Келесі жылы Президент тап­сырмасымен жекеше­лен­дірудің үлкен толқыны басталады.
Жаңа жыл жекешелендіруден басталады
217
оқылды

Осы мақсатта жаңа мемлекеттік ұйым – Жекешелендіру жөніндегі ұлттық кеңсе құрылды. Жалпы, жаңа жылда жеке қолға қандай мемлекеттік активтер, кәсіпорын-компаниялар берілмек?

Триллион табыс түсірді

Кейінгі жылдары елде парадоксты жағдай қалыптасқаны құпия емес: бір жағынан, бұрынғы жылдары бекітілген кешенді жоспар аясында мемлекеттің мүлкін жеке секторға тапсыру үрдісі жалғасты. Екінші жағынан, «жекесіздендіру», яғни жеке ком­панияларға бұған дейін берілген мемлекеттік дүние-мүлікті қайтару үдерісі қарқын алды. 

Мемлекет басшысының тап­сыр­масы бойынша, 2022 жылдан бастап арнайы құрылым – Эко­номиканы демонополизациялау жөніндегі комиссия жұмыс істей­ді. Оның қызметінің нәтижесінде қысқа мерзім ішінде ескі билік тұсында жеке құрылымдар бақы­лауына беріліп қойған активтер мен капитал, соның ішінде бюд­жеттік қаржылар мемлекеттік мен­шікке қайтарылды. Атап айт­қанда, бүгінге дейін 17 АҚ мен ЖШС-ның акциялар пакеті мен олар­ға қатысу үлестері, Шығыс Қазақ­стан облысындағы ірі мүлік­тік кешен, 7 ғимарат, 162 теміржол мен құрылыс нысандары, 7 авто­мобиль және өзге де 2 мыңнан астам бірлік мүлік республикалық және коммуналдық меншікке оралыпты. 

Бұдан бөлек, мемлекеттің мүлкін өз иелігіне көшіріп, одан қыруар пайда, күреп табыс тапқан олигархтар «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына 1 млрд теңге ау­дарды. Білім беру инфрақұрылы­мын қолдау қорына 100 млн дол­лар және 1,49 млрд теңге берілді. Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, әлеуметтік бастама­ларды жүзеге асыруда Арнаулы мемлекеттік қор (АМҚ) үлкен рөлге ие. Оған мемлекетке қай­тарылған активтер есебінен 434,3 миллиард теңге түсіпті. Биыл бірінші жартыжылдық қоры­тындысында бұл сомадан 318,1 млрд теңгеге 406 әлеуметтік ма­ңызы бар жоба қаржыландырылды. Арасында 230 сумен жабдықтау және су бұру желісіндегі, 162 денсаулық сақтау саласындағы, 10 білім саласындағы, 4 спорт саласындағы жобалар бар.

Сонымен бірге Үкімет Пре­зиденттің экономикадағы мем­лекеттің үлесін төмендету және бәсекелестікті дамыту бағытында қойған міндетін де орындауы керек. Ол міндет қаншалықты жүзеге асты? Мәди Такиевтің мә­ліметі бойынша, жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары жалпы саны 638 объектіні қамтыды. 

2025 жылғы қыркүйектегі жағдай бойынша 396 мемлекеттік нысан немесе 73%-ы жалпы со­масы 922,1 млрд теңгеге сатылды. Әрқайсысына шаққанда орта есеппен 2,3 млрд теңгеден келеді. Биз­нес пен инвесторлар еш қы­зығушылық танытпаған 69 нысан қайта ұйымдастырылды, басқа мемлекеттік мекеменің қарауына берілді немесе таратылып, жойыл­ды. Тағы 153 объект – сатылым алдындағы дайындықта, 20 объект – сатылымда. Ұлттық жекеше­лендіру офисімен бірлесе отырып, Кешенді жоспарға қосу үшін жаңа 475 объект әзірленді.

Өткен кезеңде ірі мемлекеттік компаниялар IPO/SPO-ға шығару арқылы үлесін сатты. Соның нәтижесінде мемлекетке қарасты бүкіл мұнай-газ кен орындарына иелік ететін «Қазмұнайгаз» АҚ – 153,9 млрд теңге, елдегі мемлекет­тің бүкіл электр желілері мен энер­гетикалық жүйелерін басқа­ратын «KEGOC» АҚ  – 22,6 млрд теңге, мемлекеттік әуе тасымал­даушысы «Эйр Астана» АҚ 10,6 млрд теңге табыс тауыпты.

