«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының Астана қалалық филиалы ресми түрде өз жұмысын бастады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«AMANAT» партиясының Астана қалалық филиалы кеңсесінде коалицияның қалалық филиалы жұмысының ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы мүшелері, Астана қаласы мәслихатының депутаттары, қоғам белсенділері, Конституциялық комиссия мүшелері, заңгерлер, сарапшылар қатысты.
Ашылу салтанаты барысында коалицияның мақсат-міндеттері таныстырылып, алдағы жоспарлар мен негізгі бағыттар айқындалды. Сонымен қатар елдегі қоғамдық-саяси процестерге азаматтардың белсенді қатысуын арттыру жолдары талқыланды.

«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы Астана қалалық филиалының төрағасы Ерлан Каналимов қалалық филиал қызметінің негізгі бағыттары мен үйлестіру тетіктерін таныстырды. Оның айтуынша, бекітілген жоспар шеңберінде жалпы саны 700 мыңға жуық адамды қамтитын 1 000-ға жуық іс-шара өткізу жоспарланған. Қалалық деңгейде 660 мыңға жуық тұрғынды қамтитын 700 іс-шара, ал аудандық деңгейде 35 мыңға жуық адамды қамтитын 400 шара өткізу көзделіп отыр. Дауыс беру күніне 790 байқаушы жасақталған. Ал үгіт-насихат материалдарын тарату жұмыстарына 150 ерікті ат салысады. Сондай-ақ коалицияның қалалық филиалының өкілдері күніне 40-50 кездесу өткізуді жоспарлап отырғанын жеткізді.
– Коалиция – елдік келісімнің белсенді көрінісі. Оның құрамына бес жетекші саяси партия мен 300-ден астам қоғамдық ұйым мүшелері енді. Ал қалалық коалиция құрамына әр сала мен әр буын өкілдерінен 200-ге жуық азамат еніп отыр. Астана қалалық коалициясының құрылуы сөз бен істің арасын жақындататын маңызды қадам. Алдағы уақытта біз қоғаммен ашық диалог орнатып, жаңа құқықтық нормалардың мәнін халыққа жеткізетін боламыз, – деп атап өтті Ерлан Каналимов.

Осы ретте Қазақстанның халық әртісі Майра Ілиясова да өз пікірін білдірді. Өнер иесінің айтуынша, Конституцияға енгізілетін жаңа нормаларды халыққа дұрыс жеткізу баршаға ортақ міндет.
«Бүгін бас қосып, қалалық филиалдың ашылуына қатысып, жаңа Конституцияға қатысты мәселелерді талқыладық. Аға буын ретінде біздің міндетіміз алдымен өзгерістердің мәнін жастарға түсіндіру, таныстыру. Себебі жастар – елдің болашағы. Елдің өсіп-өніп, нығаюы да жас буынға байланысты», – деп атап өтті халық әртісі Майра Ілиясова.

ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Кәрімбек Құрманәлиев жаңа Конституцияда ғылым мен білімге ерекше назар аударылғаны ерекше қуанарлық жайт екенін айтты.
– Референдумға шығарылған Конституцияның көтерер жүгі зор. Себебі бұл ел дамуын айқындайтын, әрбір адамға әсер ететін жауапкершілігі мол мүмкіндік болғалы тұр. Мәселен, алғаш рет жаңа Конституцияда арнайы бап беріліп, ғылым-білім және инновация еліміздің даму стратегиясының басты бағыты деп көрсетілді. Бұған дейін мұндай норма жоқ еді, – деді Кәрімбек Құрманәлиев.