдаланушылар модельдің есептері мен Қазақстан аумағы бойынша болжам карталарымен таныса алады.