Қызылорда қаласының №2 соты әлеуметтік желілер мен мессенджер арқылы әйелді жүйелі түрде мазалап, оның тұрғылықты мекенжайы мен жұмыс орнына бірнеше рет барған ер адамға қатысты үкім шығарды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Облыстық соттың мәліметінше, іс Қылмыстық кодекстің 115-1-бабы – сталкинг бойынша қаралған. Айыпталушы жәбірленушіге хат жазып, телефон және WhatsApp арқылы қайта-қайта хабарласқан. Жәбірленуші байланыс орнатудан бас тартқанымен, сотталушы мазалауын тоқтатпаған.
Сотта әйел оқиғалардың салдарынан қала ішінде еркін жүре алмай, үнемі үрейде жүргенін, тіпті басқа мекенжайға көшуге мәжбүр болғанын айтқан.
Сот үкімі бойынша айыпталушы 25 тәулікке қамалып, жәбірленушіге 500 000 теңге моральдық зиян өндірілді. Еске салсақ, 115-1-бап былтыр 16 қыркүйекте күшіне енген және сталкингке қатысты жүйелі қудалау, қорқыту және психологиялық қауіп төндіретін әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырады.