Таяуда Мемлекет басшысы «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Әлібек Жамауовтың баяндамасын тыңдаған еді. Президент тұрғындар мен өндіріс ошақтарын жылыту маусымында газбен тұрақты қамтамасыз ету шараларын жалғастыруды тапсырды. Сондай-ақ газ саласының ресурстық базасын нығайтуға қатысты міндеттер жүктеген болатын.
Әлеуметтік саланың бір тағаны
2023 жылы Қазақстанда газбен қамту деңгейі 60 пайызды құраса, табиғи газға 12 млн адам қол жеткізе алған. Ал 2024 жылы газ өндіру 59,0 млрд текше метр болып, елді газдандыру деңгейі 62 пайызға өсті. Былтыр 62,8 млрд текше метр газ өндірілген. Ел аумағы арқылы газ транзитінің көлемі 64,5 млрд текше метрге жетті. Сонымен бірге ел тұрғындарының 64,2 пайызы газбен қамтамасыз етілгені жарияланды. Енді 2030 жылға дейін 90 млрд текше метр көгілдір отын өндіру жоспары тұр.
Әйткенмен, Sana business academy құрылтайшысы, белгілі қаржы сарапшысы Мақсат Халық ел экономикасының мұнай мен газға тәуелділігі ауыз толтырып айтатындай азаймағанына қайран қалады. Оның пайымдауынша, газ саласына инвестор тартып, елдің батыс өңіріндегі газ өндірісін әп-сәтте қолға алып, монополияны жойып, әртүрлі мақсаттарда тұтынатын газ бағасын тұрақтандыруға толық мүмкіндік бар. Сондай-ақ ол халықтың табысы артса, газ бағасында пропорционалдық теңдік орнап, қазіргі газ құны қалтаға аса ауырлық етпейді деп санайды.
– Біздің экономикада мұнай мен газ саласының үлесі шамамен 40 пайызды құрайды. Ел қазынасы мұнай мен газ саласына тәуелділіктен толық арылмады. Яғни, әлемдік нарықта баға құлдыраса да, өссе де біз қалт-құлт етіп отырамыз. Пропан, метан сияқты шикі қорларына бай ел бола тұра, нарықта бәсекелестік жоқ. Газ саласында монополия басым. Сол себепті де инвесторларды тарта алмай жүрміз. Тұтынушылық газ, автогаз, шетелге экспорттайтын газ сияқты бөліктерге бөліп, бейініне қарай еуропалық стандарттарға сай зауыттар салатын кез жетті. Дүниежүзілік газ бағасын басқа елдермен салыстырғанда, біздің елден қымбат емес. Бұл арада мәселе халықтың табысының төмендігінде болып тұр. Экономикалық өте үлкен прогресс жасаймыз деп, мәселен, өткен жылы 100 теңге тұрған заттың құнын, биыл 150-200-ге дейін қымбаттауына жол беріп алдық. Қазір орташа жалақы 450 мың болса, соның 1/3-і ең төменгі жалақы (150 мың теңге) болып, әлеуметтік төлемдер өсуі керек еді. Халықтың табысы өспегендіктен автогазға, табиғи газға, әртүрлі әлеуметтік қажеттіліктерге қол жеткізуі қиындап барады. Кейінгі 4-5 жылда газдың өзі әлеуметтік бағаға айналып кетті. Егер экономикалық дұрыс жоспар құрып, газ өндірісін мықтап қолға алып, газдандыру үдерісі жеделдетіп, газды сыртқа сату бойынша нақты істер атқарсақ, инвестиция тартсақ, біраз шаруа оңалады, – деп ой бөлісті экономист.
Өткен жылы Үкімет 2025-2029 жылдарға арналған газ саласын дамытудың кешенді жоспарын бекітті. Құжатта тауарлық газдың ресурстық базасын кеңейту, газ өңдейтін қуаттарды ұлғайту және газды іркіліссіз жеткізу, тауарлық газдың ішкі тапшылығының пайда болу тәуекелдері, газ-мотор отыны және көмір химиясы қамтылған. Бұл жоспардың толыққанды іске асуынан халық та, кәсіпкерлер де, қаржы сарапшылары да үмітті екенін байқатты.
