Таяуда біз халқын әуезді әнімен тербеген Роза Қуанышқызын мерейтойымен құттықтап, шаңырағына арнайы бардық. Бір қызығы, осы жолғы сұхбат форматы да әдеттегіден өзгеше өтті. Оған себеп, әнші тығыз кестесіне қарамастан, сұхбат аялдамасын өзгертуге тура келсе де, жол үстінде де әңгімесін жалғастыра берді. Осылайша, әсем Алматының көшелерін аралап жүріп, Роза Қуанышқызымен әсерлі әңгіме өрбіттік.
– Роза Қуанышқызы, бүгінде жарты ғасырдан астам өміріңіз өнермен өрілген, абырой биігінде өзіндік әдемі қалпын сақтаған жансыз. Елу жыл – бүтін бір ғұмыр. Жарты ғасырды артқа тастаған өнер жолыңызға қарап қазір нендей баға берер едіңіз?
– Ең алғаш сонау 1975 жылы Алматы қаласында өткен Ұлы Жеңістің 30 жылдығына арналған республикалық байқаудың жеңімпазы атанғаным есімде. Менің өнер жолым дәл осы байқаудан басталды. Сол уақытта қазылар алқасының төрағасы марқұм Шәмші Қалдаяқов ағамыз болған. Ал былтыр біз елімізде Ұлы Жеңістің 80 жылдығын тойлаппыз. Демек, менің сахнадағы 50 жылдық мерейтойым сол кезеңмен тұста-тұс келді. Биыл, міне, өнер жолымның 51-ші жылына аяқ басып отырмын. Алайда түрлі себепке байланысты айтулы датаны былтыр атап өту мүмкін болмады. Сондықтан осы жылдың ақпан айында 50 жылдық мерейтойыма арналған есеп беру кешін өткіземіз деп шештік. Кешкі сағат 19.00-де өтетін концертіміздің билеттері сатылып кеткендіктен, халықтың сұранысы бойынша сағат 15.00-ге екінші концертімізді жоспарладық. Елу жыл сахнада жүрген өнер иесі ретінде осы кеште халық алдында есеп берейін дедім.
Көпшілік әлі күнге дейін «сол баяғы Рымбаева» деп қабылдайды. Халықтың жадында «Әлия» образым қалып қойған. Алайда елу жылдың ішінде мен де адам ретінде өстім, өркендедім, өмірдің талай белесін өткердім. Қартайдым, әже атандым. Бірақ сахнадағы елу жылым текке өткен жоқ. Осы уақыттың бәрінде қазақ сахнасында халқыммен бірге өмір сүріп келемін. Елу жыл аралықта түрлі қайғыны бастан кештім, небір қиын кезеңдерді бастан өткердім. Менің ең үлкен бақытым – халқымның әркез қолдап жүргені. Әсіресе, жолдасымнан айырылған ауыр кезеңде бұл қолдау маған үлкен демеу болды. Сол жылдары кішкентай екі баламды алып, гастрольдік сапарларда жүрдім. Мен жыл сайын халық алдына шығып, «Көктем шақырады» атты концертімді беретінмін. Бұдан кейін аталған кеш шығармашылығымдағы дәстүрлі іс-шараға айналды.

Өмірден көрген жақсылығым мен қуанышым – екі қанатым болған балаларым мен немеремнің өсуі. Бүгінде екі ұлым да халық алдында жүрген кәсіби музыканттар, композитор әрі аранжировка жасаумен айналысады. Ал немеремнің әрбір жетістігі, тәтті қылығы жүрегімді қуанышқа толтырады. Кейде немеремнің аузынан шыққан сөздерін, түрлі қылығын әлеуметтік желідегі парақшамызда бөлісіп отырамыз. Немерем әлем елдерінің жалауларын, сандарды жатқа біледі. Құдайға шүкір, немеремнің есте сақтау қабілеті жақсы қалыптасып келеді әрі бір айтқаныңды бірден қағып алатын әдеті бар. Немеремнің бойында осындай жақсы қасиеттердің дамып келе жатқанына мен тек қуанамын. Екі балама жақсы адам болып өссін, келешекке үлкен мақсат қойсын деген ниетпен оларға талап қоямын және өзім де оларға үлгі болуға тырысамын. Ұлдарымның көзін ашқаннан көргені – осы өмір, анасының жылдар бойғы еңбегі мен ізденісі, айналамдағы адамдармен жақсы қарым-қатынасым.
