Өңірде жүзеге асқан кең ауқымды мәдени бастамалар, мазмұны терең, ауқымы кең әрі халықаралық деңгейде танылған брендтік шараларымен есте қалды. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, Конституцияның 30 жылдығы, ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы, Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығы, Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы сынды айтулы даталар облыста өткізілген мәдени іс-шаралардың идеологиялық өзегін құрады.
Жаңа мәдени ортаны қалыптастыру жөніндегі міндеттерді іске асыруды 360 мәдени ұйымның желісі жүзеге асырады, оның ішінде 170 клубтық мекеме, 170 кітапхана, 6 мұражай, театр, концерттік ұйым, тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі мекеме, сондай-ақ рухани-ағартушылық қызмет атқаратын өзге де мәдениет ошақтары кіреді.
Мерейтойлық жыл аясында Шығыс Қазақстанда бұрын-соңды қолға алынбаған, жаңа форматтағы бірегей брендтік жобалар жүзеге асырылды. Сол бастамалардың ішінде табиғатпен үйлесім тапқан ең ауқымды шараның бірі алғаш рет ұйымдастырылған «Бұқтырма балықшысы-2025» фестивалі болды. Бұл ерекше мәдени жоба балық аулау дәстүрін ұлттық құндылықтармен сабақтастырып қана қоймай, экологиялық туризм мен белсенді демалысты дамытудағы жарқын үлгіге айналды. Фестивальға Қазақстанның түкпір-түкпірінен және шетелден келген қатысушылардың көптеп жиналуы Күршім мен Самар аудандарының туристік әлеуетін жаңа деңгейге көтеріп, өңірдің табиғи тартымдылығы мен мәдени беделін кеңінен танытты.
Жылдың ең ірі әрі маңызы зор мәдени оқиғасы ретінде Қатонқарағай ауданында өткен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық музыкалық фестивалін ерекше атауға болады. Алтайдың асқақ төрінде өткен бұл ауқымды шара түркі халықтарының рухани тамырын тереңнен қозғап, ортақ тарихы мен мәдени бірлігін қайта жаңғыртты. Фестиваль Шығыс Қазақстанды түркі өркениетінің маңызды рухани-мәдени орталықтарының бір ретінде танытып, оның халықаралық беделін айқын көтерді.
Музыкалық қойылымдар, этноауылдар, ұлттық ойындар, ғылыми-мәдени кездесулер мен көрмелер фестиваль мазмұнын байытып, оны рухани мағынасы кең, мазмұны терең мәдени бренд деңгейіне жеткізді. Аталған фестиваль осыдан он екі жыл бұрын Қатонқарағай ауданының Берел ауылында бастау алған еді. Алғашқы кезеңдерінде археология мен тарихи мұраны насихаттауға басымдық берілсе, биыл шара түркітілдес елдердің рухани-мәдени бірлігіне, ұлттық өнері мен музыкасына, әдебиеті мен руханиятына жаңа серпін берді. Түркі халықтарының өнерпаздары мен мәдениет қайраткерлері Алтай құшағында бас қосып, ортақ мәдениет пен тарихтың терең тамырына қайта жан бітірді. Шара аясында музыкалық қойылымдармен қатар ұлттық салт-дәстүрлерді танытатын көрмелер, этноауылдар, ғылыми-мәдени кездесулер мен спорттық ойындар ұйымдастырылып, фестивальға кең тыныс, мазмұнды рухани сипат берді.
14 маусым күні Алтай төрінде «Алтайым – алтын бесігім» халықаралық ақындар айтысы өтті. Сахнада сөз сайысына түскен жүйріктердің жыр додасы екі кезең бойынша өрбіді. Ақтық сынға суырылып шыққан үздік жұптар көрерменнің ықыласына бөленіп, бас жүлдені Қарағандының намысын қорғаған айтыскер Дидар Қами иеленді. Айтыс үзілістері кезінде көрермендер «Назқоңыр», «Дарабоз» вокалдық топтарының, сондай-ақ мәдениет пен өнер саласының танымал өкілдері қатысқан рухани мазмұны бай концерттік бағдарламаны тамашалады.
Төр Алтайдағы дүбірлі шара түркі халықтарының өнерін тоғыстырған салтанатты гала-концертпен жалғасын тапты. Гала сахнасына Қазақстанның белгілі әртістері – Ерлан Рысқали, Әмре, Қобыланды Болат, «Музарт» және Abyroy топтары, сондай-ақ Түркия, Татарстан, Өзбекстан, Саха, Қырғызстан, Алтай, Моңғолия, Түрікменстан, Әзербайжан және Тыва республикаларынан келген өнер жұлдыздары көтерілді. Бұл концерт Алтай даласын нағыз мәдениет пен өнердің ортақ үнін асқақтатқан бірегей алаңға айналдырды. Қорытынды есепке сәйкес, шараға қатысушылардың 80 пайыздан астамы өзге қалалар мен шетелдерден келген қонақтар болған. Бұл жайт ауданның қонақүй және туристік инфрақұрылымына айтарлықтай жүктеме түсіріп, өңір туризмінің жоғары сұранысқа ие екенін айқын көрсетті.
