Вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин шекара маңындағы автожол пункттері жұмысының тиімділігін арттыру мәселесі жөнінде кеңес өткізді.
Жүк тасымалы артады
162
оқылды

Қазақстан – Қытай бағытындағы авто­көліктердің жүк ағыны қарқынды өсуде. Мысалы, 2022 жылы ҚХР-мен шекарадан 639,6 мың көлік өтсе, ал 2025 жылы 1,68 млн көлік өткен. Осылайша, үш жыл ішін­де көрсеткіш 2,5 еседен аса өсті. Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты тауар айналымын жылына 100 млрд долларға жеткізу міндетін ескерсек, шекаралық инфра­құрылымға жүктеме әлі де өседі.

Бұған дейін қолданыстағы екіжақты уағдаластыққа сәйкес, Қазақстан – Қытай шекарасындағы өткізу пункттері қысқар­тылған жұмыс режимі бойынша, сағат 8:00-ден 12:00-ге дейін және 13:00-ден 17:00-ге дейін жұмыс істейтін. Өткізу қабілетін арттыру мақсатында кезең-кезеңмен жұмыс режимі ұзартылып, ҚХР шекарасындағы барлық қазақстандық авто­мобиль өткізу пункті сағат 07:00-19:00 ара­лығындағы 12 сағаттық режимге ауыс­тырылды. «Нұр Жолы» ең ірі өткізу пункті­нің бірі пилоттық режимде тәулік бойы жұмыс істеуде.

Бұл ретте қазақстандық пункттердің жұмыс режимі 19:00-ге дейін ұзарғанмен, қытай тарапы жұмысты 16:00-де аяқтайды. Уақыт айырмашылығы дайын инфра­құрылым­ды пайдалануды шектеуде. Алдын ала бағалау бойынша, екі жақтан да сәйкес келетін жұмыс уақытын ұзарту өткізу қабілетін кемінде 20%-ға арттыруға мүм­кіндік береді.

Кеңес соңында қытайлық тараппен өткізу пункттерінің жұмыс уақытын ұзарту мен үндестіру мәселесі бойынша келіссөзді жалғастырып, шекара маңындағы жол бағыттарын инфрақұрылымдық жаңғыр­туды жеделдету туралы шешім қабылданды.