Жыл аяқталар тұста Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі үкіметаралық комитетінің 20-сессиясында «Киіз үйді жасау және қолдану дәстүрі» аталымын кеңейту туралы шешім қабылданды. Ал бұл тізімге «Киіз үй тігу» дәстүрі 2014 жылы енгізілген еді. Одан бері де «Қазақтың дәстүрлі домбырада күй ойнауы», «Қазақ күресі», «Асық ату ұлттық ойыны» қатарлы біраз дүние осынау тізімге енген. Ал бұлардың барлығы ұлтпен бірге жасасып келе жатқан, мәдениетіміздің ажырамас бөлшегі болып ғасырлардан ғасырларға жалғасқан мұралар.
Материалдық емес мәдени мұра – қоғамның мәдени бірегейлігінің негізін құрайтын, ұрпақтан-ұрпаққа адам жады арқылы берілетін рухани, зияткерлік, адамгершілік-этикалық құндылықтар мен тәжірибелердің жиынтығы. Материалдық емес мәдени мұраның сақталуы мен ұрпаққа жалғастық табуы, заттық мұраға қарағанда аса күрделі болады. Мысалы, Материалдық емес мәдени мұраны сақтаушы негізгі нысан ол – адам. Егер материалдық емес мәдени мұраны ұстап отырған адам, яғни оны сақтаушы, мұрагер, шебер өмірден өтсе, оның ұстанып отырған мұрасы өзімен бірге өледі. Әлбетте, олар шәкірт, өнерін жалғастырушы мұрагер тәрбиелеген болса, сөз басқа. Дегенмен материалдық емес мәдени мұраның тікелей адам ғұмырымен байланысты болатын тұсы осында жатыр.
Қазіргі таңда Қазақстанның елді мекендерінде рухани мәдени мұраны сақтаушы егде жастағы адамдардың қатарының кемуіне байланысты, түрлі ұлттық құндылықтарымызға жойылу қаупі төніп тұр. Сондықтан Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштерінің тізімі тәрізді материалдық емес мәдени мұралардың тізімі де жүйеленуі керек. Сонда ғана олардың нақты санын, қазіргі сақталу жағдайын, материалдық емес мәдени мұраның қандай түріне жоғалу қаупі төніп тұрғанын анықтауға болады.
Ұлт мұрасын сақтаушы адам екеніне тарихта дәлел жетеді. Айталық, XX ғасырдың ортасына дейін Қазақстанның ауылдық жерлері халқының көбі материалдық емес мәдени мұраның әртүрлі элементтерін сақтады. Мысалы, киіз басу, кілем тоқу тәрізді дәстүрлі қолөнермен шұғылданды, бүгінде бұл мұраларымызды сақтаушылар саусақпен санарлық қана қалды. Урбанизация процесінің қарқынды жүруіне, жастардың жаппай қалаға ағылуына, түрлі себеппен қолөнер бұйымдарына деген сұраныстың азаюына байланысты дәстүрлі қолөнерді жалғастырушылар саны едәуір кеміді. Қолөнер бұйымдарына деген сұраныс көп жағдайда шетелдік қонақтар тарапынан туындап отыр. Өткен ғасырдың аяғында бірегей қазақ кілемдерін шетелдіктер сатып алып, кейін сыртқа әкеткен. Бұрын мұндай кілемдерді әр үйдің төрінен кездестірсек, бүгінде оларды негізінен музейлерден ғана табуға болады. Қазақстанның, негізінен оңтүстік өңірлерінде сақталған дәстүрлі кілем тоқумен айналысатын әйелдердің жасы 60-70-тен асып кеткен. Олар өз өнерін келесі буынға үйретпесе, қазақтың кілем тоқу дәстүрі тек жылнамаларда ғана қалады деген сөз.
Тағы бір мысал айталық. Дәстүрлі музыкалық аспаптарда ән, күй орындау қазақ халқының материалдық емес мәдени мұрасының маңызды бір саласы саналады. Қазақстан аумағында бірнеше күйшілік мектептің бар екені белгілі. Ғалымдардың айтуынша, бұрын түрлі себепке байланысты күйшілік мектептердің жойылып кеткен жағдайлары болған. Бүгінде Қазақстанда дәстүрлі күйшілік мектептердің бірді-екілі өкілдері ғана қалған. Мысалы, Арқа күйшілік мектебінің өкілі Қалкен Қасымов, Маңғыстау күйшілік мектебінің өкілі Әзірбай Өскенбаев пен Сержан Шәкіратов және тағы басқалары. Ал мұндай тұлғалар өмірден озса ел ішіндегі күйшілік мектеп те тоқырайды деген сөз. Рас, консерваторияда бұл мектептердің бағыттары зерттеледі, оқытылады, бірақ олар ел ішіндегі құймақұлақ күйшілер емес, кәсіби мамандар.
Жалпы, материалдық емес мәдени мұраның ұрпақ тәрбиесіндегі рөлін барынша арттыру маңызды. Қазақтың ұлт болып ұйысып, ел болып ірге кеңейтуіне бірден-бір қызмет ететін тетік, сан ғасырлар бойы бабаларымыздың жады арқылы жеткен осы мұра күнделікті өмірде сақталып қалуы керек. Ол үшін рухани мәдени мұра элементтері мен оларды сақтаушылар туралы мәліметтерді қорғау, зерттеу, танымал ету жұмысын Халықаралық конвенция мен ЮНЕСКО-ның талаптарына сай жүйелі жүргізу қажет.
2003 жылғы 17 қазанда Парижде жасалған «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы» конвенцияны Қазақстан Республикасының Үкіметі 2011 жылғы 1 маусымдағы № 613 қаулысымен ратификациялап, Үкіметтің 2013 жылғы 29 сәуірдегі № 408 қаулысымен, 2013-2016 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында материалдық емес мәдени мұраны қорғау және дамыту жөніндегі тұжырымдама қабылданғанымен, ол жай қағаз жүзінде қалғанын ашық айтуымыз керек.

Шетелдік тәжірибені ескерсек, Еуропада, атап айтқанда, Ұлыбританияда, Францияда және Германияда материалдық емес мәдени мұраларды қорғау, ең алдымен үкіметтің басшылығымен қаржылық қолдау арқылы жүзеге асады, ал АҚШ-та федералды үкімет штаттарды, кәсіпорындарды, мекемелерді және жалпы жұртшылықты заңнама мен үкімет арқылы материалдық емес мәдени мұраны қорғауға шақырады. Қытай 2011 жылдан бастап материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы арнайы заң қабылдап, мемлекет халықтың мәдени мұрасын сақтау бағдарламасын іске асыра бастады. Көптеген мұрагер мемлекеттің қаржылық қолдауы, заңнаманы жетілдіру және басқа да әдістер арқылы материалдық емес мәдени мұраны аса жоғары деңгейде сақтап отырғаны байқалады.
Материалдық емес мәдени мұра заңын қабылдаған ТМД елдері қатарына Әзербайжан, Армения, Қырғызстан, Молдова және Түрікменстан кіреді. ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясы 2013 жылы «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы» заң қабылдады.
2024 жылы Өзбекстанда «Материалдық емес мәдени мұраны қорғауды, ғылыми зерттеуді және насихаттауды дамыту жөніндегі қосымша шаралар туралы» президенттің жарлығы қабылданды. 2024 жылы материалдық емес мәдени мұраны сақтаушыларға ай сайын 5 миллион сом төленеді.
Халықаралық конвенцияда материалдық емес мәдени мұра бірнеше салада көрініс тапқан. Атап айтқанда, материалдық емес мәдени мұраның тасымалдаушысы ретінде тілді қоса алғанда, пайымның дәстүрлері мен нысандары, орындаушылық өнер (ән, күй, жыр, жоқтау, сыңсу, қараөлең, жарапазан, жұмбақ-жаңылтпаштар, тақпақ, бата, бәдік-күләпсан), әдет-ғұрыптар, салт-жоралар, мейрамдар қарастырылады. Сонымен бірге табиғат пен дүниеге қатысты білімдер мен әдет-ғұрыптарда, дәстүрлі кәсіптермен байланысты білімдер және дағдылар да материалдық емес мәдени мұралар қатарына кіреді.
Қазақстан – Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің тікелей мұрагері. Еліміздің өткені мен бүгіні, болашағы рухани мұрамызбен тікелей тамырлас екені даусыз. Біз болашаққа сеніммен қадам басуымыз үшін, төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, рухани мәдени мұрамызды сақтап, оны дәріптеуіміз қажет.
Қазақстанның «Материалдық емес мәдени мұра туралы» заңын қабылдау материалдық емес мәдени мұра элементтерін сақтау, пайдалану, танымал ету және мемлекеттік қорғау саласындағы қатынастарды реттеуге көмектеседі. Сондай-ақ әрбір Қазақстан азаматының мәдени құндылықтарға қол жеткізуге конституциялық құқығын және әрқайсысының материалдық емес мәдени мұраны сақтауға қамқорлық жасау конституциялық міндетін іске асыруға, халықтар мен өзге де этникалық қауымдастықтардың өздерінің мәдени-ұлттық ерекшеліктерін сақтауға құқықтарын іске асыруға бағытталған.
Соңғы жылдары бірнеше облыс материалдық емес мәдени мұраның келешек ұрпақ үшін маңызын түсініп, рухани мұраларды және оларды сақтаушы мұрагерлерді қорғау, қолдау мақсатында жемісті жұмыс істеуде. Мысалы, Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстары осы сала бойынша арнайы жоба жариялап, кешенді түгендеу экспедицияларын ұйымдастырды.
Ақтөбе облысы әкімінің тікелей қолдауымен өтетін «Сыбаға» фестивалі – жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған маңызы зор мәдени іс-шара. Бұл Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасының бірнеше бағытын жалпы халыққа және жас ұрпаққа насихаттауға бағытталған.
«Сыбаға» фестивалінің негізгі мақсаты – қазақ халқының дастарқан мәдениетін, қонақжайлылық дәстүрін, ас беру мәдениетін, ұлттық тағам түрлерін және этнографиялық мұраны кеңінен таныту. 2025 жылдың 4-6 желтоқсаны аралығында осы «Сыбаға» фестивалі Ақтөбе қаласында өте жоғары деңгейде өтті. Материалдық емес мәдени мұраның «ұлттық тағам», «ұлттық киім», «ұлттық өнер», «ұлттық қолөнер» қатарлы төрт бағыты бойынша облыс көлеміндегі мұраны сақтаушы жекелеген мұрагерлер мен қоғамдастықтарды тарта отырып, 3 күн бойы Ақтөбе жұртына аталған құндылықтар бойынша шеберлік сыныптар дәріс түрінде өткізілді. Бұл облыс орталығындағы білім және мәдениет саласы қызметкерлерінің материалдық емес мәдени құндылықтарды практикалық деңгейде насихаттауына зор мүмкіндік береді деуге болады. Фестивальдың бірінші күні – «Тағылым»; екінші күні – «Дәстүрлер жаңғырығы»; үшінші күні «Салбурын» атауымен белгіленген. Тағы бір маңызды шара 4-6 желтоқсан күндері ауыл-аймақтарда қазақ дәстүрі бойынша соғымның сыбағасы таратылып, адамдар арасында бір-біріне деген құрмет көрсетілді.
«Сыбаға-2025» фестивалінің «Тағылым», «Дәстүрлер жаңғырығы», «Салбурын» тақырыбындағы шаралары ұлттық өнердің кең тынысын көрсетіп, дәстүр мен жаңашылдықты үйлестірген материалдық емес мәдени мұраның бірнеше саласын жас ұрпаққа насихаттауда, толыққанды мәдени іс-шара ретінде жоғары бағаланды.
Ардаби МАУЛЕТ,
Ұлттық музей Мәдени-
мұраны ғылыми-зерттеу
институты қазақтың дәстүрлі
мәдениеті бөлімінің жетекшісі