Жүрек, бауыр, екі бүйрек және көздің қасаң қабығы сәтті алынып, трансплантацияланды.
Жүрек, бауыр, бүйрек: Павлодарда қайтыс болған әйел бірнеше адамға донор болды
343
оқылды

Павлодар қаласының кардиоорталығында алғаш рет мультиоргандық донорлық операция жасалды. Нәтижесінде, қайтыс болған донордан бірнеше ағза алынды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

39 жастағы науқас геморрагиялық инсульт диагнозымен орталыққа түскен. Өкінішке қарай, жағдайы ауыр болып, комаға түсті. Кейін дәрігерлер консилиум арқылы ми өлімін растады. Науқастың отбасы батыл шешім қабылдап, ағзаларын донорлыққа беруге келісімін білдірді. Бұл өзге адамдардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді.

Ағзаларды алу жұмысына Ұлттық ғылыми онкология орталығы мен «UMC» корпоративтік қорының трансплантолог дәрігерлері қатысты. Нәтижесінде, жүрек, бауыр, екі бүйрек және көздің қасаң қабығы сәтті алынып, трансплантацияланды.

Донор отбасының шешімі мен медицина мамандарының үйлесімді еңбегінің арқасында «күту парағындағы» науқастарға өмір сыйлау мүмкін болды. Алынған ағзалар жедел түрде Бірыңғай республикалық донорлар мен реципиенттер регистріндегі пациенттерге жеткізілді.

Бүгінде барлық ағзалар күту парағындағы науқастарға трансплантацияланды. Оның ішінде бір бүйрек балаға салынды, бұл ерекше маңызды.