Алматының Медеу ауданында, «Локомотив» шыңы маңында (3700 м биіктікте) құтқарушылар екі адамның мүрдесін тапты. Бұған дейін сол топтағы тағы бір марқұм анықталған еді. Оқиға салдарынан барлығы үш адам қаза тапты.
Іздестіру жұмыстарына ТЖМ құтқару қызметі, полиция, альпинизм федерациясы мен еріктілер, сондай-ақ «Қазавиақұтқару» тікұшағы жұмылдырылды. Барлығы 80 адам, 12 техника, 4 кинологиялық топ және 4 дрон қатысқан.
Жұмыстар қиын таулы жағдайда жүргізілді, мәйіттер «Медео» бекетіне жаяу тасымалданды. Марқұмдар полицияға тапсырылды, сараптама тағайындалды. Туыстарына психологиялық көмек көрсетілуде.
ТЖМ тауға шығар алдында қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертеді. Қауіп төнген жағдайда 112 нөміріне хабарласу қажет.