Марқұм жолдасымның орнын екі ұлым басты
– Алдағы мерейтойлық концертіңіздің дайындық жұмысы қалай жүріп жатыр?
– Есеп беру кешімнің бүкіл дайындық жұмысын екі ұлым – Әли мен Мәди толықтай өз мойындарына алды. Концерт бойы сахнада екі оркестрмен жұмыс істеймін. Бұл үлкен дайындық пен жауапкершілікті талап етеді. Осыдан елу жыл бұрын марқұм жолдасым Тасқын дирижер ретінде Республика сарайының сахнасына мені жетелеп шығарған еді. Қазір оның орнын екі ұлым басты. Екеуі де кәсіби музыкант болғандықтан, олар – менің тірегім, екі қанатым. Мен ана ретінде балаларымның кәсіби деңгейіне де, тәлім-тәрбиесіне де разымын. Әли мен Мәди туралы халық әрқашан жылы сөздерін жаудырып жатады. Анаға осыдан артық қандай бақыт керек?
Бұл кештен кейін де өмір тоқтап қалмайды. Өмір елу жылдық сахнамен шектелмейді. Осыған дейін Қазақстанның жартысын аралап шықсам, енді қалған өңірлерде концерт беру жоспарымда бар. Сондықтан алда атқарылар шаруа жеткілікті. Ең бастысы, осының бәрін көрерменге лайықты деңгейде ұсыну. Роза Бағланова апамыздың «Айналайын халқымнан еркелеткен» деген жылы сөзі бар еді. Расында, біз – сахнаның еркесіміз. Бірақ бұл еркелік жауапкершіліктен босатпайды, керісінше, кәсіби деңгейге деген талапты күшейтеді. Халық сенің өнеріңді құрметтеп, әніңді тыңдау үшін уақытын бөліп, кешіңе келеді. Ал әртістің үлкен міндеті – сол құрметке өз өнерімен лайықты деңгейде жауап беру. Өнер дегеніміз – мәдениет, тәрбие, рухани жауапкершілік. Сахнаға шыққан адам халықтың алдында тұрған қарапайым әртіс қана екенін ұмытпауға тиіс. Халық сенің әрбір сөзіңнен, әніңнен, олармен сырласуыңнан тәлім алады, рухани қуат табады. Сондықтан сен осы деңгейге бойыңдағы ізгі құндылықтарыңмен лайық бола білуің тиіс.
Мыңдаған көрерменнің алдына шыққанда, сен кімсің? Меніңше, сен – рухани дүниені насихаттайтын тәрбиеші, үміт пен оптимизм сыйлайтын, кейде ақыл айтып, кейде сырын ақтаратын адамсың. Мен сахнадағы өз миссиямды осылай түсінемін. Қазақ композиторлары да музыканы дәл осы мақсатта – халықтың мәдени деңгейін көтеру үшін жазады. Елу жыл ішінде қай сахнаны көрмедім, қандай шалғайда жатқан ауылда болмадым десеңізші?! Мен шалғайда жатқан ауылдарға барғанды ерекше жақсы көремін. Былтыр туған күнімде 1 300 шақырым қашықта орналасқан ауданға барып концерт бердім. Туған күн тойлап, банкет жасауды ұната бермеймін. Мен үшін туған күн – қарапайым халыққа концерт беру. Сол кезде ғана өнер адамы ретінде бір міндетімді атқарғандай күй кешемін.
Өнер адамы сахнадан уақытында кетуі керек
– Сұхбатыңыздың бірінде елу жылдық мансап жолыңызды түйіндеу туралы ойыңызды айтқаныңыз бар. Бұл шешіміңізге не түрткі болды?