Кәсіби футболдан «арылу» тездетілмек

Биылғы жекешелендіру про­цесінде халықтың көз алдында жү­ріп, ел аузында болғаны – спорт­тық клубтардың жекенің қолына көшуі болды. Бұл іс әзірге аяқталған жоқ, тіпті ақпарат құ­ралдары «сатылды» деп жария­лаған, тараптар қол алысып, фото­ға түскен кейбір жағдайда клубтың жаңа қожайынына толыққанды көшпегені анықталды. Сондықтан бұл тұрғыда қорытынды статис­тика жоқ. 

Әйтсе де, жуырда Премьер-ми­нистр Олжас Бектенов Үкімет отырысын бұқаралық спортты дамыту жөніндегі Президент тап­сырмаларын жүзеге асыру мәселе­леріне арнап, сонда клубтарды сатып алған инвесторларға алғы­сын жеткізді. «Мемлекет бизнеске қолдау көрсетіп отыр. Сондықтан әлеуметтік және спорттық  инфра­құрылымды дамыту бағытында жауапты қадамдар күтеміз. Футбол клубтарын жекешелендіру туралы Президент үндеуіне кәсіпкерлер үн қосып жатыр, оларға риза­шылығымызды білдіреміз! Біз кәсіпқой спорт үшін сапалы ре­зерв құруымыз керек», – деді Үкі­мет жетекшісі. 

Айта кету керек, Үкімет оты­рысы­ның қорытындысында Премьер-министр Ақтөбе, Қарағанды, Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау, Атырау облыстары мен Шымкент және Астана қалаларының әкімдеріне футбол клубтарын жекешелендіруге ин­весторлар тарту жұмысын күшей­туді тапсырды. Бұлардың бәрі футбол, баскетбол, хоккей және басқа клубтарды жекеге табыстаса, жергілікті бюджеттердің иығынан үлкен ауыртпалық түсер еді. 

Келесі толқын не әкелмек?

Жекешелендірудің келесі толқындарынан да триллиондаған табыс түсуге тиіс. Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссия 3 триллион теңгеден астам баланстық құны бар тағы 500-ге жуық мемлекеттік компанияны оңтайландыруды қолдады. Басты мақсат – мемле­кеттік активтерді бәсекелі ортаға беру, экономиканың тиімділігін арттыру және жеке бизнесті дамыту үшін жағдай жасау. Бұдан бөлек, бәсекелес салалардағы мемлекеттік кәсіпорындар саны­ның қайтадан өсуіне жол бермеу үшін нормативтік шарттар пысық­талып, заңнама өзгертіліп жатыр. Мемлекеттің кәсіпкерлік қызмет­ке қатысуына негіз болатын тұстар қысқартылады. 

«Кәсіпкерлік бастаманы кеңейту және тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету шарттарының бірі – мемлекеттің экономикадағы үлесін төмендету. Бүгінде бұл көр­сеткіш ЖІӨ-ге шаққанда 13,7%-ды құрап отыр. Биыл Жекешелен­дірудің 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарын іске асыру аяқталды. Оңтайландырудың 2030 жылға дейінгі жаңа жоспары бекітілді. Онда отын-энергетика, өнеркәсіп, көлік және байланыс салаларын­дағы, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік компа­ния­лар қамтылған», – деп түсін­дірді Үкіметтің баспасөз қызметі.

Жуырда Премьер-министр әкімдіктерге, мемлекеттік орган­дар мен компанияларға жаңа жос­парға енгізілген активтердің кем дегенде жартысын 2026 жылы са­тып жіберу үшін тиісті жұмысты қазірден бастауды тапсырған-тын. Бұдан басқа, Жекешелендіру жөніндегі ұлттық кеңсе тиісті ме­мо­ргандармен бірлесіп, оңтай­ландырумен қамтылмай қалған салаларға талдау жүргізуді жал­ғастырмақ. 

Қазақстан алдағы 5 жылға ар­нал­ған жекешелендіру объекті­лерінің жаңа тізімін бекіткені мәлім. Енді бұл процесті анти­монополиялық орган – Бәсекеле­стікті қорғау және дамыту агенттігі басқарады. Ведомство мамандары Жекешелендіру жөніндегі ұлттық кеңсесін, сондай-ақ арнайы пор­талын құрды: ол арқылы бизнес мемлекетке қарасты активтерді сатып алуға немесе басқаруға өтінім бере алады. 