Кейінгі жылдары аймақтарды газдандыру ісі жүргізіліп жатыр. Қызылорда өңіріне қарасты Шиелі кентінің тұрғыны Дариха Молдағалиқызы ұзақ жылдан бері от жағып, күл шығарып күнелтіп келген. Бүгінде үйіне газ келіп, ағаш жарып, көмір жағудан қолы босағандығын айтады.
– Біз ұзақ жылдар пеш жағып келдік. Күзде күйік ағаш, жыңғыл отынын түсіретінбіз. Үйіміз жылы болсын деп қо-сымша бір қысқа 4-5 тонна көмір алатынбыз. Әйтпесе, 7 бөлмелі үй жылымайды. Осыдан 10-11 жыл бұрын Шиеліні газдандыру ісі жүріп, біз де үйімізге табиғи газ орнатып алдық. Қыста үй бірқа лыпты температураны сақтап, жып-жылы болып тұрады. Ең бастысы, қауіпсіздік ережесін сақтап, уақытында ақысын төлеп отырсаң, газдан тиімдісі жоқ екен деп ойлаймын, – дейді ол.
Зауыттар жетіспейтіні байқалады
Энергетика министрлігінің бізге берген дерегінше, Қазақстанда ауқымды геологиялық барлау жұмыстары мен жаңа қуат көздерін іске қосу жұмыстары белсенді жүргізілуде. Былтыр Қайыргелді, Тұзкөл және Тасболат жаңа газ кен орындары пайдалануға берілген. Тасболат кен орнын іске қосу Маңғыстаудағы Қазақ газ өңдеу зауытының қуатын толықтыруға мүмкіндік береді екен. Газ саласының ұзақмерзімді ресурстық базасын нығайту және елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында QazaqGaz ұлттық компаниясымен геологиялық барлау жұмыстарының кешенді бағдарламасы іске асып жатқан көрінеді. Қазіргі уақытта шамамен 515 млрд текше метр газды алдын ала ресурстық бағалаумен жер қойнауының 14 учаскесінде жұмыстар атқарылып жатқанға ұқсайды. Ортамерзімді перспективада геологиялық барлау портфелін газдың жиынтық ресурстық бағасы шамамен 1,7 трлн текше метр болатын 30 учаскеге дейін кеңейту көзделген. Бұл өндірісті ұлғайту және болжамды ішкі сұранысты жабу үшін тұрақты негіз қалыптастыруға мүмкіндік беретін сияқты. Сонымен бірге инвестициялық қызметті жандандыру және геологиялық тәуекелдерді бөлу мақсатында жер қойнауының 50-ге жуық учаскесін электрондық аукциондарға шығару жоспары бар көрінеді. Осы учаскелерде геологиялық барлау жұмыстарын қаржыландыру QazaqGaz, «Самұрық-Қазына» және инвесторлардың қаражаты есебінен қамтамасыз етілмек.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетов Қазақстанда жаңадан газ өңдеу зауыттарын құру қажет деп санайды. Оның пікірінше, газ өңдеу арқылы тауарлық газ, LPG, этан, полимерлер, күкірт сияқты жоғары маржалы өнімдер алуға болады. Сондай-ақ ол зауыттарды ірі кен орындарының маңына салу қажет деп санайды.
