Жұмабай Шаштайұлы туралы өткен шақпен естелік жазу ауыр. Қаламгер қазақ әдебиетінің көркем ой көкжиегін кеңейткен, сөздің салмағы мен сезімнің тереңін қатар ұстай білген жан еді. Көркем сөздің кестесін ғана кестелеп қойған жоқ, қазақ журналистикасының да тізгінін ұстап, публицистикаға да ерекше леп берді.
Жүректе жүрер Жұмабай
266
оқылды

Жұмабай Шаштайұлы адам жанының иірімдерін, тағдыр мен уақыттың тайталасын ұлттық бол­мыстың нәзік қырларын шынайы да шымыр бейнеледі. Оның прозасы мен публицистикасында жасандылық жоқ, өмірдің өзінен алған кейіпкерлері бар және жазушының ішкі жан дүниесін көрсететін шынайы болмысы бар.

«Бауырмал еді Жұмабай»

Астанадағы академиялық кі­тап­ханада жазушының 75 жылды­ғына орай төрт томдық шығарма­лар жинағының тұсаукесері өтті. Тұсаукесерге қаламгердің үзең­гілес достары, әріптестері, шә­кірт­тері жиналды. Жұмабай Шаш­­тайұлы туралы әдемі естелік­тер, сәулелі сәттері туралы тол­ған­ыстар шертілді. Жазушының ешкімге ұқсамайтын мінезі, адам­гершілік келбеті, ұстаздық қыры туралы толғанды жиылған қауым. 

Кештің тізгінін ұстаған белгілі ғалым, профессор Айгүл Ісмақова аға-досы туралы ойларын ортаға салды.

«Өмірде бірін-бірі бауыр­лық­пен түсінетін шынайы достық болады. Бірақ достар көп болмай­ды. Менің жақын достарым оң қолымның саусақтарындай ғана. Бұлар – жаны таза, достыққа берік, адал адамдар. Солардың бір­е­гейі – Жұмабай Шаштайұлы еді» дейді ғалым. Ол жазушыны аға-дос сана­ғанын, өмірде өзіне ұстаз болғанын да жасырмады. Мәскеуде оқыған, орыстілді ға­лым­ды қазақшаға жа­қындатқан да Жұмабай Шаш­тай­ұлы екенін айтады. Алғаш мақала­сын «Жал­ын» журналына орыс тілінде апа­ра­ды. Сонда күлімсіреп қана үн қатқан қаламгер Айгүл Ісмақова­ны осылайша қазақы ортаға жа­қындатқанын өзі де байқамаған шығар. Есесіне, жақсы дос, адал аға тапты. 

«Бірер жылдан кейін мен іс­тейтін Әдебиет теориясы бөліміне Гүлзия Пірәлі жұмысқа келді. Гүлзия Жұмабай екеуі кезінде «Лениншіл жаста» қызметтес бол­ған екен. Бір-екі рет қонақта кез­дестік. Жұмабай Мәскеудегі әде­би орта туралы сұрады, олардың әдеби басылымдарындағы сол кез­дегі мықты сыншыларды оқи­тынына көзім жетті», – дейді А.Іс­мақова. Ғалым 1987 жылы инсти­тутқа жаңа басшы болып келген Шериаздан Елеукеновтің бір ғы­лы­ми кеңесте жазықсыз сынға ұшыраған жас жазушы Жұмабай Шаштайұлы туралы айтқанын еске түсірді. Сол естелі­гінде жазу­шы­ның «Қызыл қар» романы сол кездегі мемлекет бас­шы­сының ресми баяндамасында «коммун­истік жетістігімізді сынап, дұрыс көрсетпеген шығарма» деп сынға ұшырапты. Кейін білгеніміз­дей, Д.Қонаев біреулер жазып берген сөзді оқып берген екен. Жұмабай Шаштайұлы туралы ғалым: «Ол өмір бойы жазушылық жолына қолдау білдіріп, батасын берген Рымғали Нұрғали мен Шериаздан Елеукеновті ұстаздары ретінде ерекше құрметтеп өтті. Өз айтуы бойынша, Қонаевтың баян­дама­сынан кейін жазушы репрес­сияға түскендей хал кешкен. Бұл оқиға жазушының кейінгі өмірінде де сақ болуына әсер етіпті» дейді.

Жұмыс бабымен Айгүл Іс­мақова Астанаға ауысқанда да бір-­бірінен хабар үзбеген. Бірақ ғалымның айтуынша, кейінгі уа­қытта шығармашылық жұмысына байланысты хабар алмасу тоқтап­ты. «Наурыздың 12-сінде таңертең сабаққа шығып бара жатқанда Болат Мүрсәлімнен қоңырау кел­ді. Аға досымның дүниеден өтке­нін осылай естідім. Хабарды есті­геннен кейін Жұмабайдың Ал­ма­тыға ірі дәрігерлік ортаға жетпей, ауылда қалып қойғанына қатты өкіндім» деді ол. 