– Иә, осыған дейін ақпан айында өтетін есеп беру кешімнен кейін шығармашылық жолымды осы тұстан аяқтасам ба деген ой келді. Мүмкін елу жыл да жеткілікті шығар деп ойладым. Жоқ, мен ешкімге ренжіген емеспін. Сахнада жүрген адамның уақыт өте келе жасы да ұлғаяды. Шынымды айтсам, өнер адамы сахнадан уақытында кетуі керек деп санаймын. Бұл – заңдылық. Алайда түбегейлі шешім қабылдамас бұрын, әуелі алдағы концерттерімді беріп көрейін дедім. Оның үстіне, мен қазірдің өзінде үнемі халық алдында, концерттен қол үзген жан емеспін. Өнер иесі сахнадан дауысы саңқылдап, бойы құлпырып тұрған шағында кеткені дұрыс шығар деп ойлаймын...
– Алайда таяуда өтетін мерейтойлық концертіңіздің билеті әп-сәтте таусылды. Соған қарағанда, халық әлі де өнеріңізге құштар. Көрермен әлі де өзіңізді киелі сахнадан көргісі келеді…
– Иә, осы хабар тарағаннан кейін әлеуметтік желілерде оқырмандарым мен әріптестерімнен көптеген хат келіп жатыр. Бірақ бұл «мүмкін» деген сөз екенін айтқым келеді, яғни түпкілікті шешім емес. Мұны уақыт, денсаулық және дауысымның сол қалпындағы сапасы көрсетеді. Себебі адамның жасы ұлғайған сайын физиологиялық өзгерістер де қатар жүреді. Дауыстың да уақыт өте өзгеретіні бар. Мәселен, тоғыз жылдан кейін 60 жылдық мерейтойымды өткізсем, бұл кезде жасым сексенге таяп қалады екен. Сол уақытта дауысым да, келбетім де бүгінгідей болмайтыны анық. Сондықтан әзірге өзіме бес жыл уақыт бердім. Ал сол межеден кейінгі жолды уақыттың өзі көрсете жатар...

– Сіз жайлы ел біле бермейтін факт – кезінде басқа түскен қиындықтарға қарамастан жақындарыңызға тірек болып, оларды Алматыға көшіріп алуыңыз. Одан өзге де шапағатыңыз тиген біршама қайырымды істің шет жағасынан хабардармыз. Бүгінде ел алдында жүрген қалталы азаматтардың арасында осындай көрініс жиі кездесе ме?
– Мен қалталы азаматтар туралы жақсы білемін деп айта алмаймын. Себебі айналамдағы араласатын жандар – өзім сияқты шығармашылық ортадағы қарапайым адамдар, сондай-ақ принципіміз бен көзқарасымыз бір ниеттес достарым.
– Әлеуметтік желіден Әли, Мәди, Мәдина есімді үшемге көмектескеніңіз туралы ақпаратты оқып қалдық. Бұл оқиға қалай болып еді? Есіңізде ме?
– Осыдан көп жыл бұрын КТК арнасынан бір қарапайым қазақ әйелінің сұхбатын көрдім. Ол үшемді дүниеге әкеліп, алайда ешкімнен көмек көрмегенін айтып, көзіне жас алып отырды. Сұхбаттан кейін әлгі әйелдің мекенжайын жазып алдым. Кейіннен қолымдағы бар қаражатты жинап, өз аяғыммен сол әйелді ауылына іздеп бардым. Өзі қарапайым ғана жер үйде тұрады екен. Үйге кірсем, темір төсекте жаңа туған үш сәби жатыр. Олардың есімі Әли, Мәди және Мәдина екен. Содан кейін көмегімді бердім де, ештеңе күтпестен кері қайттым. Осы оқиғадан соң арада біршама жыл зулап өтті. Бір күні мен туралы арнайы бағдарламаның түсірілімі өтті. Сол бағдарламаға үш жасөспірім мен қасында анасы келіп тұр екен. Әйел маған қарап: «Сіз кезінде бізге көмек қолын созып едіңіз, міне, сол бөпелер қазір өсті», – деп балаларын көрсетті. Мен сол сәтте құлап қала жаздадым. Анасы осыдан бірнеше жыл бұрын берген қаражатқа теледидар алғандарын айтты. Расында, балалар өсіп, азамат болып қалыпты.
Өзіме сынмен қарайтын әншімін
– Қанша жерден өркениеттің кең қанат жаюымен күллі салаға жаңашылдықтар еніп жатыр десек те, қазіргі көрермен жасандылықтан шаршаған. Алайда жалған жылтырға толы кезеңде сол көрермен өзіңізді дау-дамай мен арзан ойын-күлкіден алыс, биік болмысын сақтаған тұлға деп қабылдайды. Даңққа мас болмай, қалай адамдық қалыпты сақтап қалуға болады?