– Қазақстанның табиғи газ әлеуеті айтарлықтай, бірақ қазіргі газ өңдеу қуаттары ішкі сұранысты толық қамтамасыз ете алмай отыр. Елде өндірілуі бар газдың басым бөлігі мұнай кен орындарынан алынатын ілеспе газ болса да, оның тек аз бөлігі ғана тауарлық өнімге айналады, ал қалғаны технологиялық мақсаттарға жұмсалады немесе өңделмей ашық күйде қалады. Тіпті Қарашығанақ, Теңіз, Қашаған сияқты ірі кен орындарында да терең өңдеудің жеткіліксіздігі байқалады. Нәтижесінде, тауарлық газ көлемі шектеулі, ал LPG, этан, пропан, бутан сияқты газохимиялық шикізат тапшылығы байқалады. Газохимиялық өндіріс қарқыны баяу, ал ішкі сұраныс жыл сайын артып келеді. Газдандыру деңгейі кеңейіп, көмірден газға көшу үрдісі күшейіп, электр энергетикасында газ станцияларының үлесі артып отырған тұста, жаңа газ өңдеу зауыттарының маңызы ерекше. Егер олар салынбаса, ішкі нарықта тапшылық туып, кей өңірлер импортқа тәуелді болып, баға тұрақсыз болады. Газ өңдеу тек шикізат алу ғана емес, бұл – нақты құн қосу жолы. Өңдеу арқылы тауарлық газ, LPG, этан, полимерлер, күкірт сияқты жоғары маржалы өнімдер алуға болады. Бұл экономиканы әртараптандыруға, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ілеспе газды жағуды азайтып, қоршаған ортаға зиянды әсерді төмендетуге де септігі бар. Стратегиялық, экономикалық және технологиялық тұрғыдан алғанда, елімізге жаңа газ өңдеу зауыттары қажет. Тиімді модель – кен орындарына жақын, орта және шағын газ өңдеу зауыттарын кезең-кезеңімен іске қосу. Әсіресе, Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау және Қызылорда өңірлері мұндай жобалар үшін қолайлы. Қолда бар қуаттар жеткіліксіз болғандықтан, алдағы 10 жылда елімізге кемінде 4-6 жаңа газ өңдеу зауыттары қажет болуы мүмкін. Газ өңдеудің дамуы әр отбасының үйіне жылулық әкеліп, өндіріс пен кәсіпке өріс береді, елдің болашағына берік іргетас қалайды. Бұл – Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін нығайтып, баға тұрақтылығын қамтамасыз ететін қадам, – дейді мәжілісмен.
Энергетика министрлігінің Газ өнеркәсібі департаментінің директоры Елтай Әлиев газ өндірісі, халықты газбен қамту, газ өңдеу зауыттары салынуы сияқты бірқатар істің жай-жапсарын мәлімдеп, қордаланған түйткілдер кезең-кезеңімен реттелетінін жеткізді.
– Елордада 300 мың тұрғынның 290 мыңы газбен қамтылған. Биыл Астананы толық газдандыру жоспарланған. Қосшы қаласы газдандырылды. Түркістан облысында 10 миллиард теңгеге, шамамен 100 мың тұрғын газбен қамтылды. Жамбыл, Жетісу өңірлерінде газ құбырларын жүргізу жұмыстары белсенді жүргізілуде. БҚО-да «Ростоши – Тайпақ» жоғары қысымды газ құбырының құрылысы басталды. Бұл Ақжайық және Теректі аудандарындағы газ тапшылығын шешпек. Энергетикалық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру аясында газ саласында бірқатар стратегиялық маңызды жобалар орындалуда. Былтыр Жетісу облысында ұзындығы 302 шақырым болатын «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбырының құрылысы аяқталып, 80-нен астам елді мекен газбен қамтамасыздандырылды. Елдің оңтүстік өңірлерін тауарлық газдың қосымша көлемімен қамтамасыз ету мақсатында «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистралды газ құбырының екінші желісінің бірінші кезеңі жалғасуда. Осы жылдың соңына дейін қуаттылығы жылына 10 млрд текше метрге дейінгі газ құбырының желілік бөлігінің құрылысын аяқтау жоспарланған. Жобаның екінші кезеңі аясында компрессорлық станциялар салу қарастырылған, бұл газ құбырының өткізу қабілетін жылына 15 млрд текше метрге дейін арттырады. Қашаған ГӨЗ құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Қуаттылығы 1 млрд текше метр болатын зауытты 2026 жылы іске қосу жоспарлануда. Қуаттылығы 2,5 млрд текше метр болатын тағы бір зауыт салынбақ. Жаңаөзенде қуаттылығы 0,9 млрд текше метр болатын жаңа ГӨЗ-ді 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Қарашығанақта қуаттылығы 4 млрд текше метр болатын зауытты жобалау жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобалар газ саласын жаңғыртуға, елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, экономиканы дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған, – деп қорытындылады Энергетика министрлігінің Газ өнеркәсібі департаментінің директоры Елтай Әлиев.
Әлем бойынша газ өндірісінде АҚШ (900-950 млрд текше метр), Ресей (600-650 млрд), Иран (270-280 млрд) және Қытай (240-250 млрд) алдыңғы қатарда тұр. Яғни, бұл елдер өздерінің газ өнеркәсібі мен газ экспортын әлдеқашан жүйелеп, бір қалыпқа түсіріп алған. Дамыған державалар тәжірибесін игеріп, ірі газ экспорттаушы елге айналу біздің елге де мәуелі меже.
Олжас ЖОЛДЫБАЙ