Барша қазақстандықтар өткен аптаның соңында жаңа Конституцияның жоба­сы­мен танысты.
Ерлан Қошанов, Мәжіліс Төрағасы: Конституция  жобасы –  ел дамуының жаңа философиясы
126
оқылды

Алғашқы жолдарынан-ақ оның ұғынықты стилі, жатық тілі ал­дағы маңызды конституциялық өз­ге­ріс­терді жұртшылықтың бірден тү­сініп қабылдауына септігін тигізеді. Аза­маттардың қызу талқылап, БАҚ-та жан-жақты пікірталастар өрбіп жатқаны еліміздің негізгі құжатын қабылдау ісіне жұртшылықтың белсене араласуға ниетті екенін айқын көрсетіп отыр. 

Сондай-ақ кейінгі күндері ел азаматтары жаңа Конституция жобасы қалай талқыланғанын, оның көпшіліктің көз алдында жария түрде ашық өткенін тікелей бақылауға мүмкіндік алды. Сол арқылы Қазақстанның әр азаматы аталған ұлы тарихи процеске өзінің де қатысы барын, ел тағдыры – халықтың қолында екенін айқын сезіне алды. Әр норма төңірегіндегі қызу пікірталас, жобаның әр бөлшегіне қоғамның ерекше қызығушылық танытуы бекер емес. Өйткені бұл – уақыт талабы. 

Президенттің «халықпен біргеміз» деген ұста­нымы жұртшылықтың белсенділігін арттырып, әр азаматтың мемлекет тағдырын қалыптастырудағы өзіндік рөлін ұғындыра түсті. Баршаға өз ұсыныс­тарын енгізуге мүмкіндік берілді. 

Конституциялық реформа жөніндегі комиссия ауқымы жағынан теңдессіз жұмыс атқарды. Ұсынылған әрбір бастамаға үн қатып, мыңдаған ұсынысты жүйеледі.

Қазіргі сын-қатерлер жаңа ережелер мен жаңа стандарттарға деген сұранысты туындатып отыр. Отыз жылдан астам уақыт еліміз өз дамуында үлкен жолдан өтті. Біз көп жұмыс атқарып, сан сынақты еңсердік.

Жаһандағы алмағайып жағдай мен әлемдік сая­саттың мың құбылуы, Қазақстан қоғамы санасының түбірімен жаңаруы, әділеттілік пен өзгеріске деген сұраныстың артуы – қазіргі заманның нақты тала­бы. Осының бәрі мемлекет пен қоғамның өзара қарым-қатынасында түбегейлі трансформация мен өзгерісті, жаңаша қоғамдық келісімді, жаңа мән-мағынаны талап етті.

Бұл орайда Мемлекет басшысы эволюция жолын таңдап, ауқымды әрі дәйекті саяси өзгерістер процесін бастап берді.  Жаңа Конституция жобасы осы үздіксіз процестің шарықтау шыңына айналды. Бұл – мүлде жаңа концептуалды құжат. Ол осыған де­йін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі, Ұлттық құ­рыл­тай мен Қазақстан халқы Ассамблеясы отырыстарында қоғам мен мемлекет арасында өткен жан-жақты талқылаулардың нәтижелерін қамтыды.

Жаңа Ата Заңның жобасын күллі Қазақстан халқының ой-пікірі, мұң-мұқтажы, арман-аңсары көрініс тапқан «Халық Конституциясы» деп атауға толық негіз бар. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев көпшіліктің талап-тілегін терең түсіне отырып, Әділетті Қазақстан құруды Конституцияда ең жоғары мақсат ретінде шегелей бекітуді тікелей ұсынды. 

Осы ретте соңғы жылдары әр қазақстандықтың көңіліне ұялап, жанына жақын бола түскен Заң мен тәртіп, Адал Азамат, Таза Қазақстан сияқ­ты құндылықтар жаңа Конституция жобасы­ның преамбуласы негізіне айналды. Олар Консти­туция­ның барлық нормасының өзегін құрап, болашақ ел дамуының берік моральдық-құқықтық іргетасын қалады. 

Бұл басты қағидаттар еліміз үшін бетбұрысты кезеңде ұлтымызды ұйыстырып, мемлекеттік шешімдердің әділдігіне деген сенімді нығайтып, әрі қарай орнықты дамуымызға бағдар бергенін атап өткен абзал. Олардың конституциялық деңгейде бекітілуі – жұртшылықтың көптен күткен үмітінің үдесінен шыққан шынайы жауап болмақ.

Негізгі заңның жобасында еліміздің болашақ заң шығарушы органы – Құрылтайдың жаңа архитектурасы ұсынылған. Бір палаталы жаңа Парламентке айтарлықтай пәрменді функциялар беріледі. Олар биліктің түрлі тармақтары арасындағы тежемелер мен тепе-теңдік жүйесін толығымен жаңартады.

Құрылтайдың тек партиялық тізім арқылы жасақталуы халықтың барлық топтарының мүддесін мейлінше кең әрі жүйелі қамтамасыз етеді. Белсенді азаматтық ұстанымы бар қазақстандықтар да саяси партияларға мүше болу арқылы жаңадан құрылатын заң шығарушы органға өте алады. Бұл қадам партиялардың қызметін жандандырып, мықты саяси ойыншылардың пайда болуына, жаңа саяси мәдениеттің қалыптасуына жол ашады.

Құрылтайда партиялардың өкілдік етуі жұртшы­лықтың өз мүддесін заңнама деңгейінде тікелей әрі тұрақты арналар арқылы жеткізуіне мүмкіндік береді. Саяси партиялардың түрлі идеологиялық платформалары Парламенттегі пікірталастардың мазмұны мен мәнін, қабылданатын заңдардың сапасын арттыра түседі. Түптеп келгенде, бұл Мем­лекет басшысының «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын барынша орнықтырады. 

Осы жылдары біз халықпен тікелей диалог орнату – Мемлекет басшысы саясатының бұлжымас бағдары екеніне куә болып келеміз. Қасым-Жомарт Кемелұлы осы қағидатты ұстана отырып, Халық Кеңесін құру бастамасын көтерді. 

Заңнамаға бастамашылық ету құқығы бар бұл жаңа конституциялық институт мемлекеттік билік­тің жаңа құрылымымен ұтымды үйлесім таппақ. Ол біздің көпқырлы қоғамымыздың – этностардың, конфессиялардың, өңірлердің барлық аспектісі ескерілетін, жете ойластырылған мемлекеттік шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл – мемлекет тұрақтылығының, оның үйлесімді дамуы мен «Бірлігіміз – әралуандықта» принципінің институционалдануының кепілі.

Ендігі кезекте Негізгі заңға тек азаматтардың жалпыхалықтық референдум арқылы ғана өзгерістер енгізе алатыны жаңа Конституция нормаларының орнықтылығын көрсетеді.

Жаңа Конституцияда Президенттің елдегі жо­ғары саяси биліктің кепілдендірілген алмасым­дылығы туралы бағыты жалғасын тапты. Іс басын­дағы Президент өз лауазымынан мерзімінен бұрын босаған жағдайда екі ай ішінде міндетті Президент сайлауы  өткізілетіні туралы норма енгізіледі. 

Мемлекеттік билік тармақтарының тұрақтылығы мен болжамдылығын қамтамасыз ету үшін жаңадан вице-президент лауазымын енгізу көзделіп отыр. Негізгі заң жобасында Қазақстанның табысты дамуының кепілі ретінде президенттік басқару формасы сақталып қалмақ.

Жалпы, ұсынылған Конституция жобасы – ел дамуының жаңа философиясы. Онда адам құқығы мен еркіндігі мызғымас әрі негізгі басымдық ретінде бекітіледі және солай болып қалады. 

Бұдан бөлек, мемлекет Ата Заң деңгейінде адами капиталды, білімді, ғылым мен инновацияны дамытуға кепілдік береді. Енді адамның жеке басының біліктілігі, жақсы білімі, интеллектісі, адал еңбегі алдыңғы қатарға шығарылады. Олар елдің табиғи байлықтарынан әлдеқайда бағалы бола түсіп, негізгі құндылықтарымызға айналады. Осылайша, жаңа Конституция жобасында адамның ең басты орында тұруына терең мән беріліп отыр. 

Жаңа Ата Заңды қабылдай отырып, біз күллі әлем қоғамдастығына Қазақстанның Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз және Таза Қазақстан құрып жатқанын паш етеміз. Онда әр азаматтың дамуына, өмірден өз орнын табуына тең және әділ мүмкіндіктер беріледі. Ал ел шекарасы мен аумақтық тұтастығының бекемдігі туралы нормалардың бекітілуі сыртқы ықтимал сын-қатерлерге нақты жауап болмақ. 

Жалпы, жаңа Конституция жобасы – жарқын болашаққа бастайтын батыл қадам. Президент  айтқандай, ол әлемде қалыптасқан қазіргі күрделі кезеңде біртұтас Қазақстан халқына бағыт сілтейтін маңызды құжатқа айналады.