«Бақытты жазушы»

Жазушы Қуаныш Жиенбай әң­гімесін басқосудың ерекшелі­гінен бастады. Жазушы айтқан ерек­шелік – Жұмабайдың сан қыр­лы қаламгерлік шеберлігі, туабітті адамгершілік асыл қасиеті және ешкімге ұқсамайтын тура­шыл мінез-құлқы жайлы  толағай ойлар бүкпесіз ортаға салынуы. «Жүкең ғайыптан тіріліп келген­дей, баяғы емен-жарқын ақтары­лып күлетін күлкісімен тура жаны­мызда отырғандай сезім құшағында отырдық...» дейді ол.

Жазушының естелігінен Шаш­тайұлы қайда жүрмесін ана сүтімен бойына дарыған таза­лыққа қылаудай кір жұқтырмаған жан, өзі басқарған жылдары газет­тері елдің қошеметіне бөлен­ген абыройлы азамат болғанын білдік. Бірақ өзі-өзіне көңілі толмай, өзі­мен-өзі іштей арпалысып жүре­тін­дігін сырттай аңғарған сол жол­дас-шәкірттері. Жұмабек Шаш­тайұлының осы қыры жазу­шы естелігінің «дәмін» келтірді.

«Қарауындағы кейбір жас жур­налистердің берген тапсыр­масын тап-тұйнақтай орындаудың орнына, күлдібадам бір нәрсені домбаздап алдына тастай салға­нына жүзі сұрланып, өзімен-өзі күйіп-пісіп отырған сәттерін де байқап жүретінбіз. «Жүке, осы саған не керек, осы да жүйке жұ­қа­ртатын мәселе ме, одан «Қалам­герге» түсіп, аздап тамақ жібіт­ейік» дегенімізге бастапқыда ыңғай танытқанымен, бәрібір өз пайым-түсінігінің шеңберінен көпке дейін шыға алмай, өзімен-өзі «бұрқырап» жүретін. «Қазақ әде­биеті» мынадай-мынадай қо­ғам­дық мәселелер мен әдебиет төңірегіндегі проблема­ларды барынша әділдікпен жазып жа­тыр...» деген көңілжықпас қыс­тырма сөзімізді жаратпағандай: «Біздің түбімізге өстіп өтірік мақ­тау жетіп жүр ғой» деп бір иығын қиқаң еткізетін. Сонда менің есіме соғыстан бір қолын беріп, елге шолақ боп оралған «Аспан­қорадағы» Атан түсер еді. Атан – жазушы Жұмабай Шаштайұлы­ның нағыз дер шағындағы ше­бер­­лі­гінен туған қазақ әде­бие­тіндегі келісті кейіпкер», – дейді Қуаныш Жиенбай.

Ол «Аспанқора» повесі талай-талай ауыздары дуалы әдебиет­шілер мен сыншылар қауымының басты объектісіне айналғанын айтып, кітап оқитын қауымның болашақта да көздеріне түсер деген үмітті арқалап жүргенін айтады. Әкесіне еріп, бір кезде өзі де мек­теп бітірісімен  қойшы бол­ған Жұмабай Шаштайұлы малшы­лар өмірінің ұңғыл-шұңғылын қолмен ұстаған­дай жақсы біледі. Ал жазу­шылық шеберлігі өз жолы­на. Қуан­ыш Жиен­бай Атан мен Ханымкүл ара­сындағы қа­рым-қатынас шым-шытырық оқи­ғаға тұздық болмаса да, жазу­шы осы бір линияны шын­шыл­дықпен әрі шеберлікпен оқу­шы­­сын сендіре білгенін айтып, шы­ғарма туралы азды-көпті сөз қозғады. Айтуын­ша, «Қараторы­ның әдемісі Хан­ымкүл қарақаттай тұнық, күлім көзі жайнаң қағып, кісінің ынтық­тығын құртады», де­ген­мен Атан­мен дәм-тұзы жа­ра­сып, ұзақ уақыт ерлі-зайыпты ғұмыр кеше алмай­ды. Атанның күні-түні жанын жеген бір уайы­мы бар, ол – кінді­гінен туған бала­сының жоқты­ғы. Бұл – негізі әр пенденің басында болатын жайт, бірақ Атанның үнемі жүре­гін жаралаған қайғы-шерін жан баласына айтпастан, дәп бір төрт құбыласы тең адамша өмір сүруге тырысып бағуы; оны­сын рабайда жалғыздан-жалғыз Аспан­қораның аспанмен иықтас­қан шың­дарына шыққан мезетте «шағы­мын»  ту­ған табиғатқа ақтара салуы да – шығармашыл адамның қолына сирек түсетін олжа. Кейін Атан бөтен бір отбасына пенде болған Ханымкүлдің бесік тербетіп отыр­ғанын көргенде қызғаныштан ба, әлде бала туғыза алмаған өзінің осал­дығына налығаны ма, әй­теуір, адам төзгісіз алапат сезімге берілуі есте ұзақ сақталатын штрих. 

«Бір сыншы бауырымыздың Шаш­тайұлы шығармашылығына талдау жасағанда: «Оның кейіп­кер­лерінің қасы мен көзінің тірі организмге айналып, ойнақшып тұратындығын былай қойғанда, бетіндегі әжім іздеріне дейін үнемі қозғалыста болады» дегені бар еді. Соған бір мысал: «Атанның жан­ары­ның ұясынан ұйықтап жатқан жылан бас көтеріп алғандай кісі баласы сескенетін сұс сезілді. Пыш­ақпен сылығандай жақ ет­тері түтігін, қушық маңдайы оқ­шау­лана тырысып, дөңес мұрны қоңқайып, кескіні өзгеше өрескел бұзылып кетті. Бетіндегі шешек дағы сұр  жүзіне қорғасын түстес уыт беріп, дәл бір шалт қимылға көшетіндей қуқыл тартты...».  Мұндай суреттерді Жұмабайдың кез келген туындысынан кездес­тіруге болады. Қаншама қиын­дыққа душар болса да, Аспан­­қора­сынан алыстамаған Атан кейін «моңғол кескінді, бүйрек бетті, қысыңқы көзді, дөңгеленген дембелше бітімінде әлденеден тос­ырқау мен жүрексіну бар» Қа­лам­қаспен отау құрады. Қаламқас пен Атанның аз күнгі ғұмырын­дағы түсіністікке ішің жылиды, повестің тез аяқталып қалғанына  өкінесің, әрине. Атан ана дүниеге аттанарда көңілі ерекше асып-таспаса да, бір қараға тұяқ іліктір­гендей пейіл танытады. Қалам­қастың «аяғым ауыр, екіқабатпын» деген жүрекжарды ақырғы сөзін естігенде, Атанның қандай күйге түскендігін сезіну үшін, сірә, қырық беттен аспайтын шығар­маны тағы бір оқып шығуға тура келер. Иә, Шаштайұлы шығарма­шылық әлеуетінде мұндай олжа­лар көп-ақ», – деп пайымдады ол. 

«Аспанқораны» оқыған ұстазы Рымғали Нұрғалиев «Көп жазба, осындай он шығарма жазсаң жет­е­ді» деп кеңес беруінде біраз мән жатыр: шәкіртіне ризашылығы һәм көпіртіп көп жазудың мұратқа жеткізбейтіндігі.

Қуаныш Жиенбай бүгінде жұрт әдеби дүниені зейін қойып оқу­дан гөрі ауа жайылып, сан түр­лі әлеуметтік желі, тик-ток дейтін «құбыжықтарға» мықтап әуес бол­ып алғанына ашынатынын жеткізді. Сөйтіп, қаламгер туралы орам­ды ойларын қайта жалғас­тырып, оның бітім-болмысы туралы:

«Қайран Жүкең, Жұмаш, Жұма­бай... біз оны үнемі ерке­летіп, өзіміздің оған деген пейі­лімізді де осы еркеліктің аясына сыйғызып, осылай атағанды жөн көруші ек. Ол оған ешбір түзету жасамайтын. Рымғали көкесінің ескертпесіне құлай берілді ме, шындығында ол көпіртіп көп жазған жоқ. Жазғандары мірдің оғындай болып шықты. «Жала мен нала», «Құралайдың салқы­ны», «Ұябұзар», «Қызыл қар», «Шал мен жылқы»,  «Жерге орна­ластырушы», «Қоңыр», «Өмір ертегісі», «Үй мен түз»... т.б. Ал «Аяз би» романын оқу үшін кәдім­гідей дайындық керек. Дүниесі жарыққа шыққан соң оқырман қалай қабылдады, ұнатты ма, ұнат­пады ма деп толғаныста жүре­тін қаламгер қауымына тән «толғақ» Жұмабайды көп азапқа салмаған секілді. Уайым жесе де ішінде. Мұндайда атақты қытай жазушысы Мо Ян былай деуші еді ғой: «Оқығың келсе – оқырсың, оқығың келмесе өзің біл. Маған десе жер бетінде жалғыз ғана оқырман қалса да, мен бәрібір осылай жазамын... Шындығына келгенде, Шаштайұлының оқыр­мандарының да, іздеушілерінің де қарасы қалың. Ол бақытты жазу­шы деп айтқанымызға әріптес­теріміз қарсы бола қоймас», – дейді Қ.Жиенбай.

P.S.

Қаламгер адам мен қоғам, ар мен жауапкершілік, өткен мен бүгін арасындағы байланыстарды табиғи өріммен әдемі жеткізе білді. Сондықтан да Жұмабай Шаштай­ұлының туындылары бір оқып қоя салатын дүние емес, қайта-қайта ойға оралатын, санада ұзақ сақ­талатын мәңгілік құндылық.

Оның қалдырған көр­кем әлемі оқырманды ойлан­дырып қана қоймай, адамдық болмысты терең танытуымен де  құнды. Уақыт өтсе де мәнін жой­май­тын Шаштайұлы шығармалары келер ұрпаққа да рухани бағдар, әдеби өлшем бола беретіні сөзсіз.

Гүлзина БЕКТАС