Облыс көлемінде жүзеге асқан «Туған жер – алтын бесігім» жобасы әр ауданның мәдени ерекшелігін, тарихи болмысын және шығармашылық әлеуетін танытатын брендтік алаңға айналды. Үш айға созылған бұл жоба жергілікті өнер ұжымдарының дамуына серпін беріп, өңір тұрғындарының туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырды.
«Туған жер – алтын бесігім» жобасы – өңірлердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін кеңінен танытып, қала мен ауыл арасындағы байланысты нығайтатын маңызды жоба. Бұл жоба арқылы біз әр аудан мен қаланың мәдениет, спорт, білім, ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерін көрсетіп, озық тәжірибесімен алмасуға мүмкіндік жасап отырмыз.
Ауылдық мәдениет пен спортты дамыту – жастарды тәрбиелеудің, саламатты өмір салтын қалыптастырудың және елді мекендердің өмір сапасын арттырудың негізгі бағыты. Осы орайда жергілікті бастамаларға қолдау көрсету – басты міндет. Жоба аясында ауыл шаруашылығы саласындағы үздік жетістіктер кеңінен насихатталып, жергілікті өнімдер қала тұрғындарына ұсынылуда. Бұл ауыл еңбеккерлерінің маңдай термен атқарған еңбегін дәріптеп қана қоймай, отандық өнімге деген сұранысты арттыруға мүмкіндік береді. Аталған бағыт Мемлекет басшысының отандық тауар өндірушілерді қолдау және еңбек адамын дәріптеу жөніндегі тапсырмаларымен толық үндес келеді. Сонымен қатар қолөнер шеберлері мен шығармашылық өкілдерінің көрмесі ұлттық мәдениетімізді насихаттап, эстетикалық талғамды қалыптастыруға зор үлес қосуда.

Жобаның рухани өзегіне айналған өнерпаздар қауымына айрықша тоқталғым келеді. Әр жұма сайын сахна төрінде өнер көрсетіп, көрерменге рухани байлық сыйлап жүрген әншілерге, күйшілерге, бишілерге, шығармашылық ұжымдарға шынайы алғысымды білдіремін. Олардың еңбегі – ұлттық өнерді ұлықтап, халықтың мәдени талғамын арттыруға, жас ұрпақты рухани құндылықтарға баулуға бағытталған үлкен үлес. Өнерпаздардың шығармашылығы бұл жобаның мазмұнын тереңдетіп, көрермен үшін тағылымды да әсерлі мәдени алаңға айналдыруда.
Биыл 19 желтоқсан күні Шығыс Қазақстан облысында мәдени жобаның қорытындысы ретінде салтанатты гала-концерт ұйымдастырылды. Өңірдің түкпір-түкпірінен келген өнер ұжымдары мен көрермендер бас қосқан бұл кеш халыққа әсерлі мәдени бағдарлама ұсынып, шығармашылық еңбектің лайықты бағаланған сәтіне айналды.
Гала-концерт барысында облыстың аудан-қалалары арасында өткен мәдени жоба нәтижелері жарияланып, үздік деп танылған қатысушылар марапатталды. Қазылар алқасының шешімімен жобаның Бас жүлдесі Күршім ауданына табысталды. І орын Тарбағатай ауданына, ІІ орын Ұлан ауданына, ал ІІІ орын Марқакөл ауданына берілді. Бұл нәтижелер әр өңірдің мәдени әлеуетін, шығармашылық ізденісін және сахналық мәдениетін айқын көрсетті. Сонымен қатар өнер саласындағы ерекше жетістіктері мен тың бастамалары үшін бірқатар қатысушы арнайы номинациялар бойынша марапатталды. Бұл марапаттар әрбір ұжымның өзіндік ерекшелігін, шығармашылық ізденісін және көрерменмен байланысын айшықтады. Гала-концерт мәдени жобаның логикалық қорытындысы ғана емес, сонымен қатар өңірдегі шығармашылық ұжымдарды ынталандыратын, өнерге деген қызығушылықты арттыратын маңызды мәдени оқиғаға айналды. Сондай-ақ атадан мирас болған құсбегілік өнерін ұлықтайтын «Шығыс Салбурыны» халықаралық фестивалі 5 жыл өз жалғасын табуда.
