Осы мақсатта жаңа мемлекеттік ұйым – Жекешелендіру жөніндегі ұлттық кеңсе құрылды. Жалпы, жаңа жылда жеке қолға қандай мемлекеттік активтер, кәсіпорын-компаниялар берілмек?
Триллион табыс түсірді
Кейінгі жылдары елде парадоксты жағдай қалыптасқаны құпия емес: бір жағынан, бұрынғы жылдары бекітілген кешенді жоспар аясында мемлекеттің мүлкін жеке секторға тапсыру үрдісі жалғасты. Екінші жағынан, «жекесіздендіру», яғни жеке компанияларға бұған дейін берілген мемлекеттік дүние-мүлікті қайтару үдерісі қарқын алды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, 2022 жылдан бастап арнайы құрылым – Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссия жұмыс істейді. Оның қызметінің нәтижесінде қысқа мерзім ішінде ескі билік тұсында жеке құрылымдар бақылауына беріліп қойған активтер мен капитал, соның ішінде бюджеттік қаржылар мемлекеттік меншікке қайтарылды. Атап айтқанда, бүгінге дейін 17 АҚ мен ЖШС-ның акциялар пакеті мен оларға қатысу үлестері, Шығыс Қазақстан облысындағы ірі мүліктік кешен, 7 ғимарат, 162 теміржол мен құрылыс нысандары, 7 автомобиль және өзге де 2 мыңнан астам бірлік мүлік республикалық және коммуналдық меншікке оралыпты.
Бұдан бөлек, мемлекеттің мүлкін өз иелігіне көшіріп, одан қыруар пайда, күреп табыс тапқан олигархтар «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына 1 млрд теңге аударды. Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 100 млн доллар және 1,49 млрд теңге берілді. Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруда Арнаулы мемлекеттік қор (АМҚ) үлкен рөлге ие. Оған мемлекетке қайтарылған активтер есебінен 434,3 миллиард теңге түсіпті. Биыл бірінші жартыжылдық қорытындысында бұл сомадан 318,1 млрд теңгеге 406 әлеуметтік маңызы бар жоба қаржыландырылды. Арасында 230 сумен жабдықтау және су бұру желісіндегі, 162 денсаулық сақтау саласындағы, 10 білім саласындағы, 4 спорт саласындағы жобалар бар.
Сонымен бірге Үкімет Президенттің экономикадағы мемлекеттің үлесін төмендету және бәсекелестікті дамыту бағытында қойған міндетін де орындауы керек. Ол міндет қаншалықты жүзеге асты? Мәди Такиевтің мәліметі бойынша, жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары жалпы саны 638 объектіні қамтыды.
2025 жылғы қыркүйектегі жағдай бойынша 396 мемлекеттік нысан немесе 73%-ы жалпы сомасы 922,1 млрд теңгеге сатылды. Әрқайсысына шаққанда орта есеппен 2,3 млрд теңгеден келеді. Бизнес пен инвесторлар еш қызығушылық танытпаған 69 нысан қайта ұйымдастырылды, басқа мемлекеттік мекеменің қарауына берілді немесе таратылып, жойылды. Тағы 153 объект – сатылым алдындағы дайындықта, 20 объект – сатылымда. Ұлттық жекешелендіру офисімен бірлесе отырып, Кешенді жоспарға қосу үшін жаңа 475 объект әзірленді.
Өткен кезеңде ірі мемлекеттік компаниялар IPO/SPO-ға шығару арқылы үлесін сатты. Соның нәтижесінде мемлекетке қарасты бүкіл мұнай-газ кен орындарына иелік ететін «Қазмұнайгаз» АҚ – 153,9 млрд теңге, елдегі мемлекеттің бүкіл электр желілері мен энергетикалық жүйелерін басқаратын «KEGOC» АҚ – 22,6 млрд теңге, мемлекеттік әуе тасымалдаушысы «Эйр Астана» АҚ 10,6 млрд теңге табыс тауыпты.
Кәсіби футболдан «арылу» тездетілмек
Биылғы жекешелендіру процесінде халықтың көз алдында жүріп, ел аузында болғаны – спорттық клубтардың жекенің қолына көшуі болды. Бұл іс әзірге аяқталған жоқ, тіпті ақпарат құралдары «сатылды» деп жариялаған, тараптар қол алысып, фотоға түскен кейбір жағдайда клубтың жаңа қожайынына толыққанды көшпегені анықталды. Сондықтан бұл тұрғыда қорытынды статистика жоқ.
Әйтсе де, жуырда Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысын бұқаралық спортты дамыту жөніндегі Президент тапсырмаларын жүзеге асыру мәселелеріне арнап, сонда клубтарды сатып алған инвесторларға алғысын жеткізді. «Мемлекет бизнеске қолдау көрсетіп отыр. Сондықтан әлеуметтік және спорттық инфрақұрылымды дамыту бағытында жауапты қадамдар күтеміз. Футбол клубтарын жекешелендіру туралы Президент үндеуіне кәсіпкерлер үн қосып жатыр, оларға ризашылығымызды білдіреміз! Біз кәсіпқой спорт үшін сапалы резерв құруымыз керек», – деді Үкімет жетекшісі.
Айта кету керек, Үкімет отырысының қорытындысында Премьер-министр Ақтөбе, Қарағанды, Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау, Атырау облыстары мен Шымкент және Астана қалаларының әкімдеріне футбол клубтарын жекешелендіруге инвесторлар тарту жұмысын күшейтуді тапсырды. Бұлардың бәрі футбол, баскетбол, хоккей және басқа клубтарды жекеге табыстаса, жергілікті бюджеттердің иығынан үлкен ауыртпалық түсер еді.
Келесі толқын не әкелмек?
Жекешелендірудің келесі толқындарынан да триллиондаған табыс түсуге тиіс. Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссия 3 триллион теңгеден астам баланстық құны бар тағы 500-ге жуық мемлекеттік компанияны оңтайландыруды қолдады. Басты мақсат – мемлекеттік активтерді бәсекелі ортаға беру, экономиканың тиімділігін арттыру және жеке бизнесті дамыту үшін жағдай жасау. Бұдан бөлек, бәсекелес салалардағы мемлекеттік кәсіпорындар санының қайтадан өсуіне жол бермеу үшін нормативтік шарттар пысықталып, заңнама өзгертіліп жатыр. Мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуына негіз болатын тұстар қысқартылады.
«Кәсіпкерлік бастаманы кеңейту және тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету шарттарының бірі – мемлекеттің экономикадағы үлесін төмендету. Бүгінде бұл көрсеткіш ЖІӨ-ге шаққанда 13,7%-ды құрап отыр. Биыл Жекешелендірудің 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарын іске асыру аяқталды. Оңтайландырудың 2030 жылға дейінгі жаңа жоспары бекітілді. Онда отын-энергетика, өнеркәсіп, көлік және байланыс салаларындағы, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік компаниялар қамтылған», – деп түсіндірді Үкіметтің баспасөз қызметі.
Жуырда Премьер-министр әкімдіктерге, мемлекеттік органдар мен компанияларға жаңа жоспарға енгізілген активтердің кем дегенде жартысын 2026 жылы сатып жіберу үшін тиісті жұмысты қазірден бастауды тапсырған-тын. Бұдан басқа, Жекешелендіру жөніндегі ұлттық кеңсе тиісті меморгандармен бірлесіп, оңтайландырумен қамтылмай қалған салаларға талдау жүргізуді жалғастырмақ.
Қазақстан алдағы 5 жылға арналған жекешелендіру объектілерінің жаңа тізімін бекіткені мәлім. Енді бұл процесті антимонополиялық орган – Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі басқарады. Ведомство мамандары Жекешелендіру жөніндегі ұлттық кеңсесін, сондай-ақ арнайы порталын құрды: ол арқылы бизнес мемлекетке қарасты активтерді сатып алуға немесе басқаруға өтінім бере алады.