– «Кемелдікке шек жоқ» деген сөз бар. Сен қанша жерден атағы айға жеткен танымал жұлдыз болсаң да, ізденіс пен талпынысты ешқашан тоқтатпауың керек. Адам өзіне сыни көзбен қарай алғанда ғана өседі. Өз кемшілігіңді көріп, соны түзетуге ұмтылған кезде ғана алға қарай жылжу бар. Мен өзіме қатты сынмен қарайтын әншімін. Өзімді өзгелерден жоғары қойған емеспін, тіпті қол жетпейтін жұлдыз деп санамаймын да. Деңгейім мен мүмкіндігімді де жақсы білемін. Менен он есе орап түсетін, Құдайдың айрықша дауыс сыйлаған әншілері бар екенін де мойындаймын. Бірақ мен ешқашан олармен жарыспаймын. Бар мақсатым – эстрадалық өнерімді үнемі биік деңгейге көтеру үшін еңбек ете беремін. Мен – өнер жолында елу жыл бойы тынымсыз ізденіп, талпынып келе жатқан әншімін.
Балаларымның білім алуына барлық жағдайды жасауға тырыстым
– Бүгінде отбасының бағдаршысы болған бақытты ана, аяулы әжесіз. Өнер айдынында өз жолын тапқан Әли мен Мәдидей талантты ұлдардың тәлімгерісіз. Бала тәрбиесінде сіз үшін ең маңызды құндылықтар қандай?
– Бала тәрбиесі, ең алдымен үй ішіндегі қарым-қатынастан, отбасындағы атмосферадан басталады. Ерлі-зайыптының бір-біріне, айналасына деген сыйластығы мен мәдениеті – баланың көз алдында қалыптасатын ең үлкен тәрбие. Бала бәрін көріп, бәрін сезіп өседі. Қанша жерден тыйым салып, баланы бұрышқа тұрғызып тәрбиелегеніңмен, ең басты үлгі – ата-ананың өз мінезі мен әрекеті. Сондықтан балам тәрбиелі болсын десең, ең алдымен өзіңнен баста. Ата-ананың жүріс-тұрысы, сөзі, адамдармен қарым-қатынасы бала үшін үнсіз сабақ. Екінші үлкен міндет – балаға жақсы білім беру. Жақсы білім алған бала өзінің сүйікті ісін тауып, сол мамандықтың кәсіби иесі болып қалыптасса, өмірде әрі қарай өз нанын таба біледі. Мен үшін бала тәрбиесіндегі басты екі тірек – тәрбие мен білім. Осы екеуі қатар жүргенде ғана болашақта жақсы, саналы адам қалыптасады деп сенемін. Өзімді ақылдымын немесе кемеңгермін деп есептемеймін. Бірақ балаларымның өсіп-өркендеуі мен білім алуына барлық жағдайды жасауға тырыстым. Өзімнің жүріс-тұрысыммен, адамдармен қарым-қатынасыммен де олар көп нәрсені бойларына сіңірді деп ойлаймын.

Отбасымызда қазақ тілі – негізгі тәрбие тілі
– Кейде сізді орыс тілінде сөйлейді деп сынға алатындар бар. Бірақ балаларыңызға қазақша білім бердіңіз. Бұл пікірлерге көзқарасыңыз қандай?
– Біріншіден, мен орыс тілінде өте сирек сөйлеймін. Екіншіден, кейбір бағдарламаларда, ресми кездесулерде немесе орыстілді журналистермен сұхбаттасқан уақытта орыс тілінде сөйлеуге тура келеді. Ал қазақ журналистерімен әрдайым ана тілімде сөйлесемін. Мен екі тілде де білім алған адаммын, қазақша да, орысша да еркін сөйлеймін. Бүгінгі заманда бір емес, бірнеше тіл білу – артықшылық. Тіпті болашақта ағылшын, қытай тілдерін меңгеруіміз маңызды деп санаймын. Ал балаларымның тәрбиесіне келсек, олар туғаннан қазақша тәрбиеленді. Балабақшасы да, мектебі де қазақ тілінде болды. Бүгінде балаларым үш тілді де меңгерген. Немерем де қазір қазақ балабақшасына барып жүр. Біздің отбасымызда қазақ тілі – негізгі тәрбие тілі. Сондықтан бұл тұрғыда менің ұстанымым анық әрі айқын.