Биыл фестивальға Моңғолия, Ресей, Венгрия, Қырғызстан, Испания және басқа да елден қонақтар мен қатысушылар жиналды. Жылдан-жылға ауқымы кеңейіп келе жатқан іс-шараның биылғысына қатысушы ретінде 140-тан астам бүркітші қатысты. Этноалаңда 30-дан астам киіз үйден құралған этноауыл тігілді. Мұнда шеберлік сабақтары, қолөнер көрмелері, сондай-ақ қазақтың салт-дәстүрлері көрсетілді: «Ашамайға мінгізу», «Беташар», «Тұсау кесу», «Қырқынан шығару», «Бесікке салу» және «Сырға салу».
Жыл соңында 19-20 желтоқсан күндері өткен «Аяз ата, Ақшақар-2025» халықаралық фестивалі өңірдің қысқы туризмін дамытуға, мәдени бастамаларды қолдауға және тұрғындар мен қонақтарға мерекелік көңіл күй сыйлауға бағытталды. Фестиваль Риддер қаласында, «Алтай Альпілері» тау-шаңғы кешенінде, сонымен қатар Өскемен қаласында ұйымдастырылып, түрлі жас санатындағы көрерменді қамтыды.
Фестиваль идеологиясы дәстүрлі жаңа жылдық кейіпкерлер – Аяз ата мен Ақшақар бейнесін заманауи сахналық өнер түрлерімен, интерактивті форматтармен және көрермендермен тікелей қарым-қатынаспен ұштастыруға негізделген. Фестиваль мейірімділік, мәдени әртүрлілік, шығармашылық еркіндік және ұрпақтар сабақтастығы сияқты құндылықтарды дәріптей отырып, әртүрлі жас және әлеуметтік топтарға түсінікті әрі жақын заманауи жаңа жыл мәдениетін қалыптастырады.
Әдеби және мәдени байланысты арттыру мақсатында биыл облыстық драма және оперетта театрының орыс труппасы сәуір айында Өзбекстанның Самарқан қаласына, қазақ труппасы Қырғызстанның Бішкек қаласына гастрольдік сапармен барып қайтты. Енді, шілде айында жастар труппасы Грузия еліне гастрольдік сапарға барып қайтты.
Ұжым Грузия мемлекеті, Озургети қаласында өткен V Халықаралық Н.Думбадзе атындағы театр фестиваліне автордың «ИТ» драмасымен қатысып, «Үздік интерпретация» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Сонымен қатар қыркүйек айында Алматы қаласында Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры ұйымдастырған Жас режиссерлер театр фестиваліне де «ИТ» спектаклімен қатысып, заманауи режиссура мен жаңа театр тілін ұсынды. Бұл фестивальда режиссер Абай Дәулетұлы «Ең үздік режиссер» атанып, 1.500.000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйлыққа ие болды.
23-27 қыркүйек аралығында Ақтөбе қаласында Қазақстанның халық жазушысы Қ.Шаңғытбаевтың 100 жылдығына арналған VII Халықаралық BALAUSA эксперименталдық спектакльдер фестивалінде жас көрермен театрының ұжымы А.Чехов пен Л.Толстойдың шығармалары негізінде қойылған «Чехов. Толстой. Абай. Шие. Война и мир» трагикомедиясы «Үздік қойылым» номинациясына ие болып, бас жүлдені жеңіп алды.
Облыстық филармонияның «Алтай» би ансамблі мен Тарбағатай ауданының «Барқытбел» этнофольклорлық ансамблі Қытай Халық Республикасының Шаньси провинциясы, Тайюань қаласында ұйымдастырылған халықаралық «Ганнат» өнер фестивалінде бас жүлдені иеленуі оң ықпал етіп, өңірдің мәдени құндылықтарын халықаралық деңгейде танытты.
Қорыта айтқанда, Шығыс Қазақстан облысында жүйелі түрде ұйымдастырылып келе жатқан мәдени іс-шаралар өңір тұрғындарының рухани байлығын арттыруға, білім көкжиегін кеңейтуге, ұлттық құндылықтарды сақтау мен дәріптеуге және қоғамдағы әлеуметтік байланыстарды нығайтуға елеулі үлес қосып отыр. Аталған бастамалар халықтың мәдени өмірін жандандырып қана қоймай, өңірдің шығармашылық әлеуетін дамытуға, қоғамдық бірлікті күшейтуге бағытталған маңызды тетікке айналды. Бұл бағыттағы кешенді жұмыс пен ауқымды мәдени жобалардың барлығы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Н.Сақтағановтың тікелей қолдауы мен бастамасы нәтижесінде табысты жүзеге асырылуда.
Самат КАСЕНОВ,
Шығыс Қазақстан облысы
Мәдениет басқармасының басшысы