Жекешелендірудің жаңа тол­қыны 3 кезеңмен жүзеге асыры­лады: І және басты кезең 2026 жылды қамтиды, ІІ кезең 2027-2028 жылдарға, ал ІІІ кезең 2029-2030 жылдарға созылады. Жекеше­лендірілетін объектілердің бекі­тілген жаңа тізімі 475 кәсіп­орыннан тұрады. Бірақ шенділер бұл тұрғыда да әлден үйлесімсіздік пен шабандық танытып отыр­ғандай: Energyprom мониторинг агенттігінің сарапшылары Жеке­ше­лендіру жөніндегі ұлттық кең­сенің сайтында 504 нысанның ғана тізімі жарияланғанына назар аудартты. Бұл ретте оның кейбірі қайталанады немесе тіпті жекеше­лендірілмейді: «таратуға жатады» деп белгіленген. Онда неге тізімге енгізілгені белгісіз. Объектілердің паспорттарының да әзірге дайын емесі анықталған. 

Станса, әуежай, қорғаныс зауыттары...

«Ең көп үлес коммуналдық қыз­меттер санатына тиесілі: тізім­ге барлығы 184 нысан кіріп отыр. Қатарында қалаларды жылумен жабдықтаушы кәсіпорындар, су арналары, өңірлік энергетика компаниялары және әртүрлі тазалау, абаттандыру, көгалдан­дыру ұйымдары бар. Екінші орында – ірі қалалардан бастап, шағын аудандарға дейінгі бүкіл ветеринарлық стансалар: жалпы саны 145 және бәрі жекеше­лендіріледі. Жекешелендірудің жаңа жоспарда ұсынылған түрі – сатып алу немесе біріктіру», – деп хабарлады агенттік. 

Үштікті көлік және логистика саласындағы компаниялар тұйық­тады: әрбір әкімдік қаладағы жол қозғалысын және қоғамдық көлік тасымалын бақылауда ұстау, форс-мажор, ТЖ туғызбау үшін осы са­лада жеке компания құрып ала­тын тәжірибе кең таралған. Мысалы, Астанада әкімдіктің CTS компаниясы тіпті ЛРТ құрылы­сымен айналысты және бүгінде оны іске қосып жатыр. Әкімдерге мұндай кәсіпорындарымен қош айтысуына тура келмек. Әзірге жаңа жекешелендіру жоспары осы саладағы 46 компанияны жеке секторға беруді қарастырады. 

Одан кейін мемлекет пен әкімдіктер меншігіндегі көңіл кө­теру, қызмет көрсету кәсіп­орын­дары орналасты: 38-і жекенің қо­лына тапсырылады. Ал мемлекет меншігінде қалып тұрған спорт объектілерінің, футбол және хок­кей клубтарының 19-ын ғана жекешелендіру туралы шешім қабылданыпты. Қаншасы әрі қарай қалатыны нақтыланбады. Бір белгілісі, 2026 жылы жекеше­лен­діру «қайшысына» ілігетін нысандар «пулына» кіргізілгендер сапында «Астана», «Шахтёр», «Атырау», «Каспий», «Ордабасы», «Тараз», «Тұран» футбол клубтары, «Қазақмыс», «Жетiсу», «Сары­арқа» және «Бейбарыс-Атырау» хоккей клубтары аталды. 

Сондай-ақ 20 өнеркәсіп кә­сіпорны мен АӨК нысаны, жалпы саны 14 университет, колледж және басқа білім беру объектісі сатылуға тиіс. Жеке­шелендіруге шығарылатындардың ішінде екі МӨЗ – Атырау мұнай өңдеу зауыты, Павлодар мұнай-химия зауыты, сондай-ақ әскери техника шығаратын «Семей Инжиниринг» АҚ зауыты, Петропавл ауыр машина жасау зауыты, «Тау-Кен Алтын» алтын өңдеу зауыты және басқа да көптеген алпауыттар жетерлік.

Үкімет мемлекеттің эконо­мика­дағы үлесін азайту бағытында бірнеше жылдан бері тоқтаусыз әрекет етіп жатыр. Бұған қатысты Президенттің саяси ерік-жігері, қойған міндеті бар. Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің дерегінше, жекешелендірудің алдыңғы толқыны мемлекеттің экономикадағы үлесін 14,2%-дан 13,7%-ға дейін азайтыпты. Жаңа жекешелендіру науқанының мақсаты – бұл көрсеткішті 2029 жылға қарай 13,2%-ға дейін кеміту. Кейбір дамыған елде мемлекеттің араласу үлесі 5% маңайында ғана.

Айхан ШӘРІП