Күнделікті сахнаға шығу – көрермен алдындағы емтихан
– Танымалдылық пен халық махаббаты адамның тағдырын жеңілдетпейді, керісінше, одан сайын күрделендіріп, жауапкершілік жүктей түседі. Атақ сізге не берді, өміріңізден нені алып қойды?
– Мен ешқашан атақ туралы ойлаған емеспін. Дегенмен атақты нағыз кәсіби деңгейі жоғары жұлдыздарға берген дұрыс деп есептеймін. Өйткені «жұлдыз» деген сөз – қарапайым әртіс емес, одан әлдеқайда жоғары мәртебеге ие ұғым. Мен 21 жасымда Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, ал 26 жасымда Халық әртісі атағын алыппын. Мен өмір бойы осы атаққа лайық болу үшін жұмыс істеймін. Халықаралық деңгейде «Қазақстанның халық әртісі» деп таныған кезде, сен өнеріңді сол биіктікте көрсетуге міндеттісің. Бұл – үлкен жауапкершілік, мойныңа алынған ауыр міндет. Атақты иеленген жұлдыздарымыз енді одан әрмен деңгейін екі-үш есе дамыта түседі деп сенемін. Күнделікті сахнаға шығу – көрермен алдындағы емтихан. Сол емтиханнан сүрінбей өту әр әріптес үшін үлкен сынақ әрі өмір бойғы миссия.
– Аңыз болу – сый ма, әлде сынақ па?
– Сынақ. Аңыздың өмірі әркез сынаққа толы. Бүгінге дейін өмірден өткен небір ұлыларымыз аңыз болып қалды. Өкінішке қарай, қазір олар арамызда жоқ. Алайда мен өзімді халық алдында жүрген белгілі әртістердің бірімін деп есептеймін. Мүмкін ел маған «аңыз» деген атақ беріп қойған шығар, бірақ мен өзімді «аңызбын» деп айтпас едім.
Өзімді бақытты әнші, бақытты ана санаймын
– Өмір жолыңызда «әттеген-ай» дегізген сәттер көп болды ма?
– Кемшіліксіз, қателіксіз адам бола ма? Сол қателіктерім мен кемшіліктерім мүмкін жастығымнан, өмірдің мәнін толық түсінбегендігімнен болар. Кемшіліксіз адам жоқ. Сен өз әрекетіңнің дұрыс емес екенін дәл сол мезетте түсінбейсің, өз көзқарасыңды дәлелдеу үшін үнемі күресіп тұрасың. Бірақ уақыт өте келе, өткенді сараптап, әр әрекетті сүзгіден өткізіп бағалай бастағанда, өз қателігіңді байқайсың. Оны мойындап, уақытында түзей білу – адам өміріндегі үлкен өсу.
Бір өкініштісі, мерейтойымды марқұм жолдасым көре алмай кетті. Менің өнердегі ең сүйікті авторларым Сейдолла Бәйтереков, Шөмішбай Сариев, Тұманбай Молдағалиев, Ибрагим Исаев, Тілес Қажығалиев, Талғат Сарыбаев, Жанбота Тұяқбаев сынды небір талантты азаматтар өмірден өтті. Сахнадағы жарты ғасырлық мерейтойымды осы кісілермен тойлап, халық алдына шықсам, одан үлкен қуаныш жоқ қой. Дегенмен өздері кетсе де, халқына әуезді әндерін аманат етіп қалдырды. Мен өкінетін жағдай – шығармашылығыма ықпал еткен сол тұлғалардың бұл өмірде жоқтығы. Бірақ екі тірегіме айналған ұлдарымның қолдауының арқасында өнердегі жолымды жалғастырып келемін. Сол үшін де өзімді бақытты әнші, бақытты ана деп санаймын.
– Әңгімеңізге рақмет, Роза Қуанышқызы! Ғұмырлы болыңыз!
Сұхбаттасқан
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