Жекешелендірудің жаңа толқыны 3 кезеңмен жүзеге асырылады: І және басты кезең 2026 жылды қамтиды, ІІ кезең 2027-2028 жылдарға, ал ІІІ кезең 2029-2030 жылдарға созылады. Жекешелендірілетін объектілердің бекітілген жаңа тізімі 475 кәсіпорыннан тұрады. Бірақ шенділер бұл тұрғыда да әлден үйлесімсіздік пен шабандық танытып отырғандай: Energyprom мониторинг агенттігінің сарапшылары Жекешелендіру жөніндегі ұлттық кеңсенің сайтында 504 нысанның ғана тізімі жарияланғанына назар аудартты. Бұл ретте оның кейбірі қайталанады немесе тіпті жекешелендірілмейді: «таратуға жатады» деп белгіленген. Онда неге тізімге енгізілгені белгісіз. Объектілердің паспорттарының да әзірге дайын емесі анықталған.
Станса, әуежай, қорғаныс зауыттары...
«Ең көп үлес коммуналдық қызметтер санатына тиесілі: тізімге барлығы 184 нысан кіріп отыр. Қатарында қалаларды жылумен жабдықтаушы кәсіпорындар, су арналары, өңірлік энергетика компаниялары және әртүрлі тазалау, абаттандыру, көгалдандыру ұйымдары бар. Екінші орында – ірі қалалардан бастап, шағын аудандарға дейінгі бүкіл ветеринарлық стансалар: жалпы саны 145 және бәрі жекешелендіріледі. Жекешелендірудің жаңа жоспарда ұсынылған түрі – сатып алу немесе біріктіру», – деп хабарлады агенттік.
Үштікті көлік және логистика саласындағы компаниялар тұйықтады: әрбір әкімдік қаладағы жол қозғалысын және қоғамдық көлік тасымалын бақылауда ұстау, форс-мажор, ТЖ туғызбау үшін осы салада жеке компания құрып алатын тәжірибе кең таралған. Мысалы, Астанада әкімдіктің CTS компаниясы тіпті ЛРТ құрылысымен айналысты және бүгінде оны іске қосып жатыр. Әкімдерге мұндай кәсіпорындарымен қош айтысуына тура келмек. Әзірге жаңа жекешелендіру жоспары осы саладағы 46 компанияны жеке секторға беруді қарастырады.
Одан кейін мемлекет пен әкімдіктер меншігіндегі көңіл көтеру, қызмет көрсету кәсіпорындары орналасты: 38-і жекенің қолына тапсырылады. Ал мемлекет меншігінде қалып тұрған спорт объектілерінің, футбол және хоккей клубтарының 19-ын ғана жекешелендіру туралы шешім қабылданыпты. Қаншасы әрі қарай қалатыны нақтыланбады. Бір белгілісі, 2026 жылы жекешелендіру «қайшысына» ілігетін нысандар «пулына» кіргізілгендер сапында «Астана», «Шахтёр», «Атырау», «Каспий», «Ордабасы», «Тараз», «Тұран» футбол клубтары, «Қазақмыс», «Жетiсу», «Сарыарқа» және «Бейбарыс-Атырау» хоккей клубтары аталды.
Сондай-ақ 20 өнеркәсіп кәсіпорны мен АӨК нысаны, жалпы саны 14 университет, колледж және басқа білім беру объектісі сатылуға тиіс. Жекешелендіруге шығарылатындардың ішінде екі МӨЗ – Атырау мұнай өңдеу зауыты, Павлодар мұнай-химия зауыты, сондай-ақ әскери техника шығаратын «Семей Инжиниринг» АҚ зауыты, Петропавл ауыр машина жасау зауыты, «Тау-Кен Алтын» алтын өңдеу зауыты және басқа да көптеген алпауыттар жетерлік.
Үкімет мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту бағытында бірнеше жылдан бері тоқтаусыз әрекет етіп жатыр. Бұған қатысты Президенттің саяси ерік-жігері, қойған міндеті бар. Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің дерегінше, жекешелендірудің алдыңғы толқыны мемлекеттің экономикадағы үлесін 14,2%-дан 13,7%-ға дейін азайтыпты. Жаңа жекешелендіру науқанының мақсаты – бұл көрсеткішті 2029 жылға қарай 13,2%-ға дейін кеміту. Кейбір дамыған елде мемлекеттің араласу үлесі 5% маңайында ғана.
Айхан ШӘРІП