Астанада Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. 24 қаңтарда басталған басқосулар Ата Заңның жаңа жобасын талқылауға арналып келеді. Бұл жолы да қоғамның ұсыныстары ескеріліп, құжат мәтіні зерделенді.
Қоғамның ұсынысы ескерілді
120
оқылды

Алдымен Конституциялық Сот­тың төрағасы Эльвира Әзімова ха­лықпен ашық диалог жалғаса бере­тінін айтты. Оның сөзінше, қазір комиссия хатшылығына e-Otinish платформасынан 4 мыңнан астам ұсы­ныс келген. Сонымен бірге Конс­титуция жобасының же­ке­ле­ген баптарының редакциясын же­тіл­діруге бағытталған нақты әрі маз­мұнды ұсыныстар да келіп жатыр. 

Комиссияның сегізінші оты­ры­сында Бас прокурордың орын­басары Жандос Өмірәлиев жаңа Конституция жобасындағы 18-бап­ты орыс тілінде нақтылай түсуді ұсынды.

– Осы баптың 2-тармағында «Сот шешімінсіз адамды заңда көз­делген мерзімнен артық ұстауға болмайды» деп көрсетілген. Бұл ­– жалпы дұрыс. Дегенмен орыс ті­лін­дегі аудармасында «мерзімнен ар­тық ұстау» деген шешуші ұғым көр­сетілмей қалған. Сол себепті кейбір мамандар «сот шешімінсіз күдіктіні ұстауға мүлдем болмайды» деп түсіну қаупі бар екенін айтуда. Мәтін мазмұнына қарасақ, расын­да да дәл солай. Кісі өлтіру, басқа да қоғамға қауіпті қылмыстар кідірісті көтермейтіні анық. Қыл­мысты тоқтату, күдіктіні дереу оқ­шаулау – құқыққорғау қызметінің ең негізгі міндеттерінің бірі. Тек осыдан кейін ғана сот оны күзетпен ұстау туралы шешімді қабылдайды. Бұл дүниежүзілік тәжірибе сана­лады. Конституцияның әрбір нор­масы анық, түсінікті болуы керек. Сондықтан талқылаудағы осы нор­маны заң техникасы тұрғы­сы­нан қайта қарап, нақтылауды ұсы­намын, – деді Жандос Өмірәлиев.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин қолданыстағы Консти­ту­цияның қазақша редакциясындағы калька ұғымдарды атады. 

– 1995 жылы қабылданған Конс­титуцияда кездесетін өрескел қателер, әртүрлі құқықтық шешім­дерге жетелейтін терминдер мен тір­кестер анықталды. Мысалы, қа­зіргі Конституцияда «Мемлекет­тік Гимн» деп жазылған. Мұны көп­шілік «Мемлекеттік Әнұран» деп қолданады. Комиссия мүше­ле­рі Конституция жобасына «Мем­ле­кеттік Әнұран» деп енгізуді ұсын­ды. «Әнұран» – тілімізге әбден енген сөз әрі мағынаны толық бе­реді. Сол секілді, «әскерилен­ді­ріл­ген құрамалар құруға» сөзі «әске­рилендірілген жасақтар құруға» деп өзгертілді. «Құрама» сөзі қазір мүл­­де басқа мағынада қолда­ны­лады. «Жасақ» сөзі норманың мә­нін толық ашып тұр, – деді ол.

Сондай-ақ қолданыстағы Конс­титуцияда «Сайлау таға­йын­дайды» деген сөздің де заң тіліндегі мағынасына назар аударылғанын айтты. 1995 жылы қабылданған Ата Заңда «азаматтарға кешірім жа­сауды жүзеге асырады» деген сөй­лем бар. Калька аударма екені бір­ден байқалып тұр. Сондықтан оны «кешірім беру туралы шешім қабылдайды» деп өзгерту ұсы­ныл­ған. «Түбегейлі принциптер» деген тіркес «Негіз құраушы қағидаттар» деп алыныпты.

Бұған қоса Мемлекеттік ке­ңес­ші Ерлан Қарин жаңа Консти­ту­цияның жобасында ескірген, ма­ғынасы өзгерген сөздер қайта қа­ралғанын айтты. Оның сөзінше, қазіргі Ата Заңда кезінде қолда­нылған, қазір ұмыт бола бастаған «мемлекеттік қауіпсіздік», «теле­граф», «тектік-топтық араздық» се­кілді терминдер болатын. Соның бір мысалы – «мемлекеттік қауіп­сіздік» деген сөз тіркесі. Ол – Ке­ңес дәуірінде кеңінен қолданылған сөз тіркестерінің бірі. Қазір мұндай термин мүлдем қолданылмайды. Оны орнына көп жылдан бері  «ұлт­тық қауіпсіздік» деген сөз тір­кесін, атауды қолданып жүрміз.

Ерлан Қарин 1995 жылы қа­былданған Ата Заңда «тосқауыл­дарға тұруға» деген сөз тіркесі кез­десетінін атап өтті. Қолданыс­тағы заңда осы тіркес «пикет өт­кізуге» деген мағына беру керек еді. «Ха­қылы», «хақысы жоқ» деген сөз­дер қазір мұндай формада ай­тыл­майды. Сол себепті, «құқылы, құқығы бар», «құқылы емес, құқ­ы­ғы жоқ» деп жазылған. Сонымен қатар қазақ тілінде қате қолда­нылып жүрген «болып табылады» деген сөз тіркесі барлық жерден алынып тасталды.

Мемлекеттік кеңесшінің ай­туынша, 1995 жылы қабылданған Ата Заң мәтініндегі тілдік және құқықтық-терминологиялық қа­теліктерге, мағыналық және ұғым­дық дәлсіздіктерге, стилистика­лық-грамматикалық сәйкессіз­дік­терге, құқықтық-лингвистика­лық қайшылықтарға назар ауда­рылған. Ерлан Қарин жұмыстардың нәтижесінде жаңа Конституция­ның мәтіні 1995 жылы қабылданған Ата Заңмен салыстырғанда сапа­лық, мазмұндық тұрғыдан жақ­сарғанын және ұғынықты, түсінікті бола түскенін айтты.

Бұдан бөлек, жиында Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров Конституцияда «Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге» деп нақ­ты бекіту бастамасын көтерді. Ал Конституциялық комиссия мүше­сі, «М.Нәрікбаев атындағы универ­ситет» АҚ басқарма төрағасы Тал­ғат Нәрікбаев комиссия жұмысы барысында Ата Заңның қазақ ті­лін­дегі мәтінін жетілдіру бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, еліміздің заң­гер­лер қауымында ұзақ уақыттан бері Конституцияның қазақ тіліндегі мәтініне қатысты бірқатар өзекті мәселе көтеріліп келген. Осыған байланысты профессорлар e-Otinish платформасы арқылы нақты ұсыныстар жолдап, олардың негі­зінде Ата Заңның қазақ тіліндегі мәтінімен жұмыс істейтін арнайы топ құрылып, жүйелі әрі нәтижелі жұмыс жүргізілген.

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры, заң ғы­лымдарының докторы Нұрлан Ду­лат­беков Ата Заңның жаңа жо­ба­сында білім орындарын діни идео­­логиядан ажырату жөнінде баян­­дады. Ғалымның сөзінше, 33-бап­тағы рухани білім орда­ла­рынан басқа оқу орындарында бі­лім беруді ұйымдастырудың за­йырлы сипаты туралы 5-тарма­ғы­ның жаңа нұсқасы ерекше назар аударуға тұ­рарлық. Бұл мәтіндік тұжырым дін­нің мемлекеттен бөлектігі қағи­дасына толықтай сәйкес келеді.

Мадияр ТӨЛЕУ