Бұл туралы Ақорда ресми хабарлады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті
197
оқылды

Мемлекеттер басшылары екіжақты ықпалдастықтың қазіргі жай-күйін талқылап, биыл Қазақстан-Ресей қарым-қатынасы мазмұнды әрі нәтижелі болғанын атап өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Негізгі жетістіктердің бірі ретінде екі елдің байланысы жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне жеткенін айтуға болады. Бұл мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың маңызды кезеңіне айналды.

Қазақстан Президенті Украина қақтығысын реттеу бойынша келіссөз процесінің ілгерілеуін құптап, өзара берік уағдаластыққа қол жеткізуге бағытталған саяси-дипломатиялық тәсілдерді жалғастыру қажет екеніне тоқталды.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясы Президентінің мемлекеттік резиденциясына шабуыл жасау әрекеттерін айыптайтынын жеткізіп, мұның бітімге келуге және қақтығыстың саяси шешімін іздеуге кері әсер ететінін айтты.

Әңгімелесу соңында мемлекеттер басшылары бір бірін келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, қос халыққа бақ-береке